» » Өзіңнен шыққанды өзегінен теппе!

Өзіңнен шыққанды өзегінен теппе!

«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деп тұжырымдаған ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген ғой. Кейінгі кездері БАҚ құралдарымен әлеуметтік желілерден жан түршігерлік жағдайларды көріп, жағамызды ұстайтын болдық. Соңғы кездері «күйеуі әйелін ұрып өлтіріпті» немесе «баланы зорлап кетті», «баласын саудалапты», «сәбиді қоқыс жәшігіне тастап кетіпті», деген секілді, қазақтың маңдайындағы соры қалың, қатпары қою мәселелер көбейіп бара жатыр. Бұрындары мұндай оқиғалар жан түршіктірсе қазір халықтың еті үйреніп кетті ме, қоғам да селт етпейді. Мұндай сорақы құқық бұзушылыққа қалай төзуге болады? Көпшілік болып көз жұма қарап отыра бермей бір амаләрекетіне көшу қажет емес пе?


Жуырда ғана бір жас ананың шақалақ баласын «махаббатсыз туылған бала» деп шырқыратып ұрып үйіне жалғыз тастап кеткені үшін аналық құқынан айрылған жағдайды әлеуметтік желіден көріп білдік. Бала тәрбиесі тақырыбын жан-жақты зерттеп жүрген ғалымдардың пікірінше, баланы ұрып-соғу көптеген келеңсіз жайттарды тудырады. Үнемі таяқ жеумен өскен баланың психикасында көптеген ауытқушылықтар болады. Әдетте мұндай балалар бұзақылықты көзден тасада жалғастыра береді. Яғни, баланы үнемі таяқтап отыру – қате әрекет. Еркеліктерінің арты шапалақпен аяқталып отырса, ондай баланың ата-анасына деген аяулы мейіріміне сына түседі. Қатыгездене бастайды. Бірден жұдырықтың көмегіне жүгінбей, неліктен мұндай қателікке барды, соны білген дұрыс. Сонан соң бұл ісінің дұрыс емес екенін түсіндіріп, алдағы уақытта қайталамауға шақыру керек. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі нешеме рет қателесіп, нешеме рет келеңсіз жайттарға кез болып жатамыз. Сондықтан да баланың шалалығына кешіріммен қарап, басынан сипап, арқасынан қағып тәрбиелеу, мінеки, бұл өте жақсы әдіс. Бала әке-шешесінің тілін алмай жүрсе, оның себебін үлкендер әуелі өздерінен іздеуі керек. Мүмкін, үйдегілер жақсы үлгі көрсете алмай жүрген шығар. Басқа бір жағдайлар әсер еткен болуы да мүмкін. «Сен жаман баласың» деген сөзді естіп өскен бала қайдан жақсы адам болып шықсын?! Бұл тұрғыда ата-аналар тілдеріне өте абай болуы керек. Кейде қатты ашуға беріліп, туған баласын қарғап-сілеп жататын ата-ананы да кездестіріп қаламыз.

Адам болғаннан кейін аяушылық болуы керек емес пе? Қатыгездік қазақтың жанынан жат нәрсе еді ғой. Біз қариясын құрмет тұтатын, жетімін жылатпайтын ұлттың ұрпағымыз. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе!» дейтін. Ал қазір «Ел болам десең, интернетіңді түзе!» деп айтуымызға тура келіп тұр. Неге десеңіз, интернет құрал ретінде өзінің технологиялық кереметтігі жағынан көп пайдасын тигізіп жатқанмен, одан едәуір деңгейде зиян да шегіп отырмыз. Бұл мәселенің бірнеше жағы бар. Өкініштісі, келеңсіз жағдайлар көбейіп барады. Мұндай жағдайларға қалай ғана бей-жай қарай аламыз? Ойланып көріңізші, онда тұтас бір ұлттың тағдыры мен болашағы жатыр емес пе?

Шындығын айтайық, осыдан жиырма жылдай бұрын тіршілік ауаны басқаша еді. Әке түгілі, үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпейтін кішінің өнегесі сүйсінтетін. Жасы үлкеннің бетіне тіке қарап сөйлеуге бата алмаушы едік. Заман дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгерген секілді. Сөзіміздің дәлелі, қазір елімізде қараусыз балалар көбейіп, қолайсыз отбасылар көбейді. Қазақ халқы үшін кезінде сүйекке таңба саналатын отбасының ажырасу жағдайлары бүгінде әдетке айналып кетті. Бір қынжыларлығы, бүгін үйленіп, ертең ажырасып жататын жағдайға көзіміз үйреніп, көңіліміз түршікпейтін болды.

Біріккен ұлттар ұйымының «Гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» мәселелері жөніндегі құрылымы Қазақстанда жылына 400-дей әйелдің отбасылық ойранның құрбаны болатынын жариялады. Деректерге сүйенсек, соңғы төрт жылда әйелдер мен балаларға қатысты зорлықзомбылық 90 пайызға өскенін көреміз. Әуелден ұлт мүддесі мен тәрбиесіне, ұрпақтарының болашағына ерекше мән беретін қазақ отбасыларында ауыр оқиғалардың белең алуына не себеп?

Қазір қылмыстық деректерді шолып шықсаңыз, қасақана кісі өлімі дегенді жиі көзіміз шалады. Бұған жанымыз қаншалықты ауырғанмен, әзірге қолдан келер дәрмен болмай тұрған жайы бар. Әрине, қолыңды кесе алмайсың, басқа қандай әрекет жасай аласың? Еріксізден тіліңді тістеп, бас шайқағаннан өзге амалымыз кәне?

Басқа жақты қайдам, қазақылық қаймағы бұзылмаған Сыр өңіріндегі қылмыстық деректерді тізбелеп көрсек. Мәселен, былтыр облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа түскен қылмыстық істің 65 пайызын қасақана кісі өлтіру деректері құрайды.

Аталмыш қылмыстық фактілердің арасында басқа-басқа ата-анасына ажал құштырған жағдайлар да тіркелді. Ау, өзіне жарық дүние сыйлаған аяулы жандарға қалай қолын көтеріп, жер жастандырады? Қазіргі ұрпақтың арасында ондай ізгі сезімдерді аяқасты етіп, күні ертең не боларын таразыға тартуға селсоқ қарайтын жастар баршылық. Айналып келгенде, барлығы тәрбие мәселесіне келіп тірелетін тәрізді. Оларды бала шағынан имандылық жолына баулып, жақсы тәрбие бере білсең, ер жеткенде көзіңнің қарашығындай желкілдеп өскен жеткіншегің алдыңнан қия басып өте қоймасы анық. Баланың тағдыры ес білген кезінен бастап ата-ананың тәрбиесіне танулы. Осындайда өзінде ой жоқ, нашар әдетке салынған әкелер балаға қандай тәрбие береді? Ата-бабамыз астың адалдығына мән берген. Әрине, арақ жүрген жерде жақсылықтың бола бермейтіні тағы бар. Тіпті, кейде ойға қаласың, қазақтың бойындағы көптеген асыл қасиетті сол жаман әдет мүлдем жойып жіберді ме деп ойға бататынымыз рас.

Осы тұста ауданда 51 қолайсыз отбасы есепте тұратынын білдік. Оның 14-і кентте, қалғаны елді мекендерде. Егер бір отбасы қалыпсыз күйге түсіп, балалары қараусыз немесе қауіпті жағдайда екені, нақтыланған жағдайда ол отбасы жайын жан-жанты зерделенеді. Қолайсыз отбасылар жағдайы заң қызметкерлерімен ортақ саралана отырып, әсіресе жеткіншектер қауіпсіздігі назарға алынады. Бұл жөнінде аудандық полиция бөлімінің капитаны Ермұхамед Әбдраманов былай дейді:

– Әйелдерге қатысты зорлықзомбылық жасалғандығы жөнінде хабарламалар негізінде, жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушымен қарым қатынасты шектеу мақсатында жыл басынан 134 тұлғаға қатысты 30 тәуліктік қорғау нұсқамалары шығарылып, осы талаптарды бұзған 15 тұлға әкімшілік кодекстің 461 бабымен жауапкершілікке тартылды. Отбасы тұрмыстық қатынастары бойынша 73-1 бабымен 79 адамға шара көрілді. Жоғарыда көрсетілген істерді қарау барысында, сот зорлық-зомбылық әрекеттерді қайталауға бейім 40 тұлғаға 1-айдан 3-айға дейінгі мерзімге ерекше талап белгіледі. Отбасы жанжалын шығарған 174 тұлға профилактикалық есепке алынып олардың мекен жайлары тексеріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл құқық бұзушылықтың көбі үй жағдайында алкогольдік масаң күйде жасалғандықтан, алкоголизмнен еріксіз емдеу орындарына 8 тұлға орналастырылды, – дейді ол.

Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үйде, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлықзомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып келуі мүмкін.

Осы тұста, Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаевамен тілдесіп, нақты ақпаратты білуге тырыстық.

– Ауданда ажырасу деңгейі жоғары. 2022 жылы отбасылық зорлық-зомбылық, яғни әйелін ұрып соққаны үшін 86 әкімшілік құқық бұзушылық ісі түссе, оның 25-не түрлі әкімшілік жазалар қолданылған. Ал, 61 жағдай өзара татуласып, әйелі күйеуін кешірген. Осы жылдың, яғни 2023 жылдың 10 айында 95 шағым түсіп, 23 әкімшілік жаза қолданылса, 72 жанұя өзара татуласқан. Байқағанымыздай, жылдан жылға отбасындағы зорлық-зомбылық көбейіп барады. Меніңше, отбасы беріктігі – әйелге көп байланысты. Ол ана ретінде басқа түскен ауыртпалықты, отбасына келген қиындықты нәзік болмысымен, күш-қайратымен, сабырлығы және шыдамдылығымен жеңсе, жанұя бақытын сақтап қалары сөзсіз. Осы сәтте, жас аналарға, әпке, сіңілілерге жүректе сүйіспеншілікті сөндірмей, отбасы түтіні түзу ұшуы үшін инабаттылық қажет екенін айтқым келеді, – дейді ол.

Иә, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жылдың басында он отбасы отау тіксе, соның жетеуі ажырасып үлгереді екен. Бұған не амал жасауға болады? Еліміздегі психологтар отбасын сақтап қалуды түрлі әдіс-тәсілдерін айтып, ой бөлісіп жүр. Сол себепті, де аудандағы белді психолог Аида Айнахожаевамен сөйлесіп, ойын білген едік.

– Біздің ата-бабаларымыз ұл-қыздарына өте жақсы тәрбие бере білген. Ұлына болашақ әке ретінде, қызына болашақ ана ретінде қарап, үлкен өмірге бейімдеген. Сондықтан әрбір ата-ана өз баласына дұрыс қарап, болашағын бесіктен бастаған жөн.

Қалыңдық таңдау кез келген азаматқа жауапкершілік артатын іс. Қандай жағдай болмасын, ажырасу деген жақсы ат емес. Сондықтан жастарымыз бәрін ақылға салса, туған-туыстың абыройын ойласа, араларындағы балаларын жаутаңкөз етпей, бірігіп тәрбиелесе дейсің. Қазір жастар заңды-заңсыз некеге тұра береді де, соның салдарынан ажырасқанда дауласып жатады. Бұл неке құру мен ажырасуда халықтың көпшілігінде сауат аз дегенді білдіреді.

Елімізде отбасы құндылықтарын заманға сай дұрыс насихаттау және некеге тұру мен ажырасудың жауапкершілігін сезінуді үйрену бағытында көптеген жұмыстар қолға алыну керек. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырыс кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрыс кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаса керек. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда өзіңмен бірге болып, тұрмыс кешетін, ұрпағыңды өсіретін отанасы және отбасының тірегі бола білетін отағасын таңдау оңайға түспейді. Сондықтан да ертеңгі күні өкініп қалмас үшін, жеті рет өлшеп, бір рет кесетін жастарымыз көбейіп жатса, еліміздің ертеңі еңселі болатыны сөзсіз.

Бала тәрбиесіне салғырттық таныту – қоғамның айықпас дерті. Мемлекет ата-ана тарапынан кетіп жатқан өрескел қылықтарға аса мән беріп, адамдық жолдан жырақ кетпеуін ұдайы қадағалап отыр. Себебі, «көрінген таудың алыстығы жоқ», бала ертең өседі, ер жетеді. Ошақ қасы – отбасыдан көргенін санаға түйіп, білгенін көңілге тоқиды. Ол аз болса, көргенбілгенді ісімен дәлелдейді, – деп өз ойын ортаға салды психолог маман.

Иә, адал менен арамның, жақсы менен жаманның аражігін ажырата алатын парасатты ұрпақты тәрбиелеу – жарық дүниені сыйлаған ата-анасының парызы. Демек, бала тәрбиесіндегі ең басты тұлғаға артылған міндет пен жауапкершіліктің орны бөлек. Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлықзомбылыққа орын болмас еді.

Дамыған мемлекеттерде заң қатал, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде зорлық-зомбылық жасаған адам ең қатал үкім – ату жазасына кесіледі. Заң қанша қатаң болғанмен, оларда қылмыс жоқ деуге болмайды, бірақ жазасы қатаң болғандықтан, заң бұзушылық сирек. Халық мемлекеттің заңын құрмет тұтады және оның талабын мүлтіксіз орындайды. Заң қатал болған сайын тәртіпке бағыну да күшейе бермек. Әрбір адамның жүрегіндегі екінші Меккесі – отбасы. Алайда, барлық адам өз отбасында бақытты, баянды өмір сүріп жатыр деу жаңсақтық болар. Себебі, отбасы құндылықтары қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық өмірдің көлеңкесінде қалып, адамдар руханияттан гөрі материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге күш салып жатыр.

Әсел Рзаева

28 қараша 2023 ж. 330 0