№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Нарық бағамы

Нарық бағамы


Ал, базардағы бағаны айтудың өзi артық болар. Дегенмен, өкiмет жылдың басында елдi бiр серпiлтiп тастап едi. Өйткенi, 2014 жылдың 1-сәуiрден бастап ең төменгi зейнетақы 32 мың 186 теңгеге теңелдi. 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаларға жәрдемақы 20 мың 965 теңге, мүгедек баланы тәрбиелеушiге берiлетiн жәрдемақы да 20 мың 965 теңге болды. Асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар: бiр балаға – 13 мың 777 теңге, екi балаға — 023 мың 760, үш балаға – 29 мың 550, төрт балаға – 31 мың 347, бес балаға -32 мың 345, алты және одан да көп балаға – 33 мың 743 теңге, тұл жетiм әр балаға – 18 мың 769 теңге болды. Одан бөлек, «Алтын алқа» және «Күмiс алқа» иелерiне 11 мың 853 теңге мөлшерiнде арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төленедi. Бала туғанда берiлетiн бiр жолғы жәрдемақының мөлшерi бiрiншi-үшiншi бала туылғанда 55560 теңге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда 92600 теңге жеттi. Бала күтiмi үшiн жердемақылар бала санына қарай 1-шi балаға 10186 теңге, сәйкесiнше 4-шi және одан көп балаға 15742 теңгеге дейiн көбейдi деп қуанған көпшiлiктiң, қуанышы демде су сепкендей басылды.
Жылда халыққа көмек көрсетiп, алатын ақыларына бес-он теңге қосқанымен, баға да үйреншiктi әдетiне басып көтеріледі. Тiптi, бұған барлығымыз да үйренiп алдық. Алайда, бұл жолғы өсiм өзгелерiне мүлде ұқсамайды. Бұрындары азық-түлiк бағасына бес-он теңге қосылса, бұл жолы пайыздап еселендi. Бiрлi-екiлi дүкендер мен базарларды аралап шыққан бiрқатар шенеунiктер: «Елiмiзде баға тұрақты. Девальвацияның инфляцияға ешқандай әсер еткен жоқ», – деп, көгiлдiр экранның арғы жағында тұрып, елдi сендiруге тырысқанмен, экранның бергi жағындағы жұрт сенбек түгiлi, құлақ асып тыңдамады да… Өйткенi, шындықты өз көздерiмен көрiп отыр емес пе? Сенейiн десе, бағаның тұрақтанар түрi жоқ. Мәселен, iшкi нарыққа талдау жасаған маркетологтар қант Астанада – 22 пайызға, Павлодар мен Петропавлда 11 пайызға көтерiлгенiн айтты. Сонымен қатар Өскемен, Ақтөбе, Көкшетау, Алматы, Орал, Таразда да қант 2-8 пайызға дейiн қымбаттады, әлi де қымбаттау үстiнде. Мұнымен қоса азық-түлiктiң басқа түрлерi де қымбаттаған. Мәселен, макарон өнiмдерi Шымкентте 12 пайызға, пияз 20 пайызға бiр-ақ шарықтапты. Ақтөбедегi жағдай мүлде басқаша: дәндi-дақыл түгел қымбаттаған, күнбағыс майы, жұмыртқа, шай, макарон өнiмдерi, сүт пен сыр түгел өскен. Павлодардағы сүт өнiмдерiнiң басым бөлiгi сырттан тасымалданатындықтан, сыр – 21 пайызға, сары май – 16 пайызға, iрiмшiк 10 пайызға қымбаттапты. Тиынын санап жүрген халық теңгенiң құнсызданғанына қайғырып жүрсе, билiк керiсiнше, жағымды жаңалықтармен бөлiсiп әлек. Мысалы, ҚР ұлттық банкiнiң басшысы Қайрат Келiмбетов девальвациядан кейiн елде макроэкономикалық өзгерiстер болатынын айтады: «қазiрдiң өзiнде экономикалық өсiм 2014 жылы 7 пайызға тең болатынын байқаймыз. Ал инфляция деңгейi 6-8 пайыз төңiрегiмен шектелмек». Ал 20 пайыздық девальвацияның керi әсерiнен бейхабар ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң басшысы Әлихан Смайылов бағаға қатысты мәселенi өз бетiнше зерттеп көрiптi. Баспасөз мәслихатын өткiзген ол: «Мен дүкендерге кiрдiм. Мәселен, егер иiссуларды алсақ, Астанада 40 пайыздық жеңiлдiктер болып жатыр. Олардың барлығы – импорттық тауарлар. Ал азық-түлiкке келсек, айтарлықтай қымбаттағанын байқамадым», дедi. Шенеунiктiң «айтарлықтай» дегенiнiң астарында «иә, баға өстi, бiрақ аса қымбаттаған жоқ қой» деген емеурiн жатқандай. Ал қарапайым халыққа болмашы қымбатшылықтың өзi қаржылық тұрғыда ауыр жүк емес пе? Жақында ғана Алматы қаласында нанның бағасы тағы да бес пайызға өсiп отыр. Әңгiме азық-түлiк, жанар-жағармай нары­ғынан бөлек, дәрi-дәрмек өндiрiсiне де тiкелей қатысты. Пенде болғасын бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Мұндайда дәрiханаларға тұра жүгiретiнiмiз белгiлi. Бiрақ дәрi-дәрмектiң басым бөлiгiн сырттан таситын сау­дагерлер қауымы девальвация соң-ақ бағаны күрт өсiрдi. Мысалы, балалардың мұрнын шаюға арналған теңiз суы бұған дейiн 1400-1500 теңге тұратын. Девальвациядан кейiн бiр күн өткенде сол суды 2800 теңгеге сатып алдық. Бұл өз басымыздан өткен бiр ғана жайт. Фармацевтикалық фирма өкiл­дiктерi қауымдастығының атқарушы директоры Светлана Оспанованың сөзiне қарағанда, дәрiлiк өнiмдердiң 80 пайызы елiмiзге сырттан әкелiнедi екен. Соның 20,5 пайызы – Германиядан болса, 11,2 пайызы – Францияға, ал 10 пайыздайы Ресейге тиесiлi. Импорт үшiн теңгемен емес, доллармен есеп айырысатындықтан бағаның бет қаратпай кетуi әбден мүм­кiн. Ал әзiрге билiк дәрi-дәрмек саудасымен айналысатындардың тамырын басып, уақытша болса да, халыққа қарасуын сұрап әлек. Теңге теңселiсiнен кейiн Денсаулық сақтау министрлiгi iле-шала осы саладан нан-пұлын айырып жүргендердi жинап, икемге көнгендерiмен бағаны көтермеу жөнiндегi меморандумға отырған едi. Онда халық көп қолданатын 210 түрлi препараттың атауы көрсетiлген. Алайда, баға өскен үстiне өсiп отыр.
Одан бөлек, биыл­дан бастап бұрын 80 шаршы метр үй-жайыңызға 5200 теңге мүлiк салығын төлеп келсеңiз, ендi 10 мың 200 теңге төлейтiн боласыз. Салық демекшi, ендi қоз­ғалтқышы 3-4 мың текше сантиметрден асатын автокөлiктерге салынатын салық та өстi. Егер «Джип» көлiгiңiз болса, жылына 120 мың теңгенi салық комитетiне бiртiндеп санап беруiңiзге тура келедi. Содан болар, бүгiнде қымбат көлiктердiң 25 пайызы соғыс­ ардагерлерiнiң меншiгiне өтiптi. Өз басым, соңғы үлгiдегi бағалы көлiктердi тiзгiндеген қарияларды көрмеппiн. Ал, сiз ше?
Осы орайда, көпшiлiкке ортақ «Сiзге қымбатшылық қаншалықты әсер етiп жатыр?» деп, сауал тастаған едiк. Олай болса, сол пiкiрлерге көз жүгiртейiк:
Әлия: – Девальвация болған күнi дүкенге кiрсем, масқара, жұрттың барлығы сөредегi азық-түлiктердi жалма-жан алып, таласып-тармасып кезекке тұрып жатыр. Тiптi, әр заттың жанына «екi келiден артық бермеймiз» немесе «төрт данадан артық алуға болмайды» деп жазып қойыпты. Сол кезде есiме баяғыда апаларымыз айтып отыратын жоқшылық заман есiме түсiп, iштей қорқып кеттiм.
Айжамал: – Әрине, барлығымызға да әжептәуiр әсер еттi. Өзiм үнемi дәрi қабылдап, күтiммен жүретiн адаммын. Барлық дәрiлер қымбаттаған. Жаңалықтардан халыққа ең қажеттi деген заттардың бағасын бақылауға аламыз дегендерi қайда? Мен айтайын, кез-келген дәрiге 15-20 пайыз қосылған. Бұрын 1200 теңгеге алып жүргенiм, қазiр 1850 теңге. Менiң тиiстi орындарға бiр өтiнiшiм бар: зейнатақыны өсiрмей-ақ қойсыншы. Оның орнына ешнәрсенi қымбаттатпай ұстап отырса да бiзге үлкен көмек.
Сәбира: – Ендi қымбаттағаны қымбаттаған сияқты ғой. Шынымызды айтсақ, осы бағаға да үйренiп, бұдан былай өспесе екен деп отырмыз. Осы жолы баға қатты өстi. Мысалы, 90 теңгелiк картоп-150 теңге, 80 теңгелiк майонез-120-130 теңге, 23 теңгелiк бiр демделетiн кофе – 30 теңгеге бiр-ақ барды. Көкөнiстердi айтпай-ақ қояйын, несiн жасырайын, осы күнi жаңа шыққандарын жемейтiн де болдық.
Әсел РЗАЕВА.
23 ақпан 2023 ж. 211 0