№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылу беру маусымы: ауданның дайындығы қалай?

Жылу беру маусымы: ауданның дайындығы қалай?


Анда-санда ызғырық желі ескен қоңыр күз де келіп жетті. Жаздың аптап ыстығынан кейін күннің бірден салқындап кетуі тұрғындарды тоңдыра бастағандай. Күздің мұндай ызғарлы күніне әлі ерте десек те, табиғат өз дегенін жасайды емес пе? Осы бетінен айнымаса бір-екі аптада жылу беру маусымы басталып кетуі әбден мүмкін. Жалпы ауданда жылу беру маусымына дайындық аясында аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жылу маусымы кезіндегі өрт қауіпсіздігін сақтау және оның алдын алу тақырыбында брифинг өткізді. Онда жылу беру маусымына дайындық жоспары бекітіліп, бүгінде қызу жұмыстар жүріп жатқаны айтылды.


Брифинг барысында аудан әкімі аппаратының жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Шерхан Ашимов, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын ғана емес, газдандыру мәселесін де тілге тиек етті.
– Тұрғындардың өрт қауіпсіздік шара­­­­ларына салғырт қарауынан, яғни тұр­­мыстық пештердің техникалық жағ­дайына мән бермеуінен, электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан, отпен абайсыз болуынан өрт пайда болып жатады. Осы жылыту маусымы­на байланысты әкімшілік залында комиссия отырысы болды. Негізі мә­селе, тұрғындардың қауіпсіздігі ғой. Тұрғын үйлердегі өрттердің алдын алу үшін, тұрғындармен үнемі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу керектігі айтылды. Түсіндіру жұмыстары кезінде әлеуметтік осал топтарды басты назарда ұстап, жылу беру маусымын­да орын алған кез келген төтенше жағдайлардың алдын алу, орын алған төтенше жағдайлардың салдарын жою жұмыстарына барлық мүдделі қыз­меттердің қатысуын қадағалап отыра­мыз. Кент, ауылдық округтердегі әлеу­меттік осал топтарына жатқызылған үйлерді тиісті сала мамандарымен бір­лесіп аралау жұмыстары жүргізілуде. Осы отбасылардың тұрғын үйлеріндегі жылыту пештерінің қауіпсіздік талап­тарына сай болуы басты назарда. Әлеуметтік осал топқа жататын отба­сылар мен жалғыз басты, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұрғын үйлері­нің жылу беру маусымына дайынды­ғы ұдайы бақылауда. Әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың жы­лыту пештерінің мұржаларын тазалау және жылу беру маусымы бастал­ғанға дейін, барлық мемлекеттік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы толық пысықталуда. Қажет­ті отынның мөлшерін жеткілікті дең­гейде толықтырып, газдың, жарықтың және ауыз судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп келеміз. Барлық тір­шілікті қамтамасыз ету нысандары бойынша авариялық топтар жасақ­талып, орын алған төтенше жағдай­ларға байланынсты тиісті жұмыстарды атқаруға жұмыс жасап жатырмыз.
Кенттегі тұрғын үйлерде камин пештерін пайдалануға болмайды. Жау­апты сала мамандарымен бірлескен рейд жүргізіп, камин пешпен жылытылатын тұрғын үйлерді анықтап, тиісті шаралар қабылданып келеді.
Осы орайда айта кеткен жөн, жылу беру маусымындағы оқиғалардың ба­сым көпшілігі қарапайым өрт қауіпсізді­гінің сақталмауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән берілмеуінен, балаларды қараусыз қал­дыруынан туындап отыр. Осы тұста, Жаңақорған ауданының төтенше жағ­дайлар бөлімінің аға инженер Шың­ғыс Жәдіков өрт қауіпсіздігі туралы баяндады.

– Өткен 2022-2023 жылдары жылу беру маусымында аудан көлеміндегі тұрғын секторларда 5 өрт оқиғасы орын алды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 75% -ға төмендеген. Орын алған 5 өрт оқиғасы жылыту пешінің ақаулықтарынан 2 өрт, электр желілерінің қысқа тұйықталуынан 3 өрт шықты. Өрт оқиғаларына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаған азаматтар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 410 бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ағымдағы жылы жылу беру маусымында өрт оқиғасынан қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Орын алып жатқан жағдайлар, көптеген жағдайларда тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына салғырттықпен қарауы, яғни тұрмыстық жылыту пештерінің техникалық жағдайына мән бермеуі, үлкендердің бақылауынсыз балаларды қараусыз қалдырып кетуі салдарынан болып жатады.
2023-2024 жылдары жылу беру мау­сымын қауіпсіз өткізу мақсатында тамыз айының 15 жұлдызынан бастап Жаңақорған ауданының азаматтық қор­ғау органының қызметкерлері, полиция бөлімі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» ЖШС-нің қызметкерлерін, жастар-ресурс­тық орталығының жас волонтерлерін қатыстыра отырып, профилактика­лық үгіт-насихат жұмыстарын баста­ды. Аталған профилактикалық іс-шара жылу беру маусымы аяқталғанға дейін жүргізілетін болады. Сондай-ақ, жергілікті әкімдіктерден тізімдер алынып, 2019 жылдан бастап аудан көлеміндегі тұрмысы төмен, көпбалалы, жалғызбасты ана және мүгедек жандары бар отбасыларға көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктер орнатылды. 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 1187 датчик орнатылды. Ал, осы жылы 8786 тұрғын үй секторы араланып, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп әрі тұрғындарымен 43 рет кездесу ұйымдастырылды.
Расында, улы газ өте «зұлым», оның иісі мен түсі де жоқ, ғимарат немесе тұрғын үй ішіне газ тарағанда қабырғалар мен айналадағы заттарға қонбайды, суға сіңбейді. Адамдардың улы газбен улану жағдайы көбінесе түнгі уақытта орын алып отырады. Түтіндеген кезде ұйықтап жатқан адам үшін, улы газдың мөлшерін алу үшін бірнеше минут жеткілікті, пештің немесе газ қондырғысы орнынан алыс тұрса да, оның салдары адамға зиян келтіріп тұрады. Көбіне улы газдың зардабы балалар және қарт адамдарға тиеді. Аяқ астынан шыққан улы газдың зардабы, орны толмас өкінішке душар етеді. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларын жасауы керек. Осы тұрғыда, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолаушылар бөлімінің бас маманы Расул Қарақожаев баян етті.
– 2023 жылғы аудан әкімінің №47-Ө өкімімен жылу беру маусымына дайындық жұмысын ұйымдастыру шта­бы құрылып, маусымның қалыпты өткі­зілуін қаматамасыз ету бойынша іс-шара жоспары бекітілді. Ауданда әлеумет­тік-мәдени маңызы бар 144 мекеме бар. Оның ішінде: 73 білім саласы бойынша, 30 мәдени, 36 денсаулық нысаны, 5 спорттық мекеме жұмыс істейді. Олардың 97-ы қатты отын, 20-ы сұйық отын және 27-і көгілдір отынмен жылытылады. Жалпы аудан халқына шаққанда газдандыру 42 пайызды құ­райды. Ауданға көмір тасымалдаушы кәсіпкерлер 2023-2024 жылдардағы күзгі қысқы кезеңде шамамен 25 000 тонна көмір тасымалдауды жоспарлап отыр. Бұл маусымға жоспарланған 19 000 тоннадан 32 пайызға жоғары, қазір 9000 тонна көмір жеткізілді. Сатылым бағасы – 1 тонна үшін 18 300 теңге (қосылған құн салығымен). Тұрғындарды қатты отынмен қазіргі уақыттан бастап қамту үшін әлеуметтік желіде хабарламалар орналастырылды, кент және ауыл­дық округ әкімдіктері арқылы түсіндер­ме жұмыстары жүргізілуде. Қоймадағы отын қалдығы – 6000 тонна. Ал, газ­бен жабдықтау жүйесі бойынша 366 шақырым (Жаңақорған кентінде – 303 шақырым, Бірлік және Қыраш елді мекендерінде 63 шақырым) жоғарғы, орташа және төмен қысымды газ құбырлары іске қосулы. 1 дана АГРС, 4 дана газ реттегіш (ГРП) және 38 дана газ таратушы бекеттері (ШРП) бар. Бүгінде ауданның газдандыру үлесі халық санына шаққанда 42 пайызды, елді мекендер бойынша 8,5 пайызды (Жаңақорған кенті, Бірлік, Қыраш) құрайды. 2024 жылға қарай ауданның газдандыру көрсеткішін көтеру мақсатында жалпы құны – 4 073,4 млн. теңгені құрайтын 4 мемлекеттік инвестициялық жоба (Төменарық, Жайылма, Кейден, Шалқия және Құттықожа) жүзеге асырылу­да. Құрылыс жүргізіліп жатқан елді мекендерге 120 шақырым газ құбыр­лары жүргізілді. Жылыту маусымының қалыпты өтуін қамтамасыз ету үшін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арқылы барлық газ тарату жүйесіне 3 рет техникалық қызмет көрсету жұмыста­ры жасалған. Бұл жерде тұрғындар тұрмыстық газды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын мұқият болса дейміз. Жазатайым оқиғалардың басым көпшлігі, мұржаның түтін тартпауы, желдету арналарының, терезелердің ашылмайтындай орналасуы, газ аспап­тарында оқыс жағдай кезінде газды сөндіретін автоматиканың болмауы, газ аспаптарын қараусыз қалдыру, тұрақты техникалық қызмет көрсетуді елемеу салдарынан болып жатады. Негізінде үй жағдайында газдың иісі байқалған кезде жабдыққа дейінгі және жабдық­тың өзіндегі крандарды дереу жабу, терезелер мен есіктерді ашу, желдету, сіріңке жақпау, темекі шекпеу, электр аспаптарын қоспау және өшіру, 104 телефоны бойынша авариялық қызмет­ті шақырту қажет. Газды пайдалана­тын жабдыққа газ беруді автоматты түрде өшіруге арналған газ дабыл қаққыштарын (сигнализатор) орнату маңызды. Сонымен қатар, үйішілік газ құбырлары мен газ аспаптарына уақытылы техникалық қызмет көрсетуді жүргізуді назарда ұстаған абзал.
Әрине бірнеше жыл болды, көгілдір от жаңақорғандықтар үшін жылылық пен жайлылық көзіне айналды. Алайда таби­ғи газ ұқыпты және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Көгілдір отын қайғылы жағдайға әкеп соқтырмас үшін газды қауіпсіз пайдаланудың ереже­сін «ГазАзияСервис» ЖШС Жаңақорған филиалының өкілі Роза Спатаева егжей-тегжейлі жеткізді:
– Улы газдан улану жағдайы көбінесе УГОП-16 пешін пайдалану кезінде орын алып жатады. Бұл тұтынушылардың пештін жарамдылық жағдайына аса мән бермеуінен, түтіндіктің тартымдылы­ғын уақтылы тексеріп тұрмағандығынан болады. Біз яғни «ГазАзияСерви» ЖШС тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береміз. Біздің атауымыз өзгергенімен мақсатымыз өзгерген жоқ. Аудан хал­қы біздің қызметімізге қанықты, жиі хабарласып, өз өтініштерін білдіріп жатады. Газ құбырларын, газ пешті және төрт көзін тазалау, газ жабдықтарын жөндеу сынды мәселелер туындаса біз­ге хабарласады. Біздің қызметімізге жылына бір рет 4500 теңге төлейді. Өткен жылға қарағанда тариф кішкене өсті. Өйткені, біздің қызметкерлер арнайы жалақы алмайды, осы тұрғындардың төлемі арқылы күн көріп жатыр. Бізде ауданда 104 авариялық қызметі жұмыс жасамайды. Егер тұрғындар арасын­да қандайда бір келеңсіздік туындаса бірден бізге хабарласады. Қазір әр үйді аралап, қай нүктеде ақау барын тексе­ріп, қадағалап жатырмыз. Күнделік­ті тәжірибеге сүйенсек, адамдардың барлығы бірдей сақтық шараларын сақтай бермейтіндігін көруге болады. Табиғи газды пайдалану техникалық қауіпсіздік ережелердің қатаң сақталуын талап етеді. Сондықтан да, барынша сақтық шараларын сақтауға тиіспіз.
Иә, байқағанымыздай, барлық жау­апты мекемелер жылу маусымына сақадай сай. Отынын түсіріп, мектеп қазандығын тазалап, пеш құбыр­ларының кем-кетігін түзеген. Қалай болғанда да, қыс – салғырттық пен қателікті кешірмейтін қатал сыншы екенін ұмытпайық. Айта кетерлігі, көмір пеші мен газ пешінің түтін шығаратын мұржаларын мұқият тазалап қойған жөн. Жаз бойы құбырда құстар ұя салып, не шаңға толып қалуы мүмкін. Отбасы амандығы үшін түтін жүретін трубаларға мұқият болу керек.
Ал, біздің айтпағымыз, қыстан аман шығудың жолы – ерте қамдану керек.

Әсел Рзаева
19 қыркүйек 2023 ж. 319 0