» » Қазақстанды жаяу аралаған ақсақал сапарын аяқтады

Қазақстанды жаяу аралаған ақсақал сапарын аяқтады


Жезқазғанның тумасы 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашев биыл наурызда бастаған жаяу сапарын аяқтап, бүгін Астанаға жетті, деп хабарлайды
 ҚазАқпарат.

Марафоншы ақсақалды елорда әуежайынан бір топ кісі күтіп алды. Жиналған жұрт атамызға құрмет көрсетіп гүл сыйлап, сапарын сәтті аяқтауымен құттықтады.

«Жаяу сапарымды көктемде Ұлытаудан бастап, кеше Ақтауда аяқтадым. Еліміздің барлық өңірінде болып, жаяу 8 мың шақырымнан астам жүріп өттім. Жоспарым орындалды, менің мақсатым – Қазақстанды жаяу аралап шығу еді. Енді дүние жүзін жаяу аралау мақсатын көздеп отырмын. Бұйырса, келесі жазда жолға аттанам деп отырмын», – дейді Сәрсенбай Қотырашев.

Ақсақалдың айтуына қарағанда әлем бойынша сапарын келесі жылы Әзербайжаннан бастап одан әрі Еуропа елдері және АҚШ-қа бармақ.
Сондай-ақ, тізімде Қытай мен Моңғолия бар.

«Елді жаяу аралағанда атымды шығару немесе рекорд орнатуды мақсат еткен жоқпын. Мақсатым – еліміздің көркем жерлерін өз көзіммен көру болды. Кең байтақ Қазақстанның қасиетті жерін тану, өзгелерге насихаттау», – дейді ол.
02 қазан 2022 ж. 655 0