Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Жаңақорған ауданы тұрғындарымен жеке қабылдау өткіізді.
Манап Көкенов атындағы Мәдениет үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, облыстық полиция департаменті бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары ЕрСайд Замишевтер келді. Сондайақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ұзынжас және мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Ғани Аманов, төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимовтер бірге болды.
Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 65-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкімінің жеке қабылдауына 20-дан аса тұрғын жеке сұрақтарымен келді. Нақтылап айтқанда, тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су жағдайы және қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.
Аймақ басшысы көтерілген мәселелерді сала мамандарымен мұқият зерделеп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.
Тұрғындар арасында жеке мәселеден бөлек өңір экономикасын көтеруге бағытталған жобалар қатарында инфрақұрылымды дамыту, сондай ақ ана мен балаға қамқорлық, орталықта отбасында зәбір көрген нәзікжандылар құқын қорғайтын, уақытша болса да пана болатын дағдарыс орталығын ашу сынды қоғамдық мәселелерді де көтерген елжанды азаматтардың өтініші де құптауға тұрарлық.
Өңір экономикасының алға басуы өндірістің жүйелі жолға қойылуымен жүзеге асады. Бұл орайда өздігінше ізденіп, жүгері өнімін консервілеу жобасын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау сұраған кент тұрғынының өтінішіне орай облыс әкімі «Байқоңыр» ӘКК арқылы несие рәсімдеуге мүмкіндік болатынын айтты.
Құқық қорғау органдары басшыларына тұрғындар тарапынан жер үлестері мен жерді рәсімдеу проблемасына сауал басымырақ болуы да заңды. Бұл бағытта әсіресе кезінде шаруашылықтардан жер үлестерін тиянақтап алуға жете мән бермей, енді заң орындарының ғана шешуге құзыреті жететін толғақты сауалдар аз емес. Еңбеккерлер өздерін мазалаған осы сұрақтарына алдарына келген құзырлы сала басшыларынан толыққанды жауап ала алғанына сенімдіміз.
Мерейлі мерекені республика жұртшылығымен бірге аймақ халқы да қуанышты көңіл күйде қарсы алды. Облыс бойынша бір мезетте 80-ге жуық ойын алаңын ел игілігіне беру көзделсе, соның оны біздің ауданның еншісінде. Апта басында соның ішінде алғашқы заманауи саябақ біздің ауданымызда ашылды. Аудан орталығына ерекше сән берген саябақ жеке кәспкер Марлен Ысқақовтың қаржысына салынды. Жоба құны 800 миллион теңге. Әзірге мұнда үш аттракцион іске қосылды.
«Прайм-Рарк» саябағының алғашқы ашылу салтанатына жиналған халықтың қарасымен ойын-сауық алаңы мерекедегідей шат-шадыманға толып кетті. Бала қуанышын бәрінен биік қоятын елдік қасиетіміз айрықша көрініс берген бұл күні саябақ көрінісіне көз қанықтырған аудан тұрғындары біткен іске ризалықтарын білдіріп, алдағы уақытта архитектуралық әлеуеті мұнан әрі де әсемденіп, балалардың меншікті мекеніне айналатын алаңды бастан-аяқ аралап, ризалықтарын жасырмады. Әсіресе, сәбилердің телегей-теңіз қуанышы күрделі құрылыс алаңындағы толық атқарылып үлгіре алмай жатқан артық-кем олқылықтың орнын толтырып, ортадағы субұрқақтан атқылаған мөп-мөлдір судай сыңғыр күлкілері айналаны нұрландырып жібергендей.
Балалардың қуанышымен ортақтасқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жанындағы бірге келген өкілдермен бірге көзайым саябақты аралап көріп, ауданда атқарылған жұмысқа көңілі толғанын, дегенмен әлі алда тиянақталар міндеттерді тапсыруды да ұмытпады. Қаншама халықтың қажетіне жарағалы тұрған осындай көпшілік игілігін көбейтуде тағы да бизнесмендерді тарту керектігін алға тартты.
«Ертең, құдай қаласа, мына жердің бәрі көгалданады. Сол кезде үлкен кісілер де келіп, жайлы отырып демалатын көрікті кешеннің келбеттенуіне туған жер азаматтары бірдей мүдделі болуы тиіс» деп ойлы жандарды ортақ іске үндеді. Саябақтың ашылу салтанатына келген облыс әкімі атаулы шараға жиналған аудан зиялы қауымы алдында Ұлттық мереке – республика күні құрметіне тарту ретінде аймақтағы бірқатар атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
Мемлекет басшысының 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауына орай аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыс көлемінде 80 балалар ойын алаңын жасау жоспарланған болатын. Республика күні мерекесі қарсаңында осы нысандар бір мезетте ашылып, ел игілігіне берілді. Барлық аудандарда елді мекендерді көркейтукөгалдандыру, спорттық, мәдени, әлеуметтік нысандарды бюджет көздерінен тыс демеушілер арқылы іске асыру ниеті орайлы іске асып, нәтижесін жалпы халықтың көріп отырғаны қандай қуаныш.
Міне, осындай игі істің Жаңақорған ауданындағы жарқын көрінісіне тоқталсақ, Жаңақорған кентіне кіре беріс қақпа жаңаланды. Трассадан бұрылатын негізгі көшелердің қиылысында айналма жол салынды. Биіктігі 14, диаметрі 5 метр болатын құмсағат құрылысы еңсе көтеріп, айналасы жастар саябағына айналды. Көше шамдары орнатылып, кенттің көркін арттыра түсті.
Мереке қарсаңында Қызылорда қаласында 300 орындық жеке балабақша, Жалағаш ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі және Таң ауылында дәрігерлік амбулатория, Арал ауданының Қамыстыбас елді мекенінде денешынықтыру кешені ашылуы да Сыр өңірі халқына биылғы жылдың айтулы сыйы болса керек.
Балалар үшін қомақты сый Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқущшылар сарайы бой көтергенін айтсақ артық емес. Алдағы үш жылда аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында құны 70 млрд теңгеге 15 мемлекеттік мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 19, 6 млрд теңгеге 9 білім ошағының құрылысы келер жылы салынады.
Денсаулық сақтау саласында да 2 жыл ішінде 27 жаңа нысан халық игілігіне беріледі. Орталық атқарушы органдармен бірге жасалған орнықты жұмыстардың нәтижесінде 36, 4 млрд теңгеге Қызылорда қаласынан көпсалалы аурухана мен емхана тұрғындардың игілігіне қызмет ететін болады.
Осындай игіліктің барлығы ең алдымен жұдырықтай жұмылған бірліктің арқасы. Оған үлес қосу әрбіріміз үшін міндет.
Баян Алаудинқызы