№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мобильді бағдарламаның тиімділігі неде?

Мобильді бағдарламаның тиімділігі неде?

Ұялы телефон байланыс құралы ғана емес, кез келген банк қосымшасы арқылы үйде отырып-ақ несие рәсімдеп, газ, су, жарық сынды әлеуметтік төлемдерді аудара аласыз. Тіпті, жаңадан құжат рәсімдеуде «е-gov» қосымшасы арқылы өтініш беруіңізге болады. Ең қызығы, енді дүкен аралап аяғыңыздан тозбайсыз. Өзіңізге қажетті дүкеннің онлайн парақшасына кіріп, қажетті затты белгілеп, ақысын төлесеңіз, үйіңізге дейін әкеліп береді. Қандай ғажап, ә! Қазақстанда отырып, сонау Қытай, Түркиядан кез-келген затты алдыруыңызға болады. Алайда бұлар сіздің телефоныңыздағы мүмкіндіктердің жартысы ғана. Олай болса, сіздің де кәдеңізге жарасын деген оймен телефондағы қосымшаларға көз жүгіртіп, бір саралап өтейікші...


   Әуелі осы ұлялы телефонның балаға зиян туралы айтылып та, жазылып та жүр. Әйтсе де, бұл құрылғының жасөспірімдерге пайдасы да ұшан теңіз. Айталық, «kitap, audiokitap» қосымшасында «Қазақстанның ашық кітапханасы» аталатын бұл жобада 5 мыңнан астам кітапты оқуға және тыңдауға мүмкіндік береді екен. Соңғы уақыттары балалар кітап оқымайды деп алаңдаушылық басым екені сөзсіз. Осындай уақытта кез келген кітапты оқымай-ақ, телефон құрылғысы арқылы тыңдауға да болады. Керек десеңіз, кейбір кітаптарды автордың өзі немесе кәсіби диктор оқыған. Бұл баланың кітап оқуымен қатар, білім алуына ықпал етеді десек артық болмас.

Сонымен қатар, әлі әріп танып үлгермеген балаларының көңілін аулау үшін қолына смартфон ұстатып қоятын ата-аналар олардың телефоннан қандай ақпарат алып отырғанын қадағалай бермейді. Рас, балаларға қызықты көптеген ойындар мен мобильді қосымшалар бар. Бірақ олардың қазақ тілі мен тәрбиесіне пайдасы бар деп айта алмаймыз. Керісінше, қатыгездік пен жауыздыққа бағытталған ойындар мен бейнесюжеттерді көреді. Осыны ескерген астаналық Алмас Топеев «IQ Bala» мобильді қосымшасын ойлап тауыпты. Бұл қосымша телефон ойыны арқылы қазақ тілін меңгеріп, тіпті, латын таңбаларын тануға да мүмкіндік береді. Атаулы қосымша арқылы, ойын ойнап қана қоймай, қазақ тілінде еркін сөйлеп, көнерген сөздерді де жаңғыртуға жол ашқан. Баласының болашағына алаңдайтын ата-ана, осы қосымшаны жүктеп, балаңызға көрсетсеңіз құба-құп.

Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын жандар кемде-кем. Еңбектеген баладан еңбейген қарияға дейін ауруханада ұзын сонар кезекте тұрады. Міне, жан біткенге ауадай «DamuMed» қосымшасын айтқанды жөн көріп отырмыз. Бұл қосымшаның көмегімен дәрігер қабылдауына жазылып немесе үйіңізге шақырта аласыз. Тапсырған анализдердің нәтижесін емханаға бармай көріп, өзіңізге қажетті құжаттарды үйде отырып шығарып алуға болады. Атаулы қосымшаны әр тұрғын өз өңірін таңдап, «кіру» тетігі арқылы ұялы телефон нөмері мен ЖСН-ді тіркеп, смспен келетін құпия кодты тіркегеннен кейін «рұқсат ету» батырмасын басасыз. Бұдан кейін ЖСН-ді енгізу арқылы тұрғынның қай емханаға бекітілгені және емдеу дәрігерінің атыжөні автоматты түрде шыға келеді. Одан ары көптеген мүмкіндіктерді көзіңіз шалады. Бұл жөнінде аудандық емхананың ұйымдастыру бөлімі кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесінің жауапты маманы Бауыржан Мұхаффаровтан толыққанды сұрағанды жөн көрдік.

– Бүгінгі таңда аудандық емхана толыққанды электронды денсаулық паспортына көшірілген. Цифрландыру өте ыңғайлы және оңтайлы жүйе деп есептеймін. Емханаға келушілер бұрынғыдай бума-бума қағаздарды арқалап, ұзын сонар кезекте сағаттап тұрмайды. Алдын ала бос уақыттардың біріне жазылып, сол уақытта дәрігерге келіп, ЖСН-нөмерін айту арқылы, орталық базадан бүкіл ақпаратты біліп, әпсәтте ем жүргізуге оңтайлы шешім. Оған қоса, дәрігердің берген рецептілерімен, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін, флюоргафиялық, скринингтік тексерулерден өтуге дейін көруіне болады, – білікті маман. Сонымен қатар, қазір екінші деңгейлі банктер өз экожүйелерін барынша байытып, жедел әрі сапалы жұмыс жүргізіп келеді. Атап айтсақ, төлем жасау, билет алу, ақша жіберу сияқты дүниелердің барлығын дерлік мобильді қосымша арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Тіпті, көпшілік арасында ақша ұстамайтындар да көбейді. Мысалы, «Халық банкі» өзінің халықаралық және жергілікті деңгейдегі пластикалық төлем карталарының иелеріне «мобильді банкинг» деп аталатын жаңа қызмет түрін іске асырды. Мысалы, карталық есепшотыңызға еңбекақыңыз түсті немесе оған ақша аударылды делік. Сіздің ұялы телефоныңызға сол сәтте-ақ ақша түскендігі туралы смс хабар келіп түседі. Яғни, әмияныңыздың электронды нұсқасы десек болатын сияқты. Сол секілді, сіз қандай да бір дүкеннен немесе сауда орталығынан карта көмегімен сауда жасасаңыз, 2-3 секундтың ішінде смс хабар келіп түседі. Онда сіздің қай жерде, қанша теңге көлемінде ақша жұмсағаныңыз туралы толық ақпарат жазылған. Яғни, өз есеп шотыңыздағы өзгерістер жайында сол сәтте бірден хабардар боласыз. Орталықтағы «Халық банк» бөлімшесінің алдында банкоматтан жалақысын алуға келген Абай Әлиасқаров деген азаматтан «мобильді қосымшаны қолданасыз ба?» деген сауалымызға:
– Иә, ұялы телефоныма «Халық банктің» қосымшасын жүктеп алғанмын. Үйде теледидар қарап жатыр едім, ұялы телефоныма жалақы түскені туралы ақпарат келіп түсті. Содан кейін шотымдағы ақшаны шешіп алуға келіп тұрмын. Ең тиімдісі – уақыт үнемдейсің. Мен үшін, әрине, бұл жүйе ыңғайлы. Өйткені, кез-келген сәтте және кезкелген жерде өзіңнің есеп-шотыңды біліп отырасың әрі өз ақшаңды қайда жұмсағаныңды бақылап отыруға мүмкіндік бар. Тіпті, ұялы телефонға бірлік салу үшін де дүкен жағаламайсыз. «Халық банктің» қосымшасын ашып жіберемін де, өз нөмеріме бірлік салып аламын. Өткенде жүрдек пойызбен Алматыға бардым. Алдын ала билетті брондап, ақысын да төлеп қойдым. Заман күй сайын емес, сағат сайын өзгеріп жатыр, заман көшіне ілесе білу керек, – дейді Мақсат. Расында, бізге қажетті дүниенің барлығы ұялы телефонның ішінде. Қазір, ақшаны қолма-қол ұстайтындар некен-саяқ. Мейлі көлікке мінсеңізде, дүкен араласыңызда көлігіңізге май құйсаңызда, қандай да бір төлем жасауды ойласаңыз, телефоныңыз қолыңызда болса болғаны. Бұл сөзімізді Жаңақорған аудандық «Халық банкі» филиалының қызметкері Айнұр Тұрлыбекова да қуаттай түсті.

– Заманмен бірге техника да көз ілеспес жылдамдықпен дамып, күн сайын жаңа бір дүние қолданысқа еніп жатыр. Бұрындары уақытымыздың көбі кезек күтумен, бір істі бітіру үшін үйден шығуға тура келетін. Ал, қазір үйде отырып-ақ барлық жұмысты бітіруге болады. Мысалы, «Халық банкінен» несие рәсімдегіңіз келсе онлайн өтінім берсеңіз, сізге несие болатынын немесе болмайтынын айтып береді. Егер банк оң шешім танытса, бөлімшеге келуіңізге болады. Сондай-ақ, Homebank мобильді қосымшасы арқылы төлемдерді жылдам, әрі оңай жасай аласыз. Бұдан басқа аударымдар тарихын қарау, өз шоттары, карталары және депозиттері арасында комиссиясыз аударымдар жасау, Halyk Bank клиентіне телефон нөмірі бойынша комиссиясыз аударым жасау, бүкіл әлем бойынша кез келген картаға қаржы аудару, ҚР банктерінің карталарына аударым жасағанда ұсталатын комиссия – 150 теңге (өзге банктермен салыстырғанда бұл төмен тариф), Western Union Online арқылы тиімді тарифтермен ақша алуға және аударым жасауға болады, Halyk Bank клиенттері QR бойынша аударым жасай алады, жиі жасалатын аударымдарды кез келген атаумен сақтау сынды мүмкіндіктері көп, – дейді банк қызметкері.

Ал, Рost.kz – «Қазпошта» мобильдік қосымшасы, мобильдік операторлардың қызметтерін, коммуналдық қызметтерді төлеуге және Қазпошта бөлімшелерінде кезекті брондауға мүмкіндік береді. Бұл құрылғының көмегімен пошталық жөнелтімнің мекенжайын тез әрі оңай анықтап, пошта индексіңізді білуге болады. Ең жақын пошта бөлімшесін картадан тауып, оның жұмыс істеу уақытын біліп, жетудің ең ыңғайлы жолын көруге мүмкіндік бар. Ұлттық пошта операторының қызметтері туралы үлкен ақпараттық бөлім, жөнелтудің құнын есептеп курьер шақыруға сұраныс жіберетін тарифтік калькулятор да бар. Сонымен қатар, жуырда тұтынушылардың қызмет деңгейін бағалау, фотосуреттен электронды пошталық карточка жасау мүмкіндігі, сауда-саттықтын жағдайы жөнінде ақпаратты ұсынылатын жаңа мүмкіндіктер де іске қосылады.

– Өзім өткен жылдан бастап смартфоныма «Казпошта» мобильді қосымшасын жүктеп алғанмын. Өте ыңғайлы. Бұрынғыдай поштаға барып, сағаттап кезек күтіп тұрудың қажеті жоқ  Интернетті игілікке икемдеп, қосымша арқылы бүкіл қызметкерлер мен қызметтің жұмыс уақытын бақылап отыруға болады. Ең тиімдісі мен жанжақтан тауар алдырамын, түрлі фирмалардың заттарына заказ беремін. Бұрын почтаға бірнеше рет баратынмын, затым келген болар деп. Қазір, телефона смс келгеннен кейін ғана поштаға барамын, – дейді кент тұрғыны Сауле Әлімқанова.

Әсіресе, көлік жүргізушілері үшін мол мүмкіндік. Ұзақ сапарға шығар алдында жаңа мобильді қосымшаның көмегімен жол жүру оңтайлы бола түсті. Яғни, автожолаушылар «Sapar» мобильді қосымшасын республикалық маңызы бар жолдарда қолдана алады. Көлік жүргізушілері республикалық маңызы бар жолдармен жүргенде қосымшаның көмегімен жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын, жанар-жағар май құю бекеттері, дәмхана, қонақүйдің қай жерде екенін алдын ала біліп және қандай да бір оқыс оқиғаға тап болған жағдайда қосымшасы арқылы хабар бере алады. Одан бөлек, қосымшада ауа райына қатысты мәліметтерді біліп отырады.

Ал, ауданымыздағы такси қызметі ең сұранысқа ие сервис түрі десек артық болмас. Жолға шығып такси ұстамай-ақ, үйіңізде отырып қоңырау шалып немесе «Ало такси» қосымшасына жүгінсеңіз. Иә, ұялы телефонның біз білмейтін құпиялары өте көп екен. Енді аудандағы ұялы телефонның шебері Нұрсұлтан Қамбаровтан да сұрап білген едік.

– Көбіне адамдар ұялы телефонға қарапайым ретінде қарап жатады. Өзіміз ұстап жүрген ұялы телефонның бүге шегесін толық меңгеруге тырысу керек. Мысалы, 112 нөмірін терсеңіз,ол дүние жүзі бойынша тарайды. Егер сіз байланыс аясынан тыс жерде болсаңыз да телефоныңыз жабық режимде тұрса да істей береді. Телефоныңыздан 112 нөмірін теріп, байланысқан жағдайда тиісті орган сіздің тұрған жеріңізді сол мезетте анықтап ала алады. Қандай шұғыл әрекет десеңізші. Кілтіңізді автакөліктің ішінде ұмытып тесігі жабылып қалды делік. Егер үйіңізде қосымша кілт болса барып әуре болмайсыз.Үйіңіздегі адамға телефон соғасыз. Ол кілтті қолына алады да телефонның жаңында ұстап басқышын басады. Сол кезде сіздің көлігіңіздің есігі ашылады. Ара қашықтығы қандай болса да бәрібір. Мың шақырым жерде болса да осылай ашып аласыз.

Сонымен қатар, телефонның ішінде сақтаулы тұратын қосымша қуаты барын бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Мысалы сіз қоңырау күтіп тұрсыз. Ал телефонның заряды өшіп қалған. Ондайда телефонның резервтік аккумуляторын қосуға болады. Ол үшін «*3370#» белгілерін теру керек. Сол сәтте телефоныңызда сақтаулы қосымша қуат іске қосылып елу пайыздық заряд береді. Сіз қалауыңызша пайдалана бересіз. Ал кейін сіз телефоныңызды қуат¬тағанда резервтік аккумулятор қайта қуаттанады, – дейді маман. Міне, ұялы телефон өміріміздің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Телефонның құпиясы мен мүмкіндігі бұл ғана емес. Күнделікті жаңарып жатқан смартфондарға бірінен-бірі асып түсетін мобильдік қосымшалар орнатылып жатыр. Оларды білу үшін заман көшіне ілесіп, жаңалықтардан қалыс қалмауға тиіспіз.

Әсел РЗАЕВА

28 маусым 2023 ж. 309 0