№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Биік белес

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр өңірінің журналистерін жинап, сөз өнеріне қызмет етіп жүрген қаламгерлерге құрмет көрсетті. Олардың ішінде әріптесіміз Баян Үсейінова да болды. Оған Ақпарат және қоғамдық даму министрінің “Құрмет грамотасы” табысталды.

Баян Алаудинқызы журналистиканың қайнаған қазанында қалыптасып, шындалып, қаламгерлік қуатымен ерекшеленіп келеді. Иә, оның қаламын қалқан етіп, сөз қуаты арқылы оқырмандарына рухани азық беріп келе жатқанына 30 жылдан асты. Осы жылдары шалғайдағы ауылға барып, ағайынның мұн-мұқтажын біліп, оны жүрегінен өткізіп, жетер жеріне жеткізе жазып, жергілікті биліктің назарына салып, мәселенің түйіні тарқауына ықпал етті. Бүгінгі марапат оның ұзақ жылғы еңбегіне берілген лайықты баға. Бұл – қаламгердің мерейі ғана емес, бұл – жаңақорғандық журналистердің еңбегіне берілген баға.
Баян апай сөз таниды, көп ізденеді. Кез-келген мақаласын үлкен дайындықпен жазады. Тіпті бір-екі ай шығармашылық ізденіске түсіп, кейіпкерін жан-жақты зерттейді. Сондай туындысының бірі – Тынымбай Нұрмағамбетов жайлы жазған мақаласы. Біреу емес, екі бірдей көлемді мақала жазды. Қазақ әдебиетінің классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иесі Тынымбай Нұрмағамбетовтің талғам-таразысынан шығу оңай емес. Міне, осындай қабырғалы қаламгердің ықылысын алу Баян Алауидинқызына бұйырды. Иә, жазушы мен журналистің арасында шығармашылық байланыс орнап, жазушы Тынымбай журналист Баянның шаңырағында дәм-тұз татып, келелі әңгімесінің куәсі болдық. Баян апайдың шығармашылық потенциалына оң бағасын беріп, сәттілік тілестік.
Журналист-жазушы Баян Үсейінованың қаламынан публицистикалық толғаулар, очерктер, эсселер, әдеби-сын мақалалар туды. Ұлт тарихында ұмытылмас тұлғалар және ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына үлес қосқан азаматтардың әдеби-шығармашылық портреттерін жасады. Бірнеше кітапты баспаға беріп, тұлғатану, өлкетану іліміне үлес қосты.
Соңғы жылдары Баян Үсейінова әйел-аналар тақырыбында өндіре жазды. «Қазақ қызы» айдарымен аудандағы белді, беделді қыз-келіншектерді нысанаға алып, олардың болмыс-бітімін, кескін-келбетін ашып, нәзік жандылардың қоғамдағы орнын дәріптеді. Сондай-ақ «Жазушының жары», «Ақынның жары», «Ғалымның жары», «Ұстаздың жары», «Диқанның жары» және т.б мақалалар топтамасын ұсынды.
Міне, Баян апай осындай құнды мақалаларымен «Жаңақорған тынысы» газетінің мазмұнын байытып, беделін биіктетіп келеді. Бұл – журналистің биік белесі.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
29 маусым 2021 ж. 439 0