№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әрбір шешім әлеуметтің мүддесі үшін

Әрбір шешім әлеуметтің мүддесі үшін


Ашықтық алаңы

Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығы аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдары басшыларымен бірге Жаңақорған ауданының тұрғындарымен жеке қабылдау өткізді.

Манап Көкенов атындағы мәдениет үйінде өткен қабылдауға облыстық сот төрағасы Әділхады Шығамбаев, облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, облыстық полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожабаев, облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыс және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Ер-Саид Замишев келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Ұзынжас және мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов пен төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ибрагимов те қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 65-ке жуық азаматтың өтініші қаралды. Ал, облыс әкіміне 20-дан аса тұрғын өз сұрақтарымен келді. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, ана мен бала құқығы, жеке бизнес бастау мен кәсібін кеңейту, аяқсу және қоғамдық көлік мәселесін көтерді.

Аймақ басшысы айтылған мәселе сала мамандарымен бірге мұқият зерделеніп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді және жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

– Облыс әкімінің жеке қабылдауында болдым. Көтерген мәселем –аудандағы ана мен бала құқына қатысты. Қазіргі кезде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа байланысты түрлі жағдайлар болып тұрады. Өзім осы мақсатта «Асыл аналар» қоғамдық ұйымын құрғанмын, құрамында 460 ана бар. Соған сәйкес, аудан бойынша дағдарыс орталығын ашуға қолдау білдіруді сұрадым. Аймақ басшысы бұған қолдау білдіретінін айтып қуантты, – дейді Әйгерім Әбілтайқызы.

Тағы бір мысал, жеке қабылдауға келген Жаңақорған кентінің тұрғыны жүгері өнімін консервілеу жобасын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау сұрады. Облыс әкімі «Байқоңыр» ӘКК арқылы несие рәсімдеп, кәсібін ашуға мүмкіндік бар екенін алға тартты.

Ал құқық қорғау органдарының басшыларына жаңақорғандықтар жер үлестері мен жерді рәсімдеу, алаяқтық іс туралы өтініштерін жеткізді.

– Бүгін облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегеновтің қабылдауында болдым. Жолдасым біршама уақыт бұрын «Атырау қаласына жұмысқа тұрғызамын» деген сондағы танысына ақша берген. Бірақ ол қаражатты алған соң, ізін суытып, ақыр соңы осылай құзырлы орындарға жүгіндік. Қазір іс Атыраудың прокуротурасына өтіпті. Ақша алып, алдаған адам өз кінәсін мойындап, қаржыны қайтаратын болды. Мұндай мұң-мұқтажды ашық түрде тыңдап жүрген азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Балнұр Құдайбергенова.
Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда қоғамдық қабылдаулар өткізді. Тұрғындар мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты. Сондай-ақ, Нұрлыбек Нәлібаев облыс әкімі болып келген сәттен бері 20 рет қабылдау өткізіп, 173 азаматтың мәселесін қарады.

Кенттің сәні – саябақ

Жаңақорғандағы қуанышты жаңалық – жаңа демалыс паркінің ашылуы. Бұл Республика күніне тарту ретінде ел игілігіне беріліп отыр. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи үлгідегі мәдени нысанды аралап, қуанышқа ортақтасты. Сондай-ақ, аудан халқымен кездесіп, ұлттық мереке аясында өңірде жүзеге асатын жаңа бастамалармен бөлісті.

– Туған жеріне тілеулес, ортақ іске жанашыр кәсіпкер азаматтардың қолдауымен аймағымызда жаңа нысандар бой көтеруде. Бүгін, міне, өз отбасымен бірге серуен құрып, ой сергітіп, бой жазуына мүмкіндік беретін жаңа демалыс паркі пайдаланылуға берілді. Мұнан бөлек, «Балалар жылына» сый ретінде менің тапсырмаммен қала, аудандарда 80 ойын алаңы салынып, басым бөлігі тұрғындардың игілігіне берілуде. Соның ішінде Жаңақорған ауданында 10 шағын спорт алаңқайы қазан айының соңына қарай тарту етілетін болады,  – деді облыс әкімі.

Заманауи парк белгілі кәсіпкер Марлен Ысқақов жетекшілік ететін «Азимут-М» ЖШС жеке қаржысы есебінен салынды. Жобаның құны – 790 миллион теңге. Мұнда кешкі уақытта таза ауамен тыныстап, сауық құрып, серуендеуге бар жағдай жасалған. Түрлі аттракциондар, субұрқақ, жазғы сахна, балалардың ойын алаңдары аудан халқы мен қонақтарына қызмет көрсететін болады.

– Өзім Жаңақорған ауданында туып-өстім. Бұл жоба көптен бері ойымда жүрген еді. Туған жерге тарту ретінде халыққа қажетті демалыс орнын салуды жазда бастап кеттік. Бүгінде 500 млн теңге қаржы жұмсалды. Қалған 290 млн теңгеге алдағы уақытта парк ішінен балаларға арналған кафе және неке сарайы салынбақ. Сондай-ақ қазір бес аттракцион қойылса, алдағы уақытта тағы да бесеуін орнатамыз. Бұл балалардың қуанышын көбейтуге арналған. отбасылық демалыс орны ретінде түрлі аудандық шаралар да осында өтпек. Алдағы уақытта қосымша 30 адамға дейін аудан тұрғындары жұмысқа қабылданады, – дейді «Азимут-М» ЖШС директоры М.Ысқақов.

Демалыс паркі алаңында облыс әкімі халықпен кездесу өткізді. Онда жаңақорғандықтарды алаңдатып келген кейбір мәселелер рет-ретімен шешімін тапқанын тілге тиек етіп, тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

– Президентіміздің қолдауымен өңірде ауқымды жобаларды қолға алдық. Аз уақытта түрлі деңгейде инвестиция тартып, қомақты жобаларға республикадан қаржы әкеліп, көкейлеріңізде жүрген көп мәселені шешуге жол таптық. Қазір Жаңақорған ауданындағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдар мәселесі шешімін тапты деуге болады. Бұл мақсатқа 180 млн теңге қаражат бөлінді. Енді тек ауылішілік жолдар ғана қалды. Оны да рет-ретімен істейміз. Білім саласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 19,5 млрд теңге қаржыға жаңа білім ошақтарын саламыз. Оның екеуі Жаңақорған ауданында болмақ. Заманауи үлгіде 600 және 300 орындық мектеп ретінде бой көтереді. Ал Байкенже ауылы тұрғындарының сұранысы бойынша жаңа білім ошағын тұрғызуға облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлдік. Келесі жылы құрылыс жұмыстары басталады. Сондай-ақ биыл «көгілдір отынға» «Бірлік» пен «Қыраш» елді мекендері қосылады. Оған 800 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Келесі жылы тағы 5 елді мекенді газға қосу жоспарда бар, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»
20 қазан 2022 ж. 722 0