"Tulga bol" жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жәрмеңке
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жас түлектерді жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту бойынша республика көлемінде бірыңғай «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өтуде.
Осыған орай өңірімізде Қызылорда қаласынан бастау алған жәрмеңке Жаңақорған ауданында жалғасты. Жастарға арналған жәрмеңке Жаңақорған кенті Прайм Парк саябағында аудан әкімінің орынбасары Б. Нуридиновтың қатысуымен өтті. Шараға аудандық жұмыспен қамту орталығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, қаржы және экономика бөлімі, аудандық қорғаныс істері бөлімі, аудандық аурухана, жастар денсаулық орталығы, аудандық аграрлы-техникалық колледжі, А. Сопыбеков атындағы аудандық кітапхана мамандары қатысып, жастардың көкейіндегі сауалдарды тыңдап, мемлекеттік бағдарламалар мен мүмкіндіктер жайлы кеңінен баяндады.
Жәрмеңкеге қатысу арқылы жастар сала мамандарынан жұмысқа орналасу, жастар кәсіпкерлігі, білім, денсаулық салалары, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар және т.б. бағыттар бойынша кеңес алды. Жәрмеңке аясында жастар арасындағы спорттық шаралар өтіп, жеңімпаз жастар диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Кеш соңында М. Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.