№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ер азаматқа ептілік тән

Ер азаматқа ептілік тән

Қазіргі қоғамда көп талқыға түспейтін, бірақ ел арасында етек алып бара жатқан көлеңкелі құбылыс – ер-азаматтардың еңсесі бүгіліп, ез мінезді болып бара жатқандығы. Тоқ етерін айтқанда, бір жыныстылыққа жүгінген жүгенсіздік қала тұрмақ ауылдарды жайлап барады. Бұл ауытқу синдромы немесе психологиялық дерт турасында кәсіби мамандардың пікірін біліп, дін өкілдерімен де ой бөлістік.

Ел болып, игi дәстүрiмiздi жаңғыртуға мүмкiндiк алып, көшімізді түзедік пе деген шақта Батыстың былыққан мәдениетiне «жерiк» болған жастар көбейгені жан ауыртады. Тiптi орта жастағы ақыл тоқтатқан азаматтардың кейбiрi айтуға ауыз бармайтын ұятсыз әрекеттердi шiмiрiкпестен жасайтынды шығарды. Бес күн жалғанды жанын қалағанын жасаумен өткізіп, білгенін істеуге бейiл батыстық өмiр салтына қызығушылар күннен-күнге небiр кәззап қылықтардың түр-түріне тереңдеп барады.

Әу бастан әдепсіздігімен, тағылығымен талайды жирендірген, менмен менталитетке қызығудың түбі мәдени жұтауға соқтырмақ. Батыстың бейәдеп еркіндігіне әуес еуроцентристік ниеттегі қоғам атаулы азғындық моральді ту етіп көтеруде. Бір жынысты махаббатты заңдастырып, неке қиюға рұқсат берген Ұлыбритания, Нидерланды секілді елдерден «тәрбие», «үлгі» алуға әуес қазақ елінде де сондай құбылыстар соңғы кездері көптеп көрініс бере бастады. Енді мамандардан кеңес алып көрейік, әуелі психологтармен кеңестік. Білікті мамандар аталмыш аурудың жастардың бойында кездесуі жүйкедегі ауытқушылықтан болуы мүмкін дейді. Ал екіншісінде туа бітті қалыптасқан, үшіншісінде, қоғам мен қоршаған ортаның ықпалынан деген тұжырым айтылуда.

– Бұл негізінен психологиялық ауытқу да болуы мүмкін. Өйткені, адам өмірден түңіліп немесе өмір ләззатын, жан тыныштығын іздегенде осындай әрекеттерге жиі барады. Ол бала бойында қанмен де, ер жете келе де байқалады. Шыны керек, ондай жігіттерді қоғам жөнге келтіре алады. Тентекті де түзеген қазақ қоғамы ондай жастарды да жай бастырып қоймайды. Тек заң әлсіз болып тұр, – дейді Бекболат психолог.

Дәрігерлер соңғы 2-3 жылда жынысын ауыстыруға қызығатындар көбейгенін мойындайды. Осы тұрғыда кеңес сұрап келетіндер көбейген. Маманның айтуынша, егер ер балада эстероген гармоны көбейсе, олар гендерлік өзгеріске ұшырайды. Ал, мұны дәрігер емдеуге болады дейді. Ол үшін жетіліп келе жатқан жеткіншектің қылығына атаана зер салып отыруға кеңес береді. Дәрігер-андролог Ернұр Исабекұлы:

–Жынысын ауыстырғысы келетін жігіттер бет-жүзін көрсетпесе де ватсап арқылы байланысқа шығып жататынын жасырмаймын. Кім болсын, бойында қандай да бір өзгерістер болса, тезірек емделген дұрыс. Психологтардың пайымынша, ер азаматтардың бұл жолға түсуіне әйелдердің өзіне тым сенімділігі де себеп. Бұған сарапшылар да қосылады. Олардың саралауынша, отбасында анасы, баласының көзінше әкесін жоғары бағалап, құрмет көрсеткені абзал. Сонда ғана ер бала әкеге еліктейді. Оған қоса, әйелдердің үйдегі және тыстағы бар жауапкершілікті өзіне алуы да бала тәрбиесі үшін өте үлкен қателік дейді.

Тарихты парақтайтын болсақ, қызтекелер мен еркекшора әйелдер бұрыннан-ақ бар болған деседі. Алайда ХХ ғасырға дейін діни заңдар мен өкілдер оларды шеттетіп, іс-әрекеттерін хайуандыққа теңеп, асып өлтіруге дейін барған. Жиырмасыншы ғасырдан кейін олардың генетикасымен ғалымдар айналыса бастайды. Ең алғаш оларды жақтап, олардың теңдігі үшін күрес Карл Генрих Улриктің кітаптарында кездеседі. Замандастары бұл жайлы сөз қозғап және кітап шығарған Карлды басында психологиялық ауытқуы бар деп ойлаған. Бірақ 1973 жылы американдық психиатрлар кеңесі мұндай адамдарды дені сау деген шешім қабылдайды. Ал физиолог ғалымдардың айтуынша, бұл – адам бойындағы физиологиялық ауытқу. Ол ананың құрсағында жатқанда гормондардың ауытқуынан пайда болуы мүмкін деседі.

Рухани дағдарысқа ұшырап, бабалар аманатын сақтай алмай, ұлт құндылығынан ажырамауымыздың себебі неде? Отыз жыл бойы жемқорлық, жағымпаздық жайлаған, ұлттық рухтан жұрдай болған қоғамның жарасын қазір жасыру мүмкін болмай тұр. Телеарналар талай жыл жастардың санасын ұятсыз токшоулармен улап, сайқымазақ шоумендерді, фонограмма жұлдыздарын дәріптеп, тәрбиелік мәні жоқ, бағдарламаларымен рейтинг, жұлдыз қуып кетсе, бұл кесел асқынбай қайтсін?!
Енді асыл дінімізде не дейді? Осыны зерделеп көрейік. Ержан Сейітжаппаров ұстазбен байланысып көрдік.

– Кейбір тойларда қызық болсын деп еркекке қыздың киімін кигізіп билетеді. Ойын үшін, әзіл үшін болса да ер адам зәруліксіз әйелдің киімін кимеу керек. Пайғамбарымыз еркекше киініп, беліне қылыш таққан әйелді көргенде «Өзін еркектерге ұқсатқан әйелдерге және әйелдерге ұқсатқан еркектерге Аллаһ лағнет етсін!» деген. (Табарани) Расулуллаһ аләйһиссаләм аяқ-қолдарына қына жағып әйелдерге ұқсауға тырысқан біреуді сүргінге жіберген. Хадис шәриф келсек: «Ата-анасына қарсы болған, еркектерге ұқсауға тырысқан әйел және бұған рұқсат берген күйеуі жәннатқа кірмейді.» (Нәсаи)
Еркектің әйелдер сияқты шашты ұзын қылып өсіріп, айылбас, алқа, білезік және сырға тағуы, бұлардың барлығы әйелдерге ұқсау болып табылады, "Әйелдің және еркектің шаш үлгісінде, киінуде қарсы жынысқа ұқсауға тырысуы харам болып табылады." (С.Әбәдийа), – деген ол сөзін былай жалғады:
– Әрине, ақырет үшін ауыр күнәлардың төрінде тұратын арам істер аз емес. Дегенмен дінтанушылар қай істе де кешірім бар, тек Жаратқаннан шын жалбарынып, істеген күнәсі үшін кешірім сұраса, барлығы Алла тағаланың қолында дейді.
Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Еркекке ұқсауға тырысқан әйел, әйелге ұқсауға тырысқан еркек бізден емес.» (И.Ахмед) Әйелдерге ұқсау ниеті болмаса да, еркектің мойнына алқа, қолына білезік және құлағына сырға тағуы әйелдерге ұқсау болып табылады. Осы жерде Құран Кәрімде лағынеті Ібілістің Аллаға берген антын оқып көрейік: «Ант етемін! Оларды тура жолдан тайдырамын, және оларды қол жетпес нәрсеге ұмтылдырып, жеткізбейтін желік үмітпен алдаймын. Сондай-ақ, олар менің бұйыруыммен малдардың құлағына кесіп ен салатын әрі Алланың жаратқанын өзгертетін болады». Мінекей, қарап отырсақ, адамдардың өздерін өзгертуі лағынеті Шайтанның соңынан еруі болып табылады екен. Алла сақтасын біз дүниеде кімге ерсек, ақыретте сонымен бірге болмаймыз ба? Әлгі аяттың соңында Алла Тағала былай деп айтады екен: «Ендеше, кімде-кім Алланың орнына шайтанды дос тұтса, анық зиянға ұшырағаны».

– Бұл қасиет қазақтың қанында сіңіп бара жатқан жоқ па?

– Соңғы жылдары осы мәселе әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Қаракөз қыздардың ерге ұқсағысы келетіні, жігіттердің ару болғысы келетіні көбейді. Оны жасыру мүмкін емес, дегенмен, дерттің алдын алу аса маңызды. Қазақтың қанындағы қадыр-қасиетті, ұлттық болмыс-бітімді бұзып бара жатқан батыстың әдепсіз мәдениеті. Тарихтың беттерінде мұндай сорақылық болмаған. Қоғам болып жұмылып, бұл індеттен алыстауға болады. Біз арақ, темекі және өзге де күнәлармен алысып келеміз. Олар туралы айтып, жастардың имандылыққа бет бұруына насихат жасап жүрміз. Енді осы бір бәлекеттен бойды аулақ ұстауға күш, ілім-білімді жұмылдыруға тиіспіз.

Иә, дін өкілінің сөзінің жаны бар. Барлығы кеш болмай тұрғанда осы бір мінезден аулақ болуымыз керек. Жай қарап отырсақ ұрпақ тәрбиесі қолдан шығып барады. Өйткені, қазір әлеуметтік желіде арнайы сайттар толып жүр. Қалғанына ауыз бармайды, біз айтқанмен қоғам түзеліп кетпес, дегенмен, жастарға ой салсақ игі...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
08 қаңтар 2024 ж. 291 0