№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасөспірімдерге жауапкершілік қатаң

Жасөспірімдерге жауапкершілік қатаң

Қоғамдағы жасөспірімдердің жүгенсіз кетуі, олардың құқық бұзушылығы, жалпы балалардың бүгіні мен болашағы күн тәртібіндегі өзекті мәселенің біріне айналды. Әсіресе, жазғы демалыс уақытысында оларға деген бақылау күшейіп, құзырлы органдар мен құқық қорғау саласына жүк еселеніп арта түсті. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осы мәселелер жан-жақты сараланды.


  Комиссия отырысында балалар бұзақылығынан бөлек, құқық бұзушылықтың профилактикалық шаралары, 2023 жылғы 6 айдың қорытындысы түйінделді. Сондай-ақ, білім беретін мектептердің 2023-2024 оқу жылына дайындығы, аудандық білім бөлімі жанындағы қамқоршылық, қорғаншылық органның атқарылған жұмыстары туралы да баяндалды.Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтің төрағалығымен өткен жиынның негізгі мақсаты – балалардың әрбір іс-әрекетін бақылау мен қадағалау, әсіресе, олардың ұсақ бұзақылығы, ұрлық жасауына жол бермеу мен алдын алу болатын.

Жиында алдымен аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ербол Альменов мектептердің 2023- 2024 оқу жылына дайындығы бойынша баяндама жасады. Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 89,5 пайызы ҰБТ тапсырып, орташа балл 80 пайызға жеткен.

– Ауданда 43 мемлекеттік және 7 жеке мектеп оқу жылына дайын. 18500-ден аса оқушы мелекеттік мектепте, 1000- нан аса оқушы жеке білім беру ұйымында оқитын болады. Орта білім беру ұйымдарындағы педагог саны – 2850-ді құрайды, жалпы мектеп, мектепке дейінгі және мектептен тыс мекемелердегі қызметкерлер саны 3728-ге жетті. 41 мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 31 779 мың теңге қаралды. Сондай-ақ, білім саласындағы барлық 74 мекеме жылу беру маусымына дайын, тек №213 мектептің бу қазандығын ғимарат сыртына шығару үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Жөндеу жұмысы қазан айына дейін аяқталады.

Балалардың қауіпсізідігін қатамасыз ету бағытында бейнебақылаумен толық қамтамасыз етілді. 25 мектепке дабыл қондырғысы орнатылды, – деді Ербол Әлменов.

Баяндамада жаңа пән кабинеттерін жабдықтау, материалдық техникалық базаларды жаңарту, ыстық тамақ, міндетті оқу қоры туралы да баяндалды. Түсінгеніміз, жаңа оқу жылына барлық білім ошақтары дайын.

Келесі кезекте аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Көркембаев 6 айдың қорытындысы мен құқық бұзушылықтың профилактикалық шаралары бойынша баяндама оқыды.

– Жалпы жоспардан тыс кәмелетке толмағандармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастырылып, ата-аналарының қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізіп келеміз. Рейдтік шараларға басымдық беріп, білім бөлімі, жастар ресурстық орталығы, прокуратурамен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқық бұзушылығына байланысты бірлесе жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде қылмыс биыл тіркелмеді, алайда, бұзақылық әлі де бақылауда. Ата-аналарына қатысты 317 әкімшілік хаттама рәсімделіп, ескерту, айыппұлдар салынуда.

Шыны керек, құқық бұзушылықтың негізгі ошағы кенттегі мектептер, топтық төбелес, ұрлық жағдайлары кездесуде. Бір өкініштісі, жасөспірімдерге қарсы жасалынған қылмыстар саны 3-ке жетті. Оның ішінде, дәрігерлермен жасалынған екі дерек және кафеде орын алған бір жағдай бар. Бұл бойынша бақылауда ұстап, тиісті шаралар қолданылуда. Түйіндей айтқанда, балалармен жұмыс күшейді, басымдық беріліп, бақылау қатаңдатылды, – деді Б.Көркембаев.

Баяндама соңында ұсыныс айтылып, қадағалауды күшейту, бірлесе жұмысты жандандыруды алға тартты. Бұл өте дұрыс, Бектас Балғабайұлы балалардың топтық төбелесін алдын алу үшін спорттық-мәдени шараларды жиі өткізіп, оларды қоғамға тартуды тапсырды.

– Біз өзімше жиналып алып, мұндай мәселелерді талқылауды емес, қайта сондай ошақтарға барып балалармен жүздесейік. Бұзақылыққа барып жүрген жастарды бір арнаға жинап, олардың лидерлерін өзімізге бейімдейік. Оларға дұрыс бағыт көрсетіп, келешегіне жарқын жолды көрсетуге бірігейік. Сонда ғана ондай жастар қоғамға зиянын емес, пайдасын тигізуге тырысады. Ізінен ерген достары мен інілерін осы бағытқа үгіттейді. Тәртіп сонда орнайды, ең абзалы келесі жиынды сол бұзақылық жасап жүрген жасөспірімдер алдында жиналып өткізгеніміз әлдеқайда тиімдірек болады. Біздің жұмыстың нәтижесі сонда ғана көрінеді, сондықтан балаларды бақылап отыра бергеннен оларды бүгінгі қоғамға ертерек бейімдегеніміз дұрыс болады, – деді комиссия төрағасы.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, білім бөлімі жанындағы қамқоршылық, қорғаншылық органның атқарған жұмыстары жөнінде аудандық білім бөлімінің бас маманы, білім бөлімі жанындағы қамқоршылық және қорғаншылық функциясын жүзеге асырушы органның жауапты маманы Салтанат Алдабекова жүйеледі. Баяндамадан үзінді алып, деректерді сөйлетсек:

– Аудан бойынша 23 тұл жетім мен 24 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 46-ы қорғаншылық пен қамқоршылық тәрбиеде, оларға 30 тәрбиеші тағайындалған, бір патронаттық тәрбиедегі балаға да тәрбиеші берілді. Олардың 38-і мектепте, 5уі колледжде, 3 жасқа дейінгі екі бала мен бір мүмкіндігі шектеулі нәресте бар. Балалардың барлығы мектепте ыстық тамақпен, киіммен, лагерьмен және кітап қорымен қамтамасыз етілген.

2021 жылы 18 жастан асқан жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 4 балаға тұрғын үй берілді, қазір кезекте 102 бала тұр. Жалпы аудан бойынша азаматтардың бала асырап алуға тілек білдіруші ретінде 3 отбасынан өтініш түсіп, оң қорытынды берілді, – деді С.Алдабекова.

Жауапты маман сенімхат негізінде туыстарының үйінде жатып білім алып жүрген балаларын өз отбасыларына қайтару жөнінде жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл бойынша кент және ауылдық округ әкімдерінің бірлесе жұмыс жасауы керектігі айтылды. Жиын төрағасы келесі комиссия отырысына ауыл әкімдерін шақырып, нәтижені көруді тапсырды.

Иә, бала болашағы бәрінен маңызды. Сондықтан өскелең ұрпақтың дұрыс жол таңдауына, қоғаммен қатынаста болуына, ең бастысы, тұлға болып қалыптасуына қоғам болып жұмылу аса маңызды.

Әлібек Жарықбаев

25 қазан 2023 ж. 227 0