№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балаңыздың қолындағы ойыншығы ойландырсын

Балаңыздың қолындағы ойыншығы ойландырсын


Ғылым мен техника дамыған сайын бала ойнайтын ойыншық түрі де көбейді. Қазіргі таңда әрбір ата-ана баласына қуаныш сыйлау үшін аянып қалмасы анық. Өкінішке қарай, көздің жауын алатын ойыншықтың барлығы да көршілес жатқан Қытай елінен жеткізіледі. Алайда, ата-ана осы ойыншықтардың бала ағзасына қаншалықты қатерлі екендігін біле бермейді. Оның бағасына ғана емес, сапасына да мән берген абзал. Біз бүгін осы тақырыпқа саяхат жасап көруді жөн көрдік.

  Алдымен, аудандағы ахуалға тоқталайық. Аудандық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитарлық – гигиеналық бақылау, қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің басшысы Бейбіт Бидаштан мән-жайды білуге тырыстық.

– Ойыншықтарды тәрбиелік құрал ретінде пайдалану балалардың жас ерешеліктеріне қарай негізделеді. Балалар ойыны мен ойыншықтарына олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар талаптар қойылады, өйткені ойыншықты қолданған кезде баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмейтіндей болып жасалуы қажет. Бүгінде сауда орындарында балалар ойыншықтарының кең ассортименті ұсынылған, дегенменде әр анаға баласы үшін қауіпсіз ойыншықты таңдау өте қиын. Ойыншықтар қолданған кезде балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей болып әзірленуі және ойыншықтардың жасалған материалдары таза, ластанбаған, инфекцияланбаған және техникалық регламент талаптарына сәйкес болуы тиіс. Мәселен, қолжетімді жиектер, өткір ұштар, қатты бөліктер, серіппелер, бекітпелер, саңылаулар, бұрыштар, шығыңқы жерлер, баулары, ойыншықтардың бекітпелері баланың жарақат алу қаупін болдырмауы тиіс. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншық және ойыншықтың алынбалы бөлшектері, сондай-ақ тамақ өнімдеріне тікелей бекітілген ойыншықтар жоғарғы тыныс жолдарына түсіп кетпейтіндей көлемде болғаны жөн, – деді жауапты маман.

Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында айналымға шығарылатын ойыншықтардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында Кеденодағы Комиссиясының шешімімен Кеден одағының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті бекітілген екен. Онда балалар мен адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ ойыншықтарды тұтынушыларды олардың мақсаты мен қауіпсіздігіне қатысты жаңылыстыратын әрекеттердің алдыналу мақсатында ойыншықтарға қойылатын талаптар белгіленген. Ойыншықтар техникалық регламентке сәйкес болған жағдайда нарыққа айналымға шығарылады.Тұтынушыларға, ойыншықтарды сатып алу кезінде осы өнім сертификатталғанын, осы ойыншыққа техникалық регламенттің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын құжат барын, сондай-ақ таңбалауды мұқият оқып шығуға сала маманы кеңес береді.

Таңбалау мынадай ақпаратты қамтуы тиіс: ойыншықтың атауы, ойыншық дайындалған елдің атауы, дайындаушының, импорттаушының атауы мен орналасқан жері, олармен байланысуға арналған ақпарат, дайындаушының тауарлық белгісі, ойыншық немесе баланың жасын білдіретін пиктограмма арналған баланың ең төменгі жасы, негізгі конструкциялық материал (3 жасқа дейінгі балалар үшін), ойыншықты күту тәсілдері, дайындалған күні (айы, жылы), қызмет ету мерзімі немесе жарамдылық мерзімі сақтау шарттары көрсетілуі тиіс, – дейді ол.
Иә, тиісті маманның сөзіне құлақ асып, арнайы сертификатын талап етсек, бала қауіпсіздігін жүйелейтін едік. Ойланып қарасақ, ойыншық баланы жан-жақты тәрбиелеу мақсатына пайдаланылады. Оның дүниетанымын кеңейтуге көмектесіп, қиялын жетілдіріп, еңбекке сүйіспеншілігін, техникаға қызығушылығын, білуге құмарлығын, аңғарымпаздығын қалыптастырады, талғампаздыққа тәрбиелеп қана қоймай, өнерге ынталандырады. Ойыншықпен ойнауға белгілі жағдайда педагогикалық, эстетикалық, гигиеналық, техникалық талап қойылады, сондай-ақ ол баланың жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отыратыны жасырын емес. Бұл ретте психолог мамандар ойыншықпен ойнау баланың дамуына оң әсерін тигізетінін, оның қоршаған ортамен тығыз байланыс орнатуына көмектесетінін алға тартады.

Қазір не көп, баланың қалыпты дамуына әсер ететін ойыншықтың түрі көп. Мәселен, дидактикалық ойыншықтар баланың ойлау қабілетін, дұрыс сөйлеу мәнерін дамытуға, оның білімін, шеберлігін және дағдысын қалыптастыруға көмектеседі. Ойнай жүріп бала затты танып біледі, оның түрін, түсін, көлемін ажыратады. Дидактикалық ойыншықтарға бір түсті және түрлі-түсті сақиналардан жасалған конусты күмбездер, бірінің ішіне бірі салынатын әртүрлі тостағандар, бөшкелер, шарлар, матрёшкалар, әртүрлі серіппелі, бұрандалы ойыншықтар жатады. Сонымен қатар бейнелік ойыншықтардың да тәрбиелік маңызы зор. Оған (киім-кешек, үй жиһазы, ыдыс-аяқ) адамдар мен жануарларды, табиғат элементтерін бейнелейтін фигуралар жатады. Бұл қуыршақтармен ойнаған балалардың қоршаған орта жайлы түсінігі айқындалып, ұғымы кеңейе түседі, ой-өрісі мен қиялы дамып, сөздік қоры артады. Балалардың ойын барысында көп күш жұмсамай-ақ еңбек процесіне бейімделуге мүмкіндік беретін техникалық ойыншықтардың да пайдасы зор. Бір сөзбен айтқанда, баланың әрбір ойыншығына аса талғампаздық керек екенін естен шығармайық.

Әсел Ибрагимова
27 наурыз 2023 ж. 303 0