Адам құқығы, азаматтардың қауіпсіздігі, заң үстемдік құрған саяси толысып жетілген мемлекетте толық қорғалуы тиіс. Президенттің осы тапсырмасын орындау үшін Жоғарғы сот пен әділет министрлігі «Әкімшілік рәсімдік-процесстік кодексін әзірледі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес және сот қызметіне тың серпін беретін заң -2020 жылғы 29 маусымда Президент қол қойған «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі» қабылданып, 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді.
Аталмыш кодекс аясында азаматтарға басқарушылық шешімдерді қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік берілді. Ауқымы кең кодекс жобасы бірнеше айқын мақсатты көздейді. «Бүгінгі күні әкімшілік әділет құрылымы күрделі өзгерістер алдында тұр. Бұған дейінгі “Әкімшілік рәсімдер туралы” және “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” Заң өз күшін жойды. Енді заңдармен реттелген қатынастар «Әкімшілік рәсімдік-процестік» кодексімен қаралады.
Себебі қазір көп жағдайда дау кезінде кәсіби білікті заңгерлері бар мемлекеттік органдармен текетіресте қарапайым азамат жеңіліс табады.
Осы аталған кодекс жобасын талқылауға Жаңақорған аудандық сотының бастамасымен біршама материалдар әзірленіп, семинар, дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді. Бұл іс-шараларға әдеттегідей аудандық прокуратура өкілдері, АПБ-нің қызметкерлері,заңгерлер, аудандық заң кеңес беру бөлімінің адвокаттары мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Себебі қоғам атынан олар жұмыс тобына өз ұсыныстарын жеткізе алады.
Иә, сот бүгінге дейін тараптар шама шарқынша жеткізген дәлелдемелерге сүйеніп шешім шығарып келсе, енді жаңа кодексте судья өзі дәлел-дәйек жинауға құқылы. Тағы бір өзгеріс заң негізінде азамат сотқа дейін билік органына шағымдана алады. Ал мемлекеттік мекеме арызданушыны шешім шығару процесіне толық қатыстыруға міндетті.
Көптеген жағдайда жария құқықтық қатынастарда билік органдарының шешімі мен әрекеттеріне шағым түсіру кезінде теңсіздікке тап болып жатады. Бұл заң сол олқылықтарды реттеп, ойтайландырады.
Бұл заң арқылы қарапайым тұрғыннан бастап инвесторлардың құқықтарына дейін қорғалады. Билік органдары тек жауапты ретінде тартылады.
Кодекстің басты ерекшелігі жеке тұлға мен мемлекет арасындағы келіспеушілік туындаған жағдайда сот қызметінің жеке азаматтарға көмегі көп болады. Арызданушы тұлғаларға қатысты құжаттарды алу үшін сот органдары мемлекеттік органдарда арнайы сауал жіберіп жауабын алдырта алады. Мұндай әкімшілік істерде арыз көбінесе жеке тұлғалардан түседі. Ал олардың мүдделері көбіне қорғаусыз қалады. Жаңа қабылданатын кодекс шағымданған тұлғалардың мәселесін реттеуге көмектеседі.
Тәжірибеде әкімшілік рәсімдерге айрықша мән берілмейтіндіктен, олар көбіне қағаз жүзінде қалады. Мәселен, осы заңда бекітілген азаматтардың арызын қарау кезінде әкімгершілік пен қағазбастылық орын алмау қағидаты және оларды сақтамаудың құқықтық салдары нақты нормалармен белгіленбеген.
Кодекстің өзге де прогрессивті жаңалықтары бар. Мәселен, құжат жобасы әкімшілік органды мемлекеттік мекеме ретінде қабылдайтын таптаурын түсінікті жойып, оның нақты сипатын айқындады. Бұл осылай деп тек мемлекеттік органды ғана емес, басқа да ұйымдарды, тіпті заң жүзінде жария міндетті атқару мен тиісті актілерді қабылдауға құзыретті тұлағаларды да тануға жол ашады.
Әкімшілік актілерді қолайлы және ауыртпалықты деп саралау. Бұл қолайлы актілерді қабылдауда әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға, сонымен қатар ауыртпалықты актілерді қабылдауда құқықтық кепілдіктерді күшейтуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде тұлғаның әкімшілік органдармен өзара байланыстағы мәртебесі, оның рәсімге қатысу құқығы, өз ұстанымын баяндауы, актіні қабылдағанға дейін қосымша материалдарды ұсынуы айқындалып отыр. Бастысы жоба бұған дейін болмаған бастамашылықтың, әкімшілік актіні қарап, қабылдаудың бірыңғай нақты рәсімін бекітеді.
Заңда «Татуластыру рәсімдері» кеңінен қолданылады. Егер тараптар дауды татуласу, медиация не партисипативтік жолмен шешуге тоқтаса, онда келісім жазбаша түрде жасалады. Оған екі жақ немесе олардың өкілдері қол қояды. Судья тараптардың татуласуы үшін қажетті шаралар қабылдай алады, дауды процесс барысында реттеуге көмектеседі.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім бойынша келісім не оның шарттары заңға қайшы келген жағдайда, сот оны бекітпей тастайды. Сондай-ақ, адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын келісімдерге де жол берілмейді.
Дауласушы тараптар өзара татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімге келісім бермесе немесе сот келісімнің шарттарын бекітпесе, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
Кодекс бизнеске не ұсына алады:
- тұлғалардың (жеке және заңды тұлғалар) құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік органдардың заңсын әрекеттерінен қорғауды қамтамасыз ету.
- әкімшілік әділет органында шағымды қарау нәтижесіне шағымдану. Бұл сот органдарының процесті жүргізудің түбегейді жаңа әдісі
Кодекс тараптардың қоғамдық-құқықтық даулар бойынша қатынастарын және әкімшілік процедураның өзін реттейді, сәйкесінше соттар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдар да әкімшілік кодекске бағынады.
Жаңақорған аудандық сотының
жетекші маманы
М.Ә.Дәріқұлов