Ақын жүр жырын жазып жұмағында
Ақын аға тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Жүрегі жырдан жырдан жаралған аяулы ақынның өмірден озғанына биыл бес жыл болады. Осы атаулы жылы балалар жазушысының есімі аудан орталығындағы кітаханаға берілуі бүкіл жаңақорғандықтар үшін үлкен қуаныш болды. Манап ауылындағы Мәдениет үйі ұжымы ақын Адырбекті есе алу кешін ұйымдастырып, оған ақынмен бірге қызметтес болған, шығармашылық тұрғыда біте қайнасқан тұлғалар және ақынның жанұясын қонақ ретінде шақырды.
Ақын есімін Манап ауылының алдымен ескеруінің мәні бар. Өйткені Манап пен Адырбек бір-бірін толықтырып тұратын егіз феномен. Манап ақын қалай өмірден өтті, ғұмырын Адырбек жалғады. Манаптың төрт бірдей кітабын жинақ етіп шығарды. Адырбек өмірден өтті, Манап та көңілден көшіп бара жатқандай.
Адырбекті еске алуға арналған сырлы кешті таптаурын сценарисіз еркін бағытта жүргізуді жөн көрген аудан мәдениет саңлақтары Уәли Ибрагимов пен Әбсұлтан Байкенжеев басқосуды Адырбектің сөздеріне жазылған әдемі әнмен бастап, көрермен көңілін бір желпіндіріп тастады. Келесі кезекте мәдениет саласының өкілі, ақын Ерсұлтан Мұстафаев сөз алып, алғаш мүшайрада бақ сынағанында ақын Адырбектің алдынан өтіп, батасын алғанын айта келе, өзі өмірден өтсе де рухымен демеп келе жатқан ақынға шәкірттік сағыныш хатын оқып берді.
Ұғындым қаталдығын тағдырдың шын.
Жан аға мекеніңде жатырмысың ,
Мәңгілік жырға бөлеп қабір ішін.
Жоқтауым көкке жетіп іңірдегі,
Түн жұлдыз тұнжыраған мұңын берді.
Балалаық көңіілімде іздеп жүрген,
Түсімде тағы көрдім бүгін сені.
Келмейді мұңлы көңіл кемеріне,
Сендірген тағдыр солай кемеріне.
Балалық арманымның туын ұстап,
Ғашық боп өстім, аға, өлеңіңе.
Ұғынған балалықтың бала тілін,
Қалдырдың мәңгілікке бала жырын.
Балдырған жас жүректер жыр оқиды,
Өзіңді сағынғанда аға бүгін
Жасайды рухың өлмей жаның көкте,
Тарайды алау жырың әлі көпке.
Өзіңді сағынғанда демеу болар,
Шәкірттік хатым қалсын мәңгілікке».
Сырлы кеште өнер иесі Уәли Ибрагимов Адырбектің сөзіне жазылған «Әмір аға» атты әнінің шығу тарихын айта келе, еске алу кешінде ол кісімен жұбын жазбай бірге жүрген әріптесі Бексұлтанның «Сағынып жүрші» әнін орындап берді.
Әдебиет әлемінде өзіндік орны бар ақын Адырбек Сопыбеков классик ақын-жазушылардың берген бағасына лайықты өмір сүрді.
Ақын туралы «Көркем сөз әлемінің кемеңгері» атты еске алу кешіне жиналған көрермендер келесі сәтте экран арқылы ақын өміріне зер салды.
Адырбек Сопыбеков 1935 жылы 5 мамырда Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында дүниеге келген. Ол 1951 жылы Талап ауылындағы жетіжылдық мектепті, одан әрі аудан орталығындағы №51 орта мектепті бітірген. Еңбек жолын №54 Талап орта мектебінде пионеровожатый болып бастайды. 1958 жылдан бастап аудандық«Екпінді» газетінде корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істейді. 1961-63 жылдары партия комитеті ұйымдастыру бөлімінң нұсқаушысы, 1963-65 жылдары Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары, 1961 жылы КазГУ-дің филология факультетін бітірген. 1962 жылы облыстық партия комитеті жанындағы бір жылдық курсын оқыды. 1967 жылы Алматыдағы жоғары пария комитетінің журналистика бөлімін бітірді.
1967-85 жылдары облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде әдеби қызметкер, «Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы, Жаңақорған аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинеті меңгерушіісі, «Кітап» қоғамы аудандық ұйымының жауапты хатшысы, 1985 жылдан аудандық Мәдениет бөлімі жанындағы халық ақыны Манап Көкеновтің шығармашылық өнер мектебі ғылыми методикалық кеңесінің төрағасы, 1990 жылдан бастап осы өнер мектебінің директоры, 1990-91 жылдары «Қазақ тілі» қоғамының «Мирас» газетінің редакторы ретінде басылымды екі жыл бойы қоғамдық негізде шығарды. 1962- 86 жылдары Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. 1997 жылы Қызылорда облысының құрметті қайраткері, 1968 жылдан бастап аудандық кеңестің депутаты, Қазақстан жазушыларының 5, 8,9, 10, 11 сьездеріне, 1989 жылы «Кітап» қоғамының Мәсакеуде өткен сьезіне делегат болып қатысқан.
1965 жылы «Көзілдіірік», 1966 жылы, «Айға сапар» 1667 жылы «Шешілген жұмбақ» «Кім қалай ұйықтайды», 1970 жылы «Көктем жыры», 1976 жылы, «Базарлық», 1976 жылы «Полет на луну», 1997 жылы «Айналайын» кітабы шыққан.
1992 жылы «Қазақ балалар поэзиясының антологиясына» шықты. Өлеңдері орыс, белорус, өзбек тілдеріне аударылған. Балаларға арналған өлеңдері 50-ге жуық топтама жинақтарға енген. Соңғы 37 жылдан бері біраз өлеңдері мектеп оқулықтарына үзбей басылып келеді. Оншақты өлеңіне ән жазылған. Сонымен қатар халық ақыны Манап Көкеновтің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы «Манаптың бір өзі - бір театр» деген көлемді зерттеу еңбегі, «Ардағы болдым елімнің», «Бақыт құсы» атты жыр жинақтарының құрастырушысы, сонымен қатар «Жүрегі жырдан жаралған» атты естеліктер топтамасын шығарды. 2016 жылдың 10- шы қарашасы күні дүниеден өтті.
Кештің келесі бөлімінде ақынның жары Шарипа апа, қызы Сәуле естеліктер айтса, немересі Әлихан Бақытұлы ақынның өлеңдерін жатқа айтты.
Адырбек ағаның соңында жеке кітапханасында өз қолы қойылған 1 млн кітап қалғанын айтты Шәрипа апа. Соның 500-ін аудандық кітапханаға сыйға тартыпты. Бұл жөнінде ерекше тоқталған мәдениет саласының ардагері Нәбихан Шалапов:
– Адырбек ақын бар саналы ғұмырын елге арнады. Соңғы демі біткенше қаламы қолынан түспей, атамекеннің бүкіл тарихын хатқа түзді. Өзі ең соңғы сәтінде мәңгілік сапарына мешітте жыр оқып тұрып, аттанып кетті. Алланың сүйген құлы болуының бұл бір ишарасы. Өзім мәдениет саласында жүрген ширек ғасырда ол кісімен қояма-қолтық байланыста жұмыс жасадым. Музейге келгенде ол кісі міндетті түрде қолтығына кітап немесе құнды материал шыққан газет-журналды қыстырып келіп, «Нәбихан, мынау сендерге керек болады» деп бізге қалдырып кетіп отыратын ернекше ұқыптылығы ол кісінің екінші қырын әйгілеп тұратын. Өзі де әрі тарихшы ретінде құм астындағы мағлұматтарды жинақтауда маңдай терін аз төкпеді. Сөйтіп терген маржан дүниелері бүгінде талайдың кәдесіне жарап, тіпті талайға рухани талғажау, туған жердің дайын энциклопедиясы болып отырғанын мойындауымыз керек.
Ол кісі маған бала кезінде Жаңақорғанда Нартай Бекежановты көргенін, ол кісі жанынан өтіп бара жатқан мұны шақырып алып, жауырынына шығарып, қолындағы афишасын ілгізгенін сәттілік, бойда барын сол текті адамдардың арқасынан балаң табанына дарыған қасиетке балайтынын айтып еді. Әруақты тұлғаның есімі ескірудің орнына жылдан жылға жаңа қыры ашылып келеді, – деді.
ҚР Мәдениет қызметкері Ерубай Қалдыбек аудандық кітапханаға ақын есімін алып беруге қаламгерлер болып көп тер төккенін айтса, ақынның туған қайнысы Әбибулла Шердің Адырбек ақынның қолжазбаларын жинақтап, кітап етіп шығаруда еңбегі үлкен.
Ауылдағы №160 орта мектебінің басшысы Ибрагим Жанәділ рухани кешке талантты өрендерімен келіп, жырдан шашу сыйлады.
Ал Манап ауылының тұрғыны, ел ағасы Құттықожа Көкенов: Әбділла Тәжібаев, Сырбай Мәуленов жанында біраз кісілер бар, тау баурайында үй тігіп, үш күн жатты. Міне, осы ақындар алдында бозбала ақын Адырбек өлең оқыды. Сонда ақындар тамсанып, «жырдың бәрі Сырда екен ғой, соңымыздан талантты жастар еріп келеді екен» деп Адырбекке де жоғары бағасын берген, – деді.
Кешті Манап ауылдық клуб үйі директоры Убайдулла Манапов қорытындылады.
Баян Үсейінова