» » Төтенше жағдайға тосқауыл керек

Төтенше жағдайға тосқауыл керек



Өрт өршімесін

Аудан көлемінде 2023 жылдың 3 айында 7 өрт оқиғасы мен 6 өртке жатпайтын жану орын алды. Орын алған 7 өрт оқиғасының 1-і тұрғын үй секторында, 4-і тұрғын үйдің ау­ласындағы мал қорада, 1-і бос тұрғын нысанда және 2-і автокөлікте орын алған. Өрттің салдарынан 4 мал қора мен 1 баспақ, 3 бұзау шығын болды. Орын алған өрт оқиғасының себептері тұрғын үйдің ауласында қоқыс, шөп қалдықтарын өртеп бақылаусыз қал­дыру, тұрғын үйдің ауласында ашық отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау салдарынан және автокөліктің электр желілерінің қысқаша тұйықталуынан болып отыр.
Сонымен қатар тұрғындардың жел­ді, құрғақ ауа райында тұрғын үй­дің ауласында, егістік жерлердегі шөп, қоқыс қалдықтарын өртеп бақылаусыз қалдыруының салдарынан өртке жат­пайтын жану оқиғаларының саны көбейді. Сондықтан жаз айларында тұрғын үйдің ауласында шөп, қоқыс қалдықтарын өртемеу керектігін ескертеміз. Өйткені, біздің ауданда ауа райы желді болуы­нан өртенген шөп қалдықтары желмен ұшып үлкен өрттердің таралуына себеп болады.

Газ мәселесіне бейқамдық танытпайық

ҚР-ның Заңында республика ау­мағында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық жә­не ұйымдастырушылық негіздерін ай­қындайды және газға деген ішкі қажет­тіліктерін қамтамасыз ету үшін, газбен жабдықтау жүйелерінің обьектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасау көзделген. Аталмыш заңда газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйі және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті деп көрсеткен.
Заң талаптарына сәйкес тұрғын үй иелері тұрғын үйлердегі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасауға міндетті. Өз кезегінде газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым тұрғын үйдегі газ жабдығын техникалық жарамды күйде ұстауға шартқа отырған 1 жыл ішінде міндетті. Сондықтан қазірден бастап газ жабдықтарын мамандандырылған ұйымдармен тексеру жұмыстарын жүр­гізіп, жылу беру маусымына дайындау қажет.

Судан да сақ болыңыз

Ауданның су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азамат­тар­дың әртүрлі себептермен қайғылы жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға түсу маусымында судағы адам қазасы өзекті мәселеге айнал­ды. Өкінішке қарай, 2022 жылдың суға шомылу маусымында су айдындарында 2 төтенше жағдай орын алып, салдарынан 2 адам қаза тапты. Ал соңғы 5 жылда аудан аумағында суда 22 адам қаза тапса, оның 11-і жасөспірімдер. Орын алған жағдайлардың себебі тұрғындардың суға шомылуға тыйым салынған орындарда суға шомылуы, ішімдік ішіп суға түсу мен жасөспірім балалардың ата-анасының бақылауынсыз қалуынан болуда.
Ата-аналардан суға шомылу мау­сымында балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында бақы­лауды күшейтуді сұраймыз. Әсіресе Жаңақор­ған кентінің ішінен өтетін Тайпақкөл каналы мен «Проков левый» каналы қауіптің көзі болып саналады. Аталған орында жылда төтенше жағдайлар орын алады. Қазір Сырдария өзенінде су өте аз, су өзеннің тек терең жерімен ағып жатыр. Бұл дегеніміз Сырдария өзеніне суға түсу өте қауіпті екендігін ескертеді. Ауа райының жылуына байланысты ауданымыздың тауға шы­ғатын тұрғындары мен қонақтардың көбейетіні де белгілі. Таулы аймақтарда орналасқан су қоймаларына суға тү­суге тыйым салынады. Су қоймалары өте терең, әрі салқын болып келеді, бұл өте қауіпті.
Суға шомылу маусымында ау­дан­дағы тұрғындардың суға шомылуға тыйым салынған орындарына жауап­ты мекемелердің қызметкерлері тара­пынан кезекшіліктер қойылады. Тәртіп бұзып, тыйым салынған жерлерге суға шомылған, ішімдік ішіп масаң күйде суға шомылушы тұрғындарға аудандық полиция бөлімінің қызмет­керлері әкімшілік шара көреді.

Автокөліктегі өрт қауіпсіздігі

2023 жылдың 3 айында автокө­ліктерде 2 өрт оқиғасы тіркеліп, сал­­да­рынан 1 жеңіл авто­көлік то­лы­ғы­мен өртеніп кеткен. Авто­кө­лік­­тердегі өрттің басты себеп­тері автокөліктердің қозғалтқыш бө­лі­гінің электр сымдарының қысқаша тұйықталуы салдарынан болып отыр. Автокөліктердегі өрттің алдын алу мақсатында автокөліктердің электр сымдарын мамандарға тексертіп, ав­токөліктерді жарамды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықтау қажет.

Жаңақорған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі
19 сәуір 2023 ж. 241 0