№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Сөз терімі


Бүгінгі қазақ басылымдарына дендеп үңілгенде, әртүрлі тақырыптарды қаузаған жазбаларға молынан кезігесіз. Қазақ әдебиетіне үлес қосуға ынтығып, ыңғай танытқан жандар аз емес. Солар не жазып жүр? Олардың қаламынан түскен әрбір сөз қоғамға пайдалы ма? Әлде әркім өзінің дұрыс деп тапқанын жариялауда ма? Даму бар жерде екеуі де қатар жүрері заңдылық. Бүгінде соны сүрлеу салуға ұмтылғандар арасында көзге іліккендер де бар, сонымен қоса сөз өнерін түсіне алмайтындар мен түсінгісі келмейтіндер де жетерлік. Басылымдағы әдеби көркемдікке қойылатын талаптардың әлсірегенін байқауға болады. Себебі кез келген адам жазбасын ұсынып, редакцияда танысы болса жариялай беретін болған. Көлдей-көлдей материалдар мен поэмаларды оқып үлгермей де қаласыз, кейде. Ал егер оған бас бұрып, көз қадай бастасаңыз сөз қадірінің кеткеніне іштей налып, көңіліңіз түседі. Бәлкім, әдеби сыншылардың аздығынан да бүгінде кім көрінген қалам ұстауға бейілденген болар. Шын мәнінде, жазу соншалықты оңай ма?.

  Әбәш Кекілбаев бір мақаласында жазуды азапқа теңеуші еді. Жан дүниеңді жарып шыққан сөздің өтемі де оңай болмайтын көрінеді. Сөзді сайлап, сөйлемді тізбектеп сұлу үйлесім құру үшін қаншама тер төккен жазушылар машығынан көп нәрсе аңғаруға болатындай. Әйтпесе, олар да Құдай берген талантын төгілтіп, екі сөйлемді бір-бірімен кезек алмастырып жаза беруші еді ғой. Бірақ олар өйтпепті. Машақаттанып, машықтанып барып жазуға отырыпты. Ақ парақты кірлетпеуге тырысыпты. Қағазға түскен әр сөздің қатталып қалатынын ұмытпапты. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Байтұрсынұлы аманатын ұстана біліпті. Сөзді өнер санапты. «Қай жерде сөз бітсе, сонда музыка басталады» деген Гофман тәмсіліне бой ұрыпты.

 Өзін жаңа заман классиктері қатарынан санайтын бір ақынның өз жинағын қолына алып егіліп отырғанын естіп едік: осы уақытқа дейін он-ақ өлең жазыппын ғой деп. Қаншама дүниелерін іштей керексіз санап тұрғаны ғой. Демек, сөз көбейсе, оның қадірі де кете бастай ма деген ой туады. Мәселе онда да емес шығар. Бүгінде жалпы жарияланған жазбаларға тоқталғанда, кітап, жинақ, мақала, сұхбат дегеннен аяқ алып жүре алмайсыз. Әркім керегін тауып алады дегенмен де, сөз қадірін қашырмас үшін оларға ортақ бір талап болуы керек шығар. Көркемдік құндылығын былай қойғанда, стилистикалық, грамматикалық қателер өріп жүрген кітаптар, жинақ, мақалалар жетіп-артылады. Сайып келгенде қағаздың соры болған сондай өрескелдікке қарап кімді аярыңды білмейсің. Баспаны ма, авторды ма, жоқ әлде оқырманды ма?

 Естелік жазбаларды парақтағанда «Әдебиет табалдырығынан имене аттадық» деген классиктердің лепесін оқығанымыз бар еді. Кімнен именді екен деген ой туған. Бәлкім, өзінен бұрынғы тау тұлғалардың көлеңкесіне қарап-ақ бой түзеген болар. Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе соңғысы да соның артынан ілесетіні заңды. Бүгінгі әдебиет есігін ашуға ыңғайланғандар өздеріне қандай талаппен қарар екен?
Әрине, бұрынғылардың айтқан «именуін» қазіргі күн талабымен ұштастыра алмайсыз. Қазір жазушы болу үшін әуелі пысықтық қажеттей көрінеді. Жазған дүниенің таралуы және оның маркетингтік тұрғыдан өтімді болуына да көбіне-көп жазармандардың өзі мүдделі. Себебі бізде батыстағыдай жазушының жазған шығармасын жарнамалайтын Әдеби агенттіктер жоқтың қасы.
Сондықтан да кім не нәрсе жазса оны алдымен өзі жарнамалауға мәжбүр. Қазіргі заман талабы – осы. Ал енді, қайтадан жазуға қойылатын талапқа келсек. Уақытқа бой ұсынғанмен, кейбір өзгермейтін құндылықтар әрқашан алдыңнан шығып отырады. Ол, әуелі жазушының өзіне қоятын ішкі сүзгісі. Соған қарай оның әдебиеттегі орны айқындалатындай.
Бұл үрдіс бұрынғыларда да болыпты. Гоголь өзінің «Өлі жандар» романының екінші томын өртеп жіберген. Классиктің бұл әрекеті әдебиетшілер қауымын осы күнге дейін ойлантады. Кез келген жан үшін зейін қойып, тәлім аларлық-ақ жағдай. Оның әуелгі томы бүгінде өлмейтін әдебиет жауһары қатарынан саналады. Онда неге жазушы екінші томын өртеген? Өз-өзіне көңіл толмағаннан ба? Әлде жай ғана ұнамай қалды ма екен? Не болмаса баспа қабылдамай қойған шығар?

.. Ал сіз ше, құрметті жазарман, осылай жасай алар ма едіңіз?

Нұрлайым БАТЫР
06 мамыр 2023 ж. 205 0