Туған жерге деген махаббат туа салысыменақ жүректе орнайды. Одан кейін балалықтың балдай естеліктерімен беки түсіп, есейе келе жүрегімізде сағыныш арқылы мәңгілікке сақталады. Бұл күллі адамзатқа ортақ сезім деп ойлаймын. Ол мүмкін орманды алқапта тұрсын, мүмкін шөл, мүмкін тау қойнауы не теңіз жағасын мекен етсін, әркімге өз туған жері қашанда ыстық.
Сондықтан кіндік қаның тамған жерге қызмет ету баршаның парызы. Әсіресе қазіргідей қоршаған ортаны қорғау ғаламдық көкейтесті проблемаға айналып отырған заманда қарекетсіз қарап отырғанымыз жарамас. Иә, айтайын дегенім аудан үшін өзекті мәселе қатарынан түспей келе жатқан әр сенбі сайын жүргізілетін тазалық тақырыбы.
Осы жылдар ішінде аңғарып, байқағаным, көктем туып, жер қарайысымен аудан тұрғындарының алдынан андағайлап шығатын бір жағы өмірлік, ал екінші жағы экологиялық мәселе санитарлық тазалық жұмыстары. Әдетте таза болса табиғат, сау болады адамзат, деп жатады. Арғы ата-бабаларымыз да бұл жайтқа айрықша көңіл бөлген. Бұлақ көрсе көзін ашқан, бір тал кессе, он тал еккен. Аула мен көше тазалығына ерекше мән берген. Тіпті кірдің суын мәкүрік санап, арнайы шұңқыр қазып, соған төгіп отырған. Қыстағы қордаланып қалған күл-қоқысты, ескі-құсқыны сыртқа шығарып, төгіп не өртеп отырған. Бұл біздің бала кезімізден әке-шешемізден көріп өскеніміз.
Алайда осы бір бесенеден белгілі қағида тұрғындар арасында сақтала бермейді. Бар білетіндері есік алдында қордаланған күлі мен қоқысын көшеге немесе қалтарыстағы бір бұрышқа аудара салуды әдетке айналдырған. Көше дегеніміз білгенге кенттің көркі ғой. Онымен күн-түн демей автокөлік, жүргінші жүреді. Ал кімнің де аяғына әлгіндей қоқыс оратылып, жазда күлдің шаңы бұрқырап жатса жараса ма? Жоқ әрине. Ал енді тұрғындар арасында санитарлық тазалық жайлы түсіндіру жұмысын күз бен көктемде жүргізетін тиісті мекемелер айтудан кенде қалып жатқан жоқ. Тек оны тыңдап, нәтиже шығаратын көше тұрғындарының аздығы мен кейбірінің салғырттығы шымбайыңа батады. Бұл мәселенің бір жағы.
Ал енді жоғарыда айтылған келеңсіздіктен құтылудың жолдары мен шаралары қандай деңгейде дегенге келсек, соңғы бір айдың ішінде кент көшелерінде апта сайын жүргізіліп отырған сенбілік жұмыстарын көріп жүрміз. Онда кент әкімдігі қызметкерлері мен бірлі-жарым көше түрғындары ғана қолына күрек, тырма, айыр, сыпырғысын алып тазалау жұмыстарына кірісіп, ауқымды істі атқаруда.
Айналайындар-ау, ата-бабамыз «қазанға қарағанның қасығы бөлек болса да азығы бір» деп айтып кеткен емес пе? Ендеше бұларға не жорық деріңіз бар. Тиесілі демалысын сәтті пайдаланбай, көше сыпырып не көрінді? Көктем, одан қалды жаз бойы көшеге тастаған қоқысымыздан айналаны неге олар тазалау керек. Әлде аулам таза болса, көшені тазалайтындар бар ғой деген жалған ой санамызды улап алғаны ма? Ахметше айтқанда «отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басына келерлік бәлені ойлап, уайымдамаймыздың» кері келгені ме?
Жақында төл басылым «Жаңақорған тынысы» газетінен кент әкімінің тазалық мәселесі жөнінде хабарландыруын көзім шалып қалды. Үндеуінде әрбір тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлық танытып, тазалыққа біркісідей үн қосуға шақырыпты. Оған қоса тазалық тақырыбына байланысты кент көшлері 9 секторға бөлініп, оған жауапты ретінде көше комитеттері белгіленіпті. Тіпті қора сыртына ауласындағы қоқысты тастаған тұрғынға айыппұл салынатыны жазылған. Сондықтан билік пен халық қоян-қолтық жұмыс істеу қажет. Ал егер заңдылыққа бағынбай, тәртіпке көндікпей жатқандарға жоғарыда айтқан әкімшілік жолмен салынатын айыппұл мөлшерін мойнына ілу керек. Әйтпегенде бұл бейберекетсіздіктің алдын алу оңайға соқпайтыны анық.
Елім деген ердің ештеңеден аянып қалмайтыны бесенеден белгілі. Жақында ғана кент әкімдігіне сайланған Асқар бауырыма қоғамдастық мүшесі Ғалия Байтелеева, Сейдахмет Ысқақов және мен кенттің тазалығына көше тұрғындары ретінде біз де өз үлесімізді қосайық деген ұсыныспен кірдік. Қуана келіскен әкім балам «ортақ мекенді таза ұстауда өздеріңіз секілді ағаапаларым келсе мен қашанда қолдау көрсетуге дайынмын» деді. Содан бері өзі көшті бастап, өзгесі қоштап сенбілікті ұйымдастыруда белсенділік танытып келеді.
Алғашқы сенбілік Алтынсарин аймағындағы 13 көшеге жүргізіліп, тұрғындардың жаппай қатысуы көңілге демеу болған еді. Алайда ұсыныс біздің тараптан болғаннан кейін үйде отырғаным жарамас деп келесі сенбілікті бақылауға әдейі шықтым. Мақсатым бәрімізге ортақ қоршаған ортаның тазалығына тұрғындар қаншалықты деңгейде атсалысқанын қадағалау еді. Байқағаным, халықтың тазалық туралы түсініктерінің әлі де болса төменгі деңгейде екеніне көз жеткіздім.
Тұрғындар өз аулаларынан сыпырыпсиырып шығарған күл-қоқыстарын ауласының сыртқы жағына, көшелерге төгіп, аудан ажарының сиқын кетірген. Ретсіз шашылған қоқыс үйінділері аса қауіпті жұқпалы ауруларды тарату көзі болып табылатынын білсе де, мән бермейтіні жаныма батты. Осы ретте «Таза Жаңақорған» ұранымен әр сенбі күнін кент тазалығына арнаған мемлекеттік қызметшілер қалайша қарекетсіз отырсын. Олар міне, айдан асты халқымыздың сан ғасырлық сараптаудан өтіп бүгінге жеткен: «Су ішкен құдығыңа түкірме, бұлақтың көзін бітеме, жолға күл төкпе, түнде күл-қоқыс шығарма» және тағы басқа толып жатқан тиым тағылымдар жолында сауапты іс істеп келеді. Бұның астарында адамдарды қоршаған ортаға, табиғатқа, тіршілікке жанашырлықпен қарауға баулитын адамдық қасиет пен терең тағылымды тәрбиелік мән қамтылып жатыр.
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңіргендіктен болар, күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Әжелеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп үнемі айтып отыратын ақылы санамызда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Жарықтықтар адам қажеттілігін терең философиямен жеткізіп кеткен екен-ау деген ойға қаласың осы күні. Сондықтан қоршаған ортамызды, туған ауылымызды, тұрған үйімізді ластамай, таза ұстауға бір кісідей жұмыла атсалысып, әр тұрғын саналы түрде бүкіл ауылына, көшесіне өз ауласына қарағандай жанашырлық танытса ауданымыздың көркейіп, таза болуына қол жеткізер едік.
Түйіндей айтқанда, сана тазармай, ауданымыз тазармайды. Мекеме қызметкерлері мен оған қарасты бөлімдерге дамыл бермей тазалықты тек солардың күшімен ғана сақтаймыз деген ойдан арылуымыз керек. Ең бастысы ортақ та игі іске барша тұрғындар, үлкеніміз бен кішіміз болып жұмылуымыз керек. Тазалық әрбір отбасынан, ошақ қасынан басталатынын, судың да сұрауы болатынын қаперден бір сәт шығармайық, ағайын!
Әлібек СҮГІРБАЕВ, жергілікті қауымдастық мүшесі, зейнеткер