«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өмір-күрес, өмір-сынақ.

Өмір-күрес, өмір-сынақ.


Елдің, халықтың көз алдында жүріп, саналы ғұмырын өңірдің ғана емес, аймақтың спорты мен мәдениетін дамытуға арнаған Өмірзақ Нұрмағанбетұлының есімі ерекше. Өткен шақта сөз қозғау қаншалықты қиын болса да Өмірзақ ұстаздың адами болмысын, пайым-парасатын, шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбегін бағалап, еске алмау мүмкін емес.


Оның аядай мектептен толағай тарландарды дайындап, жоқтан бар жасаған біліктілігін айтып түгесу мүмкін емес. Десек те тамшыдай ойымды жеткізіп, ұстаз атты ұлы есімді ұлықтай алсам басты мақсатымның орындалғаны деп санаймын.
Өмір-күрес, өмір-сынақ. Осы тұрғыдан ал­ғанда азаматқа берілер баға да, сын да, мін де, көзқарас та, пікір де сан алуан болуы заңдылық. Адамға берілер ең дұрыс, ең әділ, ең басты баға оның еңбекке деген көзқарасы, еңбексүйгіштігі, адамгершілігі, пайым-парасаты, ұйымдастырушылық қабілеті мен асыл қасиеті болуға тиіс.
Өмірзақ ұстазымыз – еңбексүйгіштіктің, із­де­­німпаздықтың, нәтижелі істің, сыпайы сый­­ластықтың, адал достық пен шынайы махаббаттың шырақшысындай, жаңашылдыққа жаны құштар, бойына ізгіліктің інжу маржанын жинақтаған, шәкірттерін бөле жармай ақадал жүрегімен мейірлене жақсы көретін азаматтың төресі еді. Саналы ғұмырын ауыл спортын дамытуға, ауыл жастарының денсаулығын нығайтуға, тәрбиелеуге, дарынды спортшыларды дайындауға арнады. Ауылда кездескен сәттерімде Алланың қалауымен зейнеткерлік жасқа да жеттім, енді бейнеттің зейнетін көруді жазсын, өткеніме қарасам аз жұмыс атқармаған екенмін. Аллаға мың да бір шүкір, мәртебемді асырып, мерейімді тасытатын шәкіртке де кенде емеспін, қалған өмірімді сол шәкірттеріме бағыт-бағдар беруге, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арнаймын деп өзіне тән биязы күлкісімен жымиып тұратын еді. Ауыл спортын жандандыруға бағытталған жоспарлары мен армандары да бар болатын. Енді сол жоспар-армандарыңызды өзіңнің бағыт-бағдарыңсыз қаншалықты қиын болса да өзіңді жоқтатпай, өзіңнің шекпеніңнен шыққан шәкірттерің жүзеге асыруға күш салатын болады.
Өмірзақ Нұрмағанбетұлын үнемі ізденіс үстінде жүретін, тек еңбек үшін жаралған, қарекетсіз, еңбексіз жүре алмайтын, тіптен өмір сүре алмайтын азамат болды десек артық айтқандығымыз болмас. Ол 1979 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын тәмамдап, өзі туып өскен Талап ауылындағы №54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектепке мұғалімдік қызметке орналасқаннан бастап, ауыл жастарынан қаншама дарынды спортшыларды тәрбиелеуде қажырлы еңбек етті. Бұл жетістіктің барлығы 40 жылдық ұстаздық ғұмырындағы төккен тердің, мінсіз жауапкершілік пен терең ізденістің нәтижесінде келді. Бұл мектепті болашақ дене тәрбиесі мен спорт мамандарын даярлайтын кіші «институт» десек артық айтқанымыз емес. Өмірзақ ұстаз спорт десе ішкен асын жерге қоятын еңбекқор, талапшыл маман болды. Алтын уақытын спорт залында шәкірттеріне баскетбол спортының қыр-сырын үйретумен өткізді. Қазірде ұстаздың ізін қуып «Дене шынықтыру және спорт» саласында жұмыс жасайтын шәкірттерінің саны 100-ден асыпты. Барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, еліміздің әр өңірінде дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту ісінде абыройлы қызметтер атқаруда. «Талаптан» талаптанып ұшқан осы өрендер арасында ғылым кандидаттары мен профессорлар, магистрлер, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері мен үміткерлері бар. Бұл жетістіктер бір ұстазға еліктеп, мен де ұстаз боламын, мен де шәкірт тәрбиелеймін деп талпынған Талаптан талаптанып ұшқан жастардың арман-тілегі болатын. Бұл бір ауылдан осыншама жастардың дене шынықтыру мен спорт саласын таңдап, биіктен көрінуі Республика деңгейінде өте жоғары көрсеткіш болып саналады. Сондықтан Өмірзақ Нұрмағанбетұлының ерен еңбегін мақтанышпен марқайып, жар сала айтуға толық құқылымыз. Қазіргі таңда бірнеше шәкірттері жоғары оқу орындарында аталған сала бойынша студент атанып, білімдерін жалғастырып келеді. Бұл да болашақта Өмірзақ ағайдың лайықты ізбасарлары болуды мақсат тұтқан жастардың талпынысы деп зор сеніммен айта аламыз.
Өмірзақ Нұрмағанбетұлы туралы сөз қоз­ғағанда, ұлағатты ұстаз, сынып жетекшіміз марқұм Ниеталы Қуатбеков ағайымызды қосып айтпау үлкен әбестік болар еді. Ниеталы ағай ауылға спортты әкеліп, спорттың негізін қалаған, спорттың шын жанашыры болды. Сегіз жыл сынып жетекшілік қызметінде әкеміздей қамқоршы болып, өнегелі тәлім-тәрбие беріп, Өмірзақ ағаймен бірге спорттық шеберлігі­мізді дамытып, жетілдіруге елеулі үлесін қосты. Әрдайым қолдап, жалынды сөздерімен намысымызды қайрап, ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырды. Ал, Өмірзақ ұстазымыз Ниеталы ағайдан алған спорттық эстафетаны лайықты жалғастырып, ауыл спортын Республика дең­гейіне дейін көтерді. Біз мектепті бітіргенше аудандағы №1 баскетбол командасы болып, жасы үлкен ағаларымыздың дәстүрлі жолын лайықты жалғастырдық. «Аудан баскетболының жұлдызы» аталымы бойынша сан мәрте мара­патталып, дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей таңғажайып табыстарға қол жеткіздік. Өмірзақ ағайдың ауыл жастарынан құрған баскетбол командасы аудандық, облыстық жарыстар мен турнирлерде тек бірінші жүлдемен оралды. Аудан құрамасының негізін Өмірзақ ағайдың тікелей шәкірттері құрады. Ол Жаңақорған ауданы бойынша баскетбол спортының негізін қалаушы, жоғары санаттағы тұңғыш жаттықтырушы-ұстаз болды. Бұл біз үшін, мектеп үшін, туған ауылымыз үшін үлкен абырой, зор мақтаныш, үлкен мәртебе.
1985 жылы Өмірзақ Нұрмағанбетұлы Қазақ ССР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен», ал 2018 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» орденімен және бірнеше рет аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл ұстазға Республикада дене шынықтыру мен спортты дамытып, насихаттаудағы ерен еңбегі үшін құзырлы органдар тарапынан көрсетілген үлкен құрмет еді.
Кісілік дегенді кім қалай түсінеді? Менің пайымдауымша кісілік деген: біреудің ала жібін аттамау, кісіге қиянат жасамау ғана емес, ең әуелі өзіңді-өзің танып меңгере білу, өзіңді-өзің тәрбиелей білу, айналаңа ілтипатты болу, әріптестеріңнің пікірімен санаса, есептесе жүру, өзгенің де пікірін бағалай білу дер едім. Іске адал болып, сөзіңде тұру, досыңның мұңын өз қасіретіңдей көру, үлкенді қоғамдағы орнына қарамай-ақ үлкен деп сыйлап, кішіні бауырыңа баса білу де азаматтықтың шыңы. Биіктік тақта емес, дәрежеде емес, рухани байлықта екенін ұмытпау, байлыққа да, жоқшылыққа да төзе білу, қиындыққа мойымау. Осы қасиеттердің барлығын Өмірзақ ұстазымның бойынан табуға болатын еді.
Өмірзақ Нұрмағанбетұлы ауыл жастары­мен бірге 1989 жылы Мәскеу қаласында өт­кен Бүкілодақтық ауыл спортшылары спар­такиадасына қатысып, республика намысын қорғауы ешбір ауыл баласына бұйыра бермейтін бақ деп білемін.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлының тағы бір ерекше қасиеті - бишілік өнері. Ауылдағы Өнер мектебінің жанынан ұлттық би сыныбын ашып, би өнерін­дегі спорттық элементтер, қимыл-қозғалыстар арқылы оқушыларды әсемдікке, әдемілікке, дене бітімінің түзу болып қалыптасуына тәрбиеледі. Әлі есімде, 1995 жылы оқушы кезімізде ұлттық «Тойбастар» биімен Жаңақорған ауданын­да өткен көркемөнерпаздар байқауында бас жүлдені жеңіп алып, Гала концертте өнер көрсеткенбіз. Міне, сол уақыттан бастап ағайдың жетекшілігімен қазақтың «Көкпар», «Айгөлек», «Тойбастар», «Аққу», «Балбырауын» сияқты т.б. қаншама билері заманауи талапта жаңғырып, аудандық, облыстық байқауларда жүлде алып келді.

Өмірзақ Нұрмағанбетұлына ұлттық би өнері мен бұқаралық спортты дамытуда, оқушы жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда, бала денсаулығын нығайтуда, дене тәрбиесі мен спортты насихаттауда, дарынды спортшы­лар дайындауда зор еңбек сіңірген бақытты ұстазымыз ретінде әрқашан басымызды иеміз. Әрбір сөзі мен атқарған ісі мәңгілік жүрегімізде сақталады.
Өмірзақ Нұрмағанбетұлы отбасында да айы оңынан туған азамат. Оның сүйіп қосылған асыл жары Рәзия жеңгеміз өзінің кеңпейілдігімен, ақжарқын мінезімен айналасындағы адамдарға ішкі әсемдік пен берекенің мол нұрын төгіп тұратын рухани салауатты, нағыз ізетті, дәстүршіл, сіз-бізшіл, қонақшыл, ақпейіл жан. «Алыстан шәкірттерім келіп еді», «Біреудің қуанышы болып еді», «Біреу үйді көрмеп еді» - деп жүргені, әйтеуір себеп табады, дастарханы жиылмайды, қонағы тиылмайды. Нағыз жомарт жандар деп осындай кісілерді айтармыз. Мүмкін Өмірзақ ұстаздың бұл өмірге деген құштарлығы, адамдарға деген адал ықыласы, үздіксіз ой мен қимылдың қанатында жүретіні осы Рәзия жеңгеміздің өзіне деген ақ жүрегі мен шынайы шапағатынан да болар.
Біз қуансақ та, қайғырсақ та ұлы Абайдың жалынды сөздеріне сүйенетініміз ақиқат. Ұлы ақынымыз «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында іс қалдырған», - демекші, Өмірзақ ұстазымыз соңына өскелең ұрпақ мәңгілік айта жүрер қайырлы іс қалдырған, тақыр жерден тау тұрғызған тұғырлы тұлға деп мақтанышпен айтқым келеді.

Жандос МЕРГЕНБАЙҰЛЫ


17 қазан 2023 ж. 524 0