«Ақ Отау» – әр шаңырақтың шамшырағы
Бүгінде орнықты отбасы мәселесі өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Елімізде уығын тіктеген әрбір үшінші отбасы түрлі себеппен айырылысып жатады. Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Адамның өмірінің қуанышы да отбасына байланысты. Аудандық Арман мәдениет үйінде Жаңақорған аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Ақ Отау» жас отбасыларға арналған семинар-тренингі осы тақырыпта өтті.
Басқосуды Қорқыт ата атындағы университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандитаты, қоғамдық бірлестіктің директоры, қоғам белсендісі, тренер Зейнар Тажиева ашты.
– Статистикаға сүйенсек, елімізде отау құрған жастардың 30 процентінің өмірі ажырасумен аяқталады екен. Әсіресе мамандар соңғы екі айда ажырасу саны едәуір өскенін мәлімдеді. Сондықтан жас отбасыларға отбасы құндылығын насихаттау, өскелең ұрпақтың өмірлік қағидаттарын қалыптастырудағы отбасы мен неке маңыздылығын түсіндіру аса қажет. Аудан, ауыл аралағанда байқағанымыз, қазақтың салт-дәстүрін, үлкенге құрмет көрсету, сәлем салу дәстүрін жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Осы мәселені түсіндіріп пікір алысып бөлісіп тәжірибе алмасып келеміз, – дейді.
Басқосуға аудан әкімі жанындағы әйелдер істері жөніндегі аудандық коммиссия хатшысы Жайна Жиенбаева, ҚХА аудандық аналар кеңесінің төрайымы Құралай Дәрмен, мемлекеттік қызмет саласынан зейнетке шыққан Раушан Назарова, және әр түрлі салада қызмет жасап жүрген мамандар қатысты. Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты, сондықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі керек. Отбасы ең алғашқы тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта.
Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады. Мәселен, отбасы мүшелерінің мәдени деңгейі баланың түрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне әсерін тигізеді. Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата-ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат ауадай қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің берекебірлікті сақтауы әр отбасы мүшесінің құқығы қорғалуы тиіс.
Жиынға қатысушылар тарапынан қызу талқылау, сауалдар қойылды. Ене мен келін жайында өсиет әңгімелер айтылды. Қатысушылармен көрме жаттығулары және жағымсыз энергиядан өзінді аластату жөнінде психологиялық ойындар ойнатылды. Ене мен келін арасындағы психологиялық тестерге ашық жауап берілді. Кеш өте қызықты әрі әсерлі болды. Қазіргі замандағы келін мен ене арасындағы құрмет, отбасылық құндылықтар, жас отбасылардың қарым-қатынасы жайында құнды деректер айтылды.
Отырыс соңында отбасылық құндылықтарды сақтау туралы жастарға, өзінің басынан өткенін мысал етіп, отбасында тазалық, тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге мейірім, ынтымақты береке, бірлік ауадай қажет», – деді анасы Раушан Назарова.
Ұлттық салт-дәстүр мен отбасы құндылығы, жан-жақты тәрбиесімен бір дәуірлік ұрпақты қана емес, тұтас ұлтқа аманат құндылық.
ТҮЙІН. Біздің елімізде техникалық даму прогресі өте қарқынды дамып, соның салдарынан адамның психологиялық өрісі тарылды. Әлеуметтік желідегі былапыт сөздер, ерегіс, отбасылық кикілжіңдер адамның ниеті мен ой өрісін өрескел бұзуда. Сондықтан рухани құндылықтарымызға зер салып, қазақы болмысымызды жоғалтпай, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау керек-ақ. Отбасы тірегі – ұлттық құндылығымызда екенін түсінер кезге жеткендейміз!
Әсел ИБРАГИМОВА