Психологтар бас қосты
Адам өмірі, оның жан дүниесінің әсемдігі, адамзат қоғамының өркендеп гүлденуі ең алдымен білімділікке байланысты. Балаға тәлім тәрбие беру – тұтастай ұлтты тәрбиелеумен тең. Өйткені келешек ұрпаққа бүгіннен бастап дұрыс бағыт-бағдар беріп, тура жолға сала білсек еліміздің ертеңі де жарқын. Осы орайда Ордакент ардагерлер және жастар ресурстық орталығында ауданда өткен Психологиялық-педагогикалық әдістемелік семинарды педагог психологтардың шеберлік сағатымен қорытындылау іс шарасы өтті.
Іс-шараны аудандық білім бөлімі тәрбие ісі жөніндегі бас инспекторы Мира Тұрқұлқызы ашып, бағдарламаны таныстырды. Одан әрі аудандағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы Шынаркүл Тұрсынбаева сөз алып, ағымдағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Еліміздің болашағы жас ұрпақ десек олардың жеке тұлға болып қалыптасуы тәрбиеге байланысты. Осы бағытта №52 орта мектеп психологы Гүлжан Мүспенова өз тәжірибесінен баяндап, осы сағатта жұлдыз, ай, күн болып үш топқа бөліп, қатысушылармен көңілкүйді сергітетін ойын ойнатты. Одан әрі №223 орта мектеп психологы Үміткүл Үсенбаевамен «Көңілді жаңбыр» атты музыкалық терапия сәтті жалғасын тапты.
Шара барысында аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен Жазира Төлешова, Айна Абдрахманова, Жадыра Алтынбекова, Ләззат Тілеулиева, Маржан Нұрлыбаева, Айнұр Әуелбекова, Ақерке Шатеева, Гулзада Сейітова, Аида Айнақожаева, Ербол Мейрманов, Сандуғаш Оразгелдиева, Анар Байтөреева сынды өз саласының білікті мамандары марапатталды.
«Үздік ұстаз» номинациясымен Мөлдір Оспанова, Гүлжан Жүнісбекова, Сапура Әлбекова, Баян Сейтова, Үміткүл Үсенбаева марапатталса, психологтардын біліктілігін арттыру мақсатында өткен сараптау нәтижесімен I дәрежелі санатқа Салтанат Естиярқызы мен Айна Абдірахманова ие болды.
Психологтардың арасынан көпшіліктің таңдауымен №163 орта мектептің педагог-психологы Жазира Төлешова «Жыл психологы» атанды. Шараны аудандық білім бөлімінің педагог-психолог әдіскері Нүргүл Бадирова қорытындылап, психологтардың жұмысының жандануына креативті әсер қалдырған ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Иә, болашақ ұрпақтың салиқалы ұрпақ болып жетіліп, өмірден өз орнын адаспай табуына, тұлға болып қалыптасуына ата-анадан кейінгі тікелей жауапты тұлға – ұстаз. Оның қоғамдағы орны ерекше. Сондықтан әр педагог бала тәрбиесінің қай саласында қызмет атқарса да бұл жауапкершілік жүгі әсте жеңілдемесе керек.