№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өсер ұрпақ ұстазын ұлықтайды

Өсер ұрпақ ұстазын ұлықтайды

«Мәуелі ағаш жеміс берген сайын иілгіш келеді» деген тәмсілдің тереңіне бойласақ, парасатты болмыстың табиғатында қарапайымдылық басым болуы тегін емесін сеземіз. «КСРО Білім беру ісінің үздігі», «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ұлағатты ұстаз Зинабдин Шермағанбетовтің тау тұлғасынан тектілік пен парасаттылықтың биігін байқаймыз. Ұлағатты ұстаз 80 жасқа толған шағында өзі оқыған әрі басшылық жасаған білім ордаларында кездесу кешін өткізіп, сырлы сұхбат өрбіткен еді. Соның бірі – кіндік қаны тамған атақонысындағы өзі алғаш сауатын ашқан Кеңес ауылындағы №239 Төлепберген Әбдірашев атындағы мектепте өткен «Ұлағатты ұстаз жолы» атты рухани танымдық шара еді.

Көптің көңілінде ақыл-парасаты терең, рухы биік, көзқарасы кемел тұлға ретінде қалыптасқан тұлғаның мерекелік кешіне келгендердің қарасы көп. Расында, кең мінез келбетіне жарасып тұратын ел ағасының адамгершілігі, кемеңгерлігі, бекзаттығы, кішіпейілдігі үшін ел-жұрты сыйлайды, құрметтейді, Зәкең деп жақын тұтады.

Шығармашылық кеште сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев, ауыл ақсақалдары Нәлібай Құрбаназаров, Абибулла Ақымов, Жәдігер Әбдіразақов, Барыс Бөрібеков, Бұзаубай Асанов және ардагер ұстаз Гүлнар Егізбаевалар өз естеліктерін айтты.

Осы кешке Бақтияр Төлепбергенұлы қатысып, әкесінің атындағы білім ордасына тәу етіп келгенін айтты.

Туған жеріне сағынышпен оралған Зинабдин Шермағанбетов ерекше рухтанып, киелі топыраққа табаны тигеніне шүкіршілігін айтты.
– Менің балғын балалық шағым осынау Қаратау бөктерінде өтті. Біздің кезімізде балаларды молда оқытатын, онда да бос тұрған әр үйді паналап, мектеп ететін. Төртінші сыныпқа өткенде №54 мектепке қабылданып, оқуымды жалғастырдым. Бесарық өзенін қақ жарып өтіп оқу оңай емес еді. Лай, тасқын кезінде мектепке жете алмайтын едік. Міне сол қиындықтар бізді тұлға болып қалыптастырды. Екі ауылдың балалары арасында кейде кикілжің, кейде бәсеке, кейде күш сынасқан шақтар болды. Бірақ соңында татуласып, жағдайды ушықтырмайтынбыз.

Одан кейін жоғары оқу орнына түскенімде анам қол мәшинемен-ақ пішіп тіккен көйлекті киіп, үлкен арманмен қалаға келдім. Анам тігіп берген көйлегім елден тұлғамды ерек етіп, сымбатыма ажар қосты. Қазір ойлана қарасам, сол көйлек менің ата-анамның ақ батасы екен. Менің талайғы тауқыметтен аман шыққаным да анамның ақ пейілі мен әкемнің ақ батасы дер едім.

Мерейтой иесінің дара жолын өрнектеген суреттерден тұратын көрмені мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Бекбол Жаманбалаев таныстырса, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Тұрғанбаева мәдени шараның жоғары деңгейде өтуіне күш салды. Рухани кеште ұлағатты ұстаздың «Өткенім өлшем болар өміріме» атты кітабында жарық көрген «Жаңа мектеп құт болсын ауылыма» өлеңін 8- сынып оқушысы Қымбат Бектөре жатқа оқыды. «Алғыс, елдің бәріне» әнін әуелете шырқаған Елерке Бердібекқызына елдің ықыласы білінді. Ардагер ұстаз, ақын Ханымкүл Нұрмағанбетованың арнауын 5 сынып оқушылары оқыды.

Мерейтой иесі мектепте оқыған шәкірттік кезең мен мектеп директоры міндетін атқарған сәтіндегі суреттерін және өзінің өмірдерегі мен тағылымды шығармашылығы топтастырылған кітабын мектеп директоры Асқар Жүсіпбаевқа табыстады.

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

Ұлағатты ұстаздың мерейтойы өзі білім алып, әрі ұзақ жылдар басшылық еткен, жалынды жастық шағының куәсі болған қарашаңырақ Жүсіп Қыдыров атындағы №54 мектепте өрбіді. Осы басқосуда ашық әңгімелер айтылып, ел біле бермейтін асыл қасиеттері сөз болды.

Мектептің кіреберісінен-ақ айқара құшақ жайған жаны жайсандар жылы шыраймен жүздесіп жатты. Мектептің фойесінде жасақталған көрмеде құнды жәдігерлер мен суреттер қойылыпты. Екінші қабатқа шыққан тұста әйгілі режиссер Қалила Омар бастаған бір топ операторлар деректі фильм түсіріп, ұстазбен сырлы сұхбат өрбітті.

Сұхбатта Зинабдин Шермағанбетұлы балалық шағын, жастық кезін тәттіштеп айтып берді. Әріптестерінің арасындағы сыйластық пен сыныптастар арасындағы достық жайында сөз болды.

Шығармашылық кеште сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов, аудандық білім бөлімінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Аллаберген Ахметов, әріптес-дос ретінде сыйластығы үзілмеген үзеңгілестері – «Қазақ тілі» қоғамының Жаңақорған аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев, ақын Файзулла Сахиев, шәкірттері атынан Арман Әлпейісұлы, № 54 мектеп директоры Мұхтар Мелдебеков, ауыл әкімі Әлібек Абдуллаевтар мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Мен еңбек жолымды 1965 жылы №3 мектеп-интернатта 1-сыныпқа тәрбиешілік пен ән-әуез пәнінен сабақ беруден бастадым. Жұмыс қызық әрі қиын болатын. Отбасынан сыртқа шықпаған малшылардың балалары мені жақын тұтып, бауыр басты. Күні бойы солармен бірге болып, үйге түнгі 10-11-де қайтатынмын. 1975 жылы №54 мектептің тізгінін ұстадым, – деп бастады әңгімесін ардақты ұстаз.

Рухани кеште ұлағатты ұстазға арналған жергілікті сазгер Құлахмет Нәлтаевтың «Аман жүрші, жан аға» әнін әнші Олжас Ормахан орындап, тыңдарманның жүрегіне жеткізді. Сахнаның төрінде ұстаздың жалынды жастық шағынан бейнеролик тамашаланды. Бірге қызмет еткен ұстаздар мен сыныптастары естеліктер айтты. Оның ішінде Гүлжауқар апа: «Зинабдин Шермұқанбетұлы өте тәртіпті, үздік оқушы болды» десе, әріптесі Айымкүл Нәлтаева мерейтой иесіне арнап әннен шашу шашты. Көптен бері көріспеген игі жақсылар жастық шағына саяхаттап, жақсы күндердің ғажайыбын айтып, өскелең ұрпаққа жақсы адамның ізі жақсылыққа бастайтынын меңзеді.

***

Сейсенбі күні Зинабдин Шермағанбетов өзі он жылдай басқарған аудан орталығындағы №3 мектеп интернатының ұжымымен кездесті. Ардагер-ұстазбен бірге аудандық ардагерлер кеңесі төрағасы Өмірсерік Тақырбасов бірге болды.

Қадірменді ұстаз сөз басын мектеп тарихынан бастап түпқызығы 1964 жылы қаланған білім ошағын ширек ғасыр уақыт басқарған Әбіласан Әшірбековтың, одан соң мектеп директоры болған Арасат Фейзулдаевтың еңбектеріне тоқталды. Оларға арнайы мұражай ашқанын айтып, бірақ кейін сол рухани орталықты жауып тастаған тұлғаларға ренішін де жасырмады.

Зинабдин аға ең алғашқы еңбек жолын осы мектеп-интернатында тәрбиеші болып бастағанын және осы жерден зейнетке шыққанын мақтанышпен айтты. Мектеп интернатының мұғалімі, ақын Ұланбек Бексаба ұстаз-ағаға жүрекжарды арнауын оқып берді.

Сәрсенбі күні ұстазға құрмет аудан орталығындағы Манап Көкенов атындағы Мәдениет сарайында «Ұлағатты ұстаз жолы» атты рухани кешке ұласты.

Кеш басталмас бұрын Зинабдин Шермағанбетұлы мен жары Зөреш Сапабекқызы құрметпен сахна төріне жайғасты. Кеш иесін мерейтойымен құттықтау үшін мінберге көтерілген аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы сөзін төмендегіше сабақтады:
– Қазыналы Қаратау мен сұлу Сырдың бойында туып-өсіп, еліміздің дамуына үлкен үлес қоса білген тұлғаларды дәріптеу бүгінгі ұрпақтың міндеті. Солардың бірі де бірегейі «Құрмет» орденінің иегері, КСРО және КСР оқу ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин» және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы» Зинабдин Шермағамбетұлы ортамызда. Сізді ғұмырыңыздың биік белесі – сексен жасқа толған мерейтойыңызбен аудан халқы атынан шын жүректен құттықтаймын, – дей келе ұлағатты ұстаздың еңбек жолымен таныстырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аудан әкімі орынбасары ретінде елдегі қиындықтарды еңсеруде өзінің жұмсақ мінез, жылы сөзіменақ тығырықтан жол тауып, елді сабырлылыққа, ізгілікке үндей білген парасатты тұлғаның гуманизмге толы парасатты болмысына да тоқталып өтті. Одан әрі Зәкеңнің ауданның бас ұстазы ретінде білім саласындағы жетістіктерін ел есіне салды. Қай салада болсын іскер ұйымдастырушылық қасиетімен танылған тұлғаның бірнеше рет Мемлекет басшысының Алғыс хаттарын иеленуі, қарапайым елдің сенімінен шығып, халық қалаулысы ретінде атқарған қызметіне де тоқталды. Білім-ғылым жолына тәрбиелеген шәкірттерінің биік шыңдарды бағындырып, қазақ ғылымының өсуіне үлес қосқанын айта келе, туған халқының алдында әрлайым ақылшы аға, ел ардақтаған абыройлы ақсақал болып жүре беруіне тілектестігін білдірді. Ел ардақтысын Жаңақорған ауданының Құрмет Грамотасымен марапаттап, Зөреш апа екеуіне арнайы сый-сияпатын табыстады.

Одан әрі мерекелік көңіл-күй, еркін жүздесу рәуішінде өткен кеш тізгінін өнертанушы, жырау Марат Сүгірбай қолына алды.
Ол мерейтой иесінің «Өмірім өлшем болар өміріме» деп аталатын кітабында айтылған тарау-тарау ой-толғамдарына кезек беріп, кеш иесінің жалпы ғұмырынан сыр толғады. Мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зинабдин Шермағанбентовтың ақындық та, әншілік те қырына кең тоқталды. Өзі өткен өмр жолынан жазылған баянында жұмысты өзім атқардым демей, біз бірге атқарып едік деп тұтас бір дәуір толқынының өмір шежіресін түзген автордың кішіпейіл мінезіне таңырқағанын да жасырмады. Ол кітаптағы Әскербек Рахымбеков, Нұрмахан Елтайдың еңбектеріне тоқталды. «Сыр сұлуы» ансамблі Сыр өңірінің тарихының бір бөлшегі болса, сол ансамбльдің мүшесі болған, көзі тірі куәгері – Зөреш апайымыз туралы да жылы лебіздерін арнады. Жергілікті композитор, Мәдениет саласының үздігі Құлахмет Нәлтаевтың Зинабдин ағаға арнап жазған әні «Жан аға» әнін Бақыткүл Тасқожаева орындауында тыңдалды. Арман Дүйсеновтың «Ағажан» әнін Сайрам Ділманов пен Кенже Әкімбаева орындады. Ауыл кітапханасындағы әдеби кітаптарды оқушы кезінде түгел түгескен Зинабдин ағайдың «Абай жолын» оқымағанға аттестат берілмейді деп талап қоюын да түсінуге болады. Кеш барысында ұстаз-ағаның осы қырына тоқталған әріптесі Шолпан Мажитованың сөзі көп жүрегінен орын алды. ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, ел ағасы Ермағанбет Әсенұлы құттықтауын төмендегіше жеткізді.

– Ұстаз тойы – халықтың тойы. Қарапайымдылық пен қайырымдылықтың қаһарманына, білімділік пен біліктіліктің бапкеріне айналған, обал, сауап, ынсап деген қасиетті бойына сіңірген тұлғаның шәкірттері қатарында мен де бармын, – деген ел ағасы өткен күндерге сәл шегініс жасады. Сегізіншіні бітірген соң ауылда орта мектеп болмағандықтан Талап ауылындағы мектеп-интернатында жатып оқитын болдым. Зинабдин ағай мен Зөре апамыздың әлеуетімен мектепте тұтас рухани орта қалыптасқан екен. Зинабдин ағай драмхор және үрмелі аспаптар үйірмесін ашыпты. Барлығымызды өнерге үйіріп әкеткен қос ұстазымызды көзімізден қалт жібермеуге тырыстық. Интернаттың терезесінен Кеңес ауылы жақтан келе жататын ағайапайымызбен амандасып қалу мәртебе. Сонда аға қоңыр даусымен: «Интернатта халдерің қалай? Қарындарың тоқ па? Ешкім тиісіп жүрген жоқ па?» деп үнемі жағдайымызды біліп отыратын. Кітап оқырмандары конференциясын ұйымдастырып, соңы дебатқа ұласып оған ата-ана да қатысып кететеін. Оныншыны бітірген соң инженер болам деп жүрген басым мұғалім болуға шешім қабылдадым. Соған жол көрсеткен осы аяулы ұстаздарым. «Мәйекті жерге мәуелі бәйтерек өсер» дегендей, ағаның ұл-қыздары да өнегесін жалғап келеді, – деді ол.
Шараның соңы әдемі ән шашуларға ұласты.

Баян ҮСЕЙІНОВА, Мақпал МАРҚАБАЙ

25 қараша 2023 ж. 301 0