Кайдзен: кәсіп бастаудың жаңа жүйесі
Соңғы жылдары ТМД елдерінің бизнес кеңістігінде кең таралып, сәнге айналған кайдзен философиясы туралы ондаған кітап шығып, жүздеген мақала жазылды. Кайдзен тек кәсіпкерлер ортасында ғана емес, өнер мен спортта да басты бағдарға айналғандай. Бұл бағдар біздің елде де кең тарап, дәріс алушылар қатары кеңейіп келеді. Солардың қатарында белгілі кәсіп иесі, кайдзен-тренер, кайдзенменеджер, осы жүйе туралы кітап жазып, мыңдаған шәкірт оқытқан Ғани Байғалиұлы жуырда Жаңақорғанда болды. Аудан жастарымен жастар ресурстық орталығында жүздесіп, семинар-тренинг өткізді.
Алдымен кайдзен туралы түсініп алайық. Ол жапон тілінен аударғанда "жақсылыққа қарай бағыт алу, өзгеру" дегенді білдіреді. Яғни, үздіксіз даму мағынасын білдіретін жапон философиясы. Өзіңді тұлға және маман ретінде, жұмысың мен өндіріс процесін, клиенттермен қарым-қатынасты, тұтастай алғанда айналадағы бәрін үздіксіз дамыту.
Бұл термин алғаш рет 1947 жылы Жапонияда пайда болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң бұл елдің экономикасы құлдырап, Жапонияда өндірілген тауарлардың сапасы нашарлады. Америка жапон кәсіпкерлеріне лекция оқып, тәжірибесімен бөлісуге өздерінің ең мықты инженерлерін жібереді. Олардың арасында заманауи сапа қозғалысының жетекшісі У.Эдвардс Деминг те бар болатын.
Деминг өндірісті қалай дамытып, жұмысты қалай жолға қою керегін үйретті. Жапондардың Деминг идеяларын түгел меңгеріп алғаны сонша, он жылдан соң америкалықтар келіп, жапондардың тәжірибесімен танысады. Атақты автомобиль компаниясының иесі Генрих Форд та жапондардан үйренгенін пайдаланады. Америкалық бизнесмендер бұл әдісті Лин-жүйе деп атады. Бірақ олар дәл кайдзен әдісін енгізе алмады.
Кайдзенді барлық салада қолдануға болады. Жаңақорғандағы тренингте Ғани менеджер нақты жүйені рет-ретімен түсіндірді. Бірінші кезекте, жеткен жетістігі мен алғашқы ұстазы Марғұлан туралы нақты мәлімет бере кетті. Қатысушылардың мамандықтары мен кәсіптерін сұрап, сосын іске көшті.
– Кайдзен туралы алғаш рет Корея мемлекетінде шет ел практикасында жүргенде естідім. «Алель-Агро» компаниясы осы жүйені ұжымға енгізуді бастағанда, қатты қуандым. Өйткені мұнда еркіндік бар, шығармашылыққа орын бар, бастысы табысқа ұмтылатын адамдардың басын қосқан орта бар. Мені қызықтырғаны да, кайдзенге алып келгені де осы.Кайдзен дегеніміз үздіксіз өзгеріс. Көз алдыңызға биік шыңды елестетіңіз. Кайдзен дегеніміз сол шыңды бағындыруға көмектесетін құрал. Баспалдақ. Әр баспалдаққа көтерілген сайын тыныс алып, жанжаққа қарап рахаттану – кайдзен. Кайдзенді өмірге не жұмысқа енгізу үшін көп қаражат керек емес. Қолда барды кәдеге жаратасыз.
Кайдзеннің құдыреттілігі – оның басты принципінде. Кайдзен бойынша компания қызметкерлерін жұмыстан шығармайды. Ешуақытта. Компания барлық қызметкерлерге тең қарайды. Кез келген мәселені бірігіп шешуге даяр. Клиентке ұнау үшін қызметкерін кемсітпейді, құқығын таптамайды, - деді бизнесмен.
Тренингте бастаған бастаманың екі шегін түсіндік. Алғашқысы, қаржылық түсінік, екіншісі, компанияның дамуы. Жалпы, бизнестің алға басуы, қандай да бір жетістікке жетуіне 3 меже болғаны абзал. Энергия, уақыт және ақша. Оның ішіндегі ақша уақыттан кейін, энергияның тиімді пайдалану. Яғни, қызметкерлердің көңілкүйі мен әлеуметтік мәселелері бірінші шешілуі тиіс. Бірақ, бұл көп мекеме, әсіресе жеке кәсіп иелерінің қолынан келе бермейді. Өйткені, талап көп, бірақ, жалақы мен көңіл-күй тым төмен.
Кайдзен өмірді өзгерте ме?
– Өмір өзгереді. Еркіндік пайда болады. Ұрыс-керіс те, мәжбүрлеу де, бір-біріне сілтеу де, жауапкершіліктен қашу да тыйылады. Себебі кайдзен бойынша қателік ол ұрысуға, жұмыстан шығаруға сылтау емес, ол – өзгеруге себеп. Қателік жасаған қызметкер айыбын мойындаудан қорықпайды. Оны ашық айтады. Ешкім оны сөкпейтінін, кемсітпейтінін жақсы біледі. Бүкіл ұжымның мақсаты – сол қателіктің түп негізін табу, оның қайталанбауына септік ету.
Өміріміздің көп бөлігі жұмыста өтетіні бұлтартпас шындық. Егер жұмысқа қуанып барып, қуанып үйіңізге қайтсаңыз, бақыттан бал-бұл жайнап, ғұмыр жасыңыз ұзарады, мінезіңіз де, болмысыңыз да өзгереді. Кайдзен тек өндіріске ғана арналған жүйе деп ойлау қате. Жеке өмірде де кайдзенге әркез орын бар, – деді ол.
Иә, бұл саланың негізгі серпілісін ойға түйдік. Егер әрбір кәсіп иесі бұл туралы толық білгісі келсе кітабын парақтап немесе арнайы сабағына қатысуына мол мүмкіндігі бар. Өйткені, бұл тақырыпты бір мақаланың аурасына сыйдыру мүмкін емес. Ең бастысы, бастаған бизнесіңнің биік шыңына жету басты міндет.
Алдымен кайдзен туралы түсініп алайық. Ол жапон тілінен аударғанда "жақсылыққа қарай бағыт алу, өзгеру" дегенді білдіреді. Яғни, үздіксіз даму мағынасын білдіретін жапон философиясы. Өзіңді тұлға және маман ретінде, жұмысың мен өндіріс процесін, клиенттермен қарым-қатынасты, тұтастай алғанда айналадағы бәрін үздіксіз дамыту.
– Өмір өзгереді. Еркіндік пайда болады. Ұрыс-керіс те, мәжбүрлеу де, бір-біріне сілтеу де, жауапкершіліктен қашу да тыйылады. Себебі кайдзен бойынша қателік ол ұрысуға, жұмыстан шығаруға сылтау емес, ол – өзгеруге себеп. Қателік жасаған қызметкер айыбын мойындаудан қорықпайды. Оны ашық айтады. Ешкім оны сөкпейтінін, кемсітпейтінін жақсы біледі. Бүкіл ұжымның мақсаты – сол қателіктің түп негізін табу, оның қайталанбауына септік ету.
Әлібек Жарықбаев