«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » 72 жастағы жихангез

72 жастағы жихангез


Күні мен түні алма-кезек ауысқан бірқалыпты тіршілікте не қымбат. Қызыққа толы дүниені іздесең ел көру, жер аралау және жаңа адамдармен қарым-қатынасты нығайту қажет. Осы бағытты ұстанған ұлытаулық Сәрсенбай Қотырашов Қазақстанның ұлан ғайыр, кең байтақ даласын жаяу жүріп өтуді мақсат етті. Он үш күнді артқа тастаған ақсақал қасиетті Қызылорда жеріне табан тіреп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленді.


«Ұлытауға бардың ба?» деп аталатын жаяу марафонын бастап, еліміздің 17 облысын жаяу аралап, қолданбалы өнер шеберлерімен кездесіп, өзге өңірлердің тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихымен және киелі жерлерімен таныстыруды басты жолға қойған жиҺангез Қызылорда қаласына ат басын тіреді. Қарияны бір топ ел ағалары ерекше ықыласпен күтіп алып, құрмет көрсетті. Ұлытаудан Жезқазғанға, одан Қызылорданың Абай ауылына жеткенше 560 шақырым жолды артқа тастаған 72 жастағы ақсақал үшін бұл саяхаттың оңайға соқпасы сөз болып, жиналған қауымның таңданысын жасырмады.
Саяхатшы қарияның құрметіне орай облыстық Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы, «Дәстүр» қолөнер орталығы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүр» өнер институтына қарасты «Сәндік қолданбалы және бейнелеу өнері» кафедрасы, «Қызылорда қаласының оқушылар мен жасөспірімдер үйі» ұжымының ұйытқы болуымен «ҰЛЫ ДАЛА ШЕБЕРЛЕРІ» атты облыстық қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Құрметті қонақтар қатарында зиялы қауым өкілдері, қолөнер шеберлері мен ұстаздар қауымы болды. Осы аталған кісілердің қатысуымен өткен облыстық көрмеде шебер ұста, саяхатшы, қадірлі азамат Сәрсенбай Оспанұлының Қазақстанның тарихи-географиялық орталығы Ұлытауды насихаттауы, оның ішінде қазақтың ұлттық қолөнер саласын дамытуға үлесін қосып жүрген жандарды ерекше құрметтеуі мен ұмыт болған дәстүріміз «Қымыз мерекесін» насихаттауы сөз болды.
Бұл игілікті шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер журналист Уайс Ержан ағамыз Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нуридиновтың «Алғыс хатын» табыстап, өз ойын былайша өрнектеді.

– Ұлттық рухты үнемі ұлықтап жүретін қазақтың тәлім-тәрбиесінің қайнар көзі тым тереңнен басталады. Толыққанды тәлім мен тәрбиені жүргізу үшін алдымен терезесі теңескен, төрт құбыласы түгел ұлт болып қалыптасу қажет. Ұлтты құрайтын халық. Сондықтан бірлігі жарасқан, рухы биік, намысы мықты ұлт қана салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, ділін дамыта алады. Біз мұндай екінің біріне бұйыра бермейтін бақтан кенде емеспіз. Заманалар бойы ата-бабаларымыздың білектің күші, найзаның ұшы, ақыл-парасатымен жеткен асыл құндылықтарымыз қанша қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсе де, бәз қалпында осы күнге жетті. Соның ішінде көңілге асыл мұра болған ұлан-ғайыр жерімізді жаяу аралаудың өзі бір ғанибет. Қаншама қиындықты артқа тастап, ортамызда аман-есен отырған Сәрсенбай ақсақалдың өнегесі мына отырған жастарға үлгі, – деді ол.

Сондай-ақ жиҺангез қартқа ізгі тілектерін білдірушілер қатарында ағартушы-педагог Марат Тобашов, профессор Ғани Байұлы және «Дәстүр» қолөнер орталығының ұжымының өкілдері де болды.
– «ҰЛЫ ТАҒЗЫМ» қоғамдық қоры мен UNESCO-ның Сәрсенбай атаға деген қолдауының нәтижесінде орын алған бұл марафонның орны ерекше. Наурыз айының 31-інші жұлдызында жолға шығып, күніне 40 шақырым жүріп отырып, осы күнге дейін 560 шақырым жолды бағындырды. Алғашқы екі айда 2500 шақырым жолды жүріп отыруды жоспарлап отырған ақсақалға енді 7 мың шақырымнан аса жол жүру басты меже. Осы бағытты басты назарға алған біздерге Сыр елі – жыр елі жұртшылығы үлкен құрмет көрсетудесіздер. Мың алғыс, – деді UNESCO өкілі Бақтияр Қожахметов.
Шара соңында жолбарыс жүректі ағамыздың иығына Балжан Сатыбал­диеваның қолынан шыққан «Дәстүр» қолөнер орталығының брендтік ша­панын орталық директоры Қанат Ақпанов жауып, алдағы сапарына сәттілік тіледі.
Алыс жолдың азабы мен қызығын бөліскен марафоншы осында жеткенше қолға сүйреген арбасының дөңгелегін жарылғанын және осы жолдың ең қиын жол болғанын айтты. Батыс-Европа-Батыс Қытай автожолы авто­машиналардың ең көп жүретін трасса екені, ал бұл жаяу жүргіншіге әжептеуір кедергі келтіргенін тілге тиек етті.
– Қазақстанның барлық өңірін жаяу аралап өтуді жеті жыл бойы жоспарлап, физикалық та, рухани тұрғыда да қатты дайындалдым. Мақсатым қол­өнер шеберлерімен кездесіп, үздік қолөнершілерінің тізімін жасау. Сондай-ақ қазақ халқын Ұлытау тарихымен таныстырып, «Көкмайса» фестивалін насихаттау, – дей келе ол Сыр елінің ерекше ілтипатына ризашылығын білдірді.
Әрі қарай Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау арқылы өтіп, соңғы межені Ақтау қаласы деп жоспарлап отырған ағамыз Алла сәтін салса, сапарды қараша айында аяқтаймын деп жоспарлап отыр. Жаңақорған үстінен бірер күнде кесіп өтетін ағаға Оңтүстік Қазақстан өңіріне қарай ғасырлар бойы сақталып келген салт-дәстүр жанашыры, қолөнерші Пахриддин Садықов жол көрсететін болады.
Тәуекелі мол іске талабы жеткен ақсақалға Сыр жұртшылығы үлкен қолдау білдіріп, сәтті сапар тіледі.

Лаура БИБАСАРОВА
16 сәуір 2022 ж. 508 0