Роботатехника заман талабы
Мектеп қабырғасында «екінші ана» ұстаздар да баланың бейімділігіне, қызығушылығына қарай сабақты тартымды етіп, ынтасын оятатындай құрылыммен өткізсе ұтымды болары сөзсіз. Қазіргі уақытта көптеген оқушы «сабақ», «сабақ оқу» сөздерін негатив сынды қабылдайды. Бұған себеп кей мұғалімдердің тапcырма орындамай келген оқушыны сыныптың көзінше «жерден алып, жерге салатындығы». «Балаға байқап сөйлесең ақылыңа көнер, шайқап сөйлесең көрсетер бір өнер». Осыдан кейін оқушы оқуға ынталану былай тұрсын, сол мұғаліммен өштесіп кетеді. Осы турасында сала мамандарын сөйлетіп көрсек
– Оқушылардың 1,5 жыл білім ордасына келмеуіне байланысты көптеген бала сабақтың ішкі жүйесінен шығып қалды. Осыған орай, балаларды ынталандыру мақсатында арнайы жұмысшыларды жасақтадық. Оның құрамына – мектеп директоры, оқу ісінің орынбасары, тәрбие ісінің орынбасары, психолог маманы кіреді. Сол мамандармен бірге қыркүйек айында 10 күндік өткізіп, оқушылардың оқуға ынтасын анықтау үшін сабақтарға қатыстық. Бір сыныпқа 2-3 реттен кіріп, тұжырым жасадық. Түрлі бақылау тесттерін алып білім деңгейін сараладық. Сонымен қатар жиналыс өткізіп, ата-аналармен де жұмыс жүргіздік. Әр оқушының қай пәнге қызығушылығы, бейімі бар соған қарай ұжымдық жұмыс істеуді қолға алдық, – деді №169 И.Илялетдинов атындағы мектептің директоры Аллаберген Ахметов.
Қай мектепте білім беру үрдісі қалай ұйымдастырылатынын ҰБТ қорытындысы бойынша білуге болады. Біздің ойымыз білім ордаларын салыстырып, салмақтау емес. Оқушының білім-ілім алуға ынта-ықыласын қалай арттыруға болады? Осы сұрақты №56 мектептің ағылшын пәні мұғалімі Эльмира Сұлтанқожақызына қойдық.
– Сапалы білім бере отырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жауапты іс деп білемін. Балаға жаңа нәрсені үйрету үшін алдымен оның қызығушылығын ояту керек. Қазіргі таңда жаңартылған білім беру үлгісінің түрлі стратегиясы мұғалімнің таптырмас қаруы. Күнделікті сабақта осыларды пайдалану арқылы оқушыны жалықтырмай, керісінше ынтасын арттыру керек. Әр оқушы өзіне мұғалімнің мақтау, жылы сөз айтқанын қалайды. Сондықтан әр балаға ерекше ықыласпен қарап, тапсырманы орындамаса артық сөздер айтып ұрыспай, келесіде сабақты орындап келуіне амал жасау керек. Сабақ соңында кері байланыс алу барысында, үлгерімі төмен балаларды «Жарайсың, сен бүгін тапсырманы жақсы орындадың, ертең бұдан да жоғары көрсеткішке жетесің!» деп үнемі қолдап отырамын. Әрине бұл өз кезегінде нәтижеге жеткізеді, – деп жауап берді ол.
Оқушының көзқарасы мен дүниетанымына байланысты пәндерге қызығушылығы әртүрлі болады. Алайда ұстаздың ұстанымы мен ұстыны мықты болса, бәрінен бұрын, біліктілігі жоғары, білімі кемел болса, қандай оқушыны болмасын білімге құмарлығын арттырып, сабаққа белсенді қатыстыра алады. Бұл – психологтардың пікірі.
– Қазіргі заман балаларын әлденемен қызықтыру, сабаққа ынтасын, қызығушылығын ашу оңай шаруа емес. Сондықтан мұғалімге де, ата-анаға да сабырлылық керек. Баланың оқуға деген ынтасы мен қабілетін дамыту үшін ішкі мотивацияға үңілуіміз керек. Ересек адамдарды алып қарайтын болсақ, өзімізге ұнаған нәрсені орындаймыз, сол сияқты баланың ішкі жан дүниесін түсініп, қызығушылығына қарай бағыттаумыз керек. Ішкі мотивацияны ояту ұзақ процесс. Ол көбіне ата-анаға байланысты. Іші мотивацияны ояту үшін баламен одақ құрып, таңдау еркіндігін беруіміз керек. Сонымен қатар, балаға білім алудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіру қажет. Баланың жеткен жетістіктерін талқылап, жақсы іс-әрекеттерін мақтап, жағымсыз әрекеттерін айтудың қажеті жоқ. Баланың алдына нақтылы мақсат қоюына көмектесіп, қол жеткізуіне бағыт-бағдар жасауымыз керек, – дейді №51 М.Қаратаев атындағы мектептің психологы Ақерке Айтжанқызы.
«Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында». Үйде ата-ана, мектепте ұстаз оқушының білімге құштарлығын оятып, дұрыс бағдар көрсетіп отырса, бәсекеге қабілетті жастарымыз көбейіп, ел еңсесін тіктейтіні анық.