№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » "Жаңақорған - жәннатым, өз мекенім"

"Жаңақорған - жәннатым, өз мекенім"

Жаңақорған жәннатым, өз мекенім, Білемін бар бақытым сенде екенін». Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтың жүрегін жарып шыққан осы бір жыр жолдары Қаратаудың етегін қоныс еткен жаймашуақ халықтың қайсыбірінің де көңіліне жып-жылы әсерімен қымбат. Төскейі кенге бай, баурайында егіні жайқалып, жайлауында төрт түлік малы өрген оңтүстіктегі шеткі ауданның орталығы – Жаңақорған кентінің қазіргі бейнесі соңғы кезде көп жаңарып, үлкен-кіші тамсана қарайтындай заманауи келбетімен көз тартады.

  Соңғы кезде облысымыздағы ең іргелі саналатын ауданымыздың орталығы Жаңақорған кентіне әкім тұрақтауы күрделеніп, бұл бағытта қыруар жұмыстардың бір бағытқа түсуіне қиындықтар туып келгені рас. Жаңа Қазақстанның үміт күткен жас кадрлары арасында жұлқынып, жұмысты ілгері алып кететін сайыпқыранның болмауы бұл жерде жеті өлшеп, бір кескен талаптың толғағын пісіре түскені кәміл.

Ақырғы тоқтам жасы алпысты алқымдаса да арыдағыны көрген аңғарымпаз болмысымен әу бастағы тұғырынан түспей келе жатқан туған жердің түлегі, кәсіпкер азамат – Әбдірәсіл Ысқақұлына келіп тоқтады. Ауданымызға жаңадан келген әкім Мұрат Тілеуімбетовтің өтінішін жерге қалдыра алмаған елгезек тұлға бір кездері отына күйіп, жалынына шарпылған, көптің қызметінде тіпті ел игілігіне деп ниеттенген енапат жобаларының кейбірі өзіне таяқ боп тиіп, көңіл жаралаған жағымсыз жағдайларын да жүректен сызып, нартәуекелге тастүйін бекініп, Жаңақорған кентіне әкім болып сайланғанына да жеті айдың жүзі болып қалыпты.

Бұл мерзім істің көзін білетін, нешеме жылдық жинаған тәжірибесі бар азамат үшін өз-өзін танытуға толық жеткілікті сынды. Оның үстіне, барлық салада жыл қорытындыланып, нақты көрсеткіштері сараланар тұста Жаңақорған кентінде іске асқан осы жылдың нәтижелеріне тоқталғымыз келді.

Кентте атқарылған оңды жұмыстарды ойға алғанда жаңашыл іс-қимылдардың тетігі басқаруға, ұйымдастыра білуге байланысты екенін баса айтқан жөн. Кезінде одаққа белгілі шипажайымен аты шыққан шырайлы мекеніміздің кескін-келбеті, мәдениет мәнері, ажар-көркінің архитектуралық үлгілі моделін қалыптастыру үшін мінсіз интеллектуалдылық та қажет. Осы талаптың биігінен танылуда табандылық танытқан кент басшысы Асқар Ибрагиовтың азғантай уақытта атқарған ауқымды жұмыстарынан біз осыны анық аңғардық.

Біздің кент әкімімен арнайы сұхбатымыздың мазмұны осы бағытта өрбіді.

– Іс тетігі – ұйымдастыруға байланысты, десек те, қарыс қадам бассаң қаржы мәселесі шыға келетін мойынға алған міндеттерді еңсеру де оңай болмаған шығар?

– Әрине. Бірақ елге болсын деген пейілмен еңбек ететін ерлердің мақсаты бір арнаға түйіскенде алынбайтын қамал болмайтынына менің осы жасымда, осындай жауапты да, сынға толы қызметте жүріп анық көзім жетті дей аламын. Рас, аз ғана уақытта кентте атқарылған тірліктер аз емес. Осының барлығы жақсылыққа ұмтылған жандардың жұмыла атқарған еңбегінің арқасында еңсерілді. Бұл ретте ісімізді әрдайым қолдап, дем беріп отырған аудан басшысына, қандай бастаманы қолға алсақ та, өзіндік инициативаларымен қанаттандырып, шынайы іске асыруда қажыр-қайратымен қуат болған ауданның жалынды жастарына алғысым шексіз.

– Енді нақты атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың меценаттарға «Туған жерге туыңды тік, оның көркеюіне, өсіп-өркендеуіне лайықты үлес қос» деген салмақты міндеті барлығымыздың мақсатымызға дем берді. Өзім бұған дейін аудан әкімі орынбасары, 2012-2017 жылдарда кент әкімі ретінде ел экономикасына етене араластым. Елге қызмет етуде жеке кәсіпкерліктің де салмағы жеңіл емес екен. 2018 жылдан бастап бес жыл бұл төңіректе де біраз тәжірибе жинақтадым. Атамекенге инвестиция құюда қауқарлылық аз, елжанды болмыс та керек. Біздің Жаңақорған кентінде де бюджеттен тыс атқарылып жатқан ауқымды жобалар осының айғағы.

Соның бастыларына тоқталсам, алдымен аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтің демеушілігімен тау беткей жақтан ауданға кіреберіс жолдың бойына әсем безендірілген зәулім қақпа орнатылды.
Қорасан Ата, Аманкелді, Алтынсарин, Қорғантоғай көшелерінің бойына орналасқан жарықшамдар Жаңақорғанның келбетін көріктендіре түсті. Әсіресе, кеш мезгілінде қайта жаңғырған Жаңақорғанның әсем бейнесі үлкен жол бойынан өтіп бара жатқан жолаушыларға айрықша әсер беретіні анық.
Жерлесіміз, белгілі кәсіпкер, «Азимут-М» ЖШС-нің директоры Марлен Ысқақов биыл «Балалар жылына» орай Жаңақорған ауданына үлкен тарту жасады. Жалпы құны 790 млн теңгені құрайтын заманауи үлгіде «PRIME PARK» демалыс саябағы кәсіпкердің жеке қаржысы есебінен бой көтерді. Кәсіпкердің айтуынша, алдағы жылы демалыс саябағының ішіне балаларға арналған кафе және жастар неке сарайы салынбақ. Сондай-ақ кент орталығынан өз демеушілігімізбен ені 5,5 метр және биіктігі 14 метр құрайтын алып Құмсағат бой көтеріп, осы жерден жастар аллеясы пайдалануға берілді. Онан бөлек Тәуелсіздік және Қорасан Ата көшелерінің қиылысына айналма жол салынды. Осы жұмыстарда «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарған ізгі ниеттестік көп мәселенің күрмеуін шешкенін айтып кетуіміз керек. Мәселен, осы жұмыстарды қысқа уақытта аяқтауда «Жаңарған Жаңақорған жастары» бірі техникасымен, тіпті біреулері қол күшімен көмектесіп, кент ішін жаңартып, сәулеттендірудегі жарқын жобаларымызды жылдамдатты.

– Бюджет есебінен атқарылған жұмыстар туралы не айтасыз?

– Наурыз айындағы сессияда аудандық бюджетке берілген 638 млн теңге өтінімнің 200 млн теңгесі қолдау тапты. Бұл қаржыны алдыңғы кезекте жолдарға тас төсеуге бұрдық. Ауданда соңғы жылдар түзілген инфрақұрылым базасында еңсе тіктеген жаңа көшелер санатында Саяжай, МАИ бекеті, Алтыкрант көшелері сынды 20 көшеге тас төсеуге басымдық берілді. Өйткені жаңадан түскен бұл көшелердің тұрғындарына лай-батпақты жолда жүру мүмкін емес, осы қиындық қанша жылдан бері айтылып, шешімін таппай келеді екен. Әсіресе екі көшеде – Сүлеймен Мұстафаев және Қодас Жүнісбеков көшесімен көлік жүре алмайтын. Бірінші кезекте тас төсеуге осы көшелер және Май бекеті мен Саяжайдың қиылыстары қоса қамтылды. Жаңақорған кентіндегі Бостандық, Алдамжар көшелеріне де неше жылдан бері тас төселмей, халық тұрмысына қиындық туғызып келгені анық. Осы жұмыстардың барлығы тамыз айының соңына дейін толық аяқталды. Бұдан өзге «Балалар жылы» аясында Саяжай, Алтыкрант аймағында балалар ойын алаңқайы пайдалануға берілді.
Халық көп баратын жұмыспен қамту орталығы мекемесінің орналасқан жері ескі аурухана үйі, айналасы қар-жаңбыр күндері батпаққа малшынып жататын. Осы аймаққа да наурыз айында қаржы бөлініп, тас төселіп, асфальттанып, жақсы жағдайға келтірілді.
Аудан орталығындағы №125 мектеп үйі мен осы мектептің жаңа ғимараты арасында темір жолды жағалап жүретін тротуар бар болатын. Қожанов, Шонабаев, Мұсахан Жапаров көшелерінің оқушылары осы арқылы мектепке қатынайтын. Қысқы мезгілде осы тротуарға жарық бағаналары керек деген халық өтінішіне орай тиісті қаржысы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары негізінде жарық бағаналары қойылды.

– Бұған әсіресе ата-аналар қатты разылық білдіріп отырған болар?

– Әрине, балаға жағдай жасау бірінші кезектегі мәселе болуы керек. Сондықтан бұл біткен тірлік үшін бәріміз де арқамыздан жүк түскендей болып едік. Өкініштісі, бір-бір жарым ай ішінде қойылған жарықшамдардың бірнешеуін қиратып үлгірген қаскүнемдерді әлі де қолға түсіре алмай отырмыз. Бұл кімнің тіірлігі болуы мүмкін? Сана деңгейінің осыншалықты төмендігіне кімді, нені кінәларыңды да білмей дал болады екенсің.

– Кенттің толықтай жарықтандырылуы тунгі кезде жүргіншілердің тынысын ашып, қауіпсздікті де бекемдей түсті. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Кентті жарықтандыруға орай маусым айында берілген қаржыға аудан әкімі тарапынан Алтынсарин мөлтек­ауданына басым бағыт беріліп, жобада тұрған Ғафур Мұхамеджанов, Шоқыбаев көшелеріне жарықшамдар орнатылып, көп қабатты үйлердің аралығына дейін жарық барды. Талғат Бикелдиноов көшесі де келесі аптада толық жарыққа қосылады.
Сонымен қатар, маусым айында 8 балалар ойын алаңына қаржы бөлінді. Таяуда толық пайдалануға берілгелі отыр.
Балаларға жағдай жасау – басты міндет. Бұл орайда орталықтағы №110 және №51 орта мектептері алдында адам, көлік қозғалысы көп, балалар жүруге арналған тротуар жоқ болатын. Осы екі жерге де қаржы бөлініп, тротуар салынып, біілімгерлерге қолайлы жағдай жасалды. Енді алдағы жылға 14 көшені орташа жөндеуден өткізу және 4 көшені жарықтандыру жоспарда тұр, - дейді кент әкімі.
Жалпы айтқанда, 2022 жылға басты жобаларға облыстық бюджеттен 330 млн меңге қаржы қаралса, 2023 жылға 1 млрд-қа жуық қаржы бөлінеді деп күтілуде.
Кент орталығында жаңадан салынып жатқан 2 мектеп жаңа тоқсаннан бастап білімгерлер игілігіне берілгелі отыр. Осы білім ордаларына балалардың қатынауына жол қауіпсіздік мәселесі атаананы толғандырып отырғаны заңды. Мәселені шешуді күн тәртібіне қойған аудан басшылығының қолдауымен екі мектепке де барар жолда тротуар және жарықшамдарын орнатуға жобасы әзірленіп, қаржысы шешілсе бітті жұмыс басталғалы тұр екен.
Кенттегі атқарылған жұмыс, біткен істің барлығы бір күннің шаруасы емес. Елдің сәулетінен тұрғындарының дәулеті де хабар беріп тұратыны айқын. Жаңақорған ауданында көрші өңірлерге қарағанда халыққа қызмет көрсету нысандары немесе жеке тұрғын жайлар болсын, құрылыстың жоғары қарқын алуы, сайып келгенде, ел азаматтарының әлеуетіне де байланысты. Мұның өзі ортақ мекеніміздің ажар-көркінің артуына сеп. Тек, кенттің бас жоспарын назарда жіті ұстап, архитектурасына мін түсірмеуде міндеттерін мейлінше адал атқарған Зейнулла Әшірбеков, Орман Ахметов, Қайрат Сапарбаев сынды азаматтардың ұстанып келген принципінен жаңылмай, әлі де әрбір көше тақтайдай түзілген тәртібімізден жаңылмағанымыз дұрыс.
Ауданның айнасы болып саналатын кенттің тазалығын жолға қоюда қоғамдық қызметкерлердің үлесі айрықша. Соңғы 4-5 айда қарқын алған жаңа құрылыстардың басы-қасынан да осы азаматтар табылып, уақытпен санаспай жұмыс жасауы туған жердің қызметіне жараған жанашырлықтарының дәлелі. Осындай еңбектеріне орай кент әкімдігі қоғамдық қызметкерлердің басын қосып, жаңажылдық сый-сияпаттар ұсынып, құрмет көрсетуі ортақ мүдде жолындағы өзара ілтипат пен жарасымдылықты танытып тұрғандай.
Бір аңғарғанымыз, кент басшылығының өркениетті мемлекеттердегідей кадр таңдауда меритократиялық қағиданы ұстануы, яғни елдің нақты сенімінен шыға алған азаматтарды арқа тұтып, жауапты міндеттерді тапсыруы өз кәсібіне шын берілген жандардың қызметте жоғарылауына, тынысы кеңіп, халықпен одан сайын етене жұмыс жасауына мүмкіндік тудырып отыр.
2022 жылдың да соңғы парағы жабылып, әні-міне Жаңа жыл есік қаққалы тұр. Атаулы күндердің шырайын кіргізетін көрікті шыршаны кенттің қақ ортасына әкеп, шамын жағуды міндетіне алған кенттің мэрін демалыс күндері де алаңда жүрген жерінен таптық. Халық та өз ортасынан жиі көретін басшыны жанына жақын тұтса керек.
Жаңа 2023 жыл баршамыздың отбасымызға бақ-берекесімен келгей!

Баян Үсейінова

27 желтоқсан 2022 ж. 235 0