Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант кімдерге беріледі?
Биыл Қызылорда облысында кәсіпкерлік саласын қолдау бағытында мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант беру жүргізілуде. Осыған орай, Ұлттық жоба шеңберінде жеңілдікпен несие беру үшін – 5,2 млрд. теңге, ал кәсіпкерлік бастамалар үшін мемлекеттік грантқа – 4,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев хабарлады.
Жалпы мемлекеттік грант екі бағытта беріледі. Оның бірінші – облыстық жұмыспен қамту орталығы арқылы 400 айлық есептік көрсеткішке дейін берілетін болса, екіншісі – 5 млн. теңгеге дейін шағын кәсіпкерлердің жаңа бизнес-идеяларына берілетін грант. Биыл жаңа кәсіп бастағысы келетін азаматтарға – 120 млн. теңге қаржы қарастырылды. Оның ішінде кәсіпкерлік қызметіне 3 жыл толмаған 29 жасқа дейінгі азаматтардың жаңашыл бизнес-идеяларына 70 млн. теңге бөлінетін болады. Ал жалпы бөлінген қаржының 20 пайызы халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтарға беріледі», – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ринат Сұлтангереев.
Брифинг барысында аталған гранттың беру шарттары мен негізгі басымдық берілетін салалар тізбесі айтылды.
«Қайтарымсыз грант берудің тізбесіне сәйкес бөлінген қаржы – шикізат пен материалдарды, материалдық емес активтерді, технологияларды сатып алуға байланысты шығыстарға пайдалынылады. Сондай-ақ, грант қаражатын пайдалануға болмайтын жағдайлары да бар. Мәселен, жылжымайтын мүлікті, жер учаскесін сатып алуға, жалдау ақысын төлеуге, жеңіл автокөлікті сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға тыйым салынған», – деді Ринат Қалдыбекұлы.
Айта кетейік, мемлекеттік гранттар – салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша, кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі барларға, сондай-ақ бұрын соңды конкурсқа қатысып, грант қаржысын алғандарға берілмейді. Бұл талаптар Үкіметтің қаулысымен қабылданған арнайы қағидамен бекітілген.
Осы Қағидаға сәйкес 1 тамыздан бастап конкурстық іріктеуге құжат қабылдау жұмыстары жүргізілуде.
«Құжаттар 19 тамызды қоса алғанға дейінгі мерзімде qoldau.kz платформасы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалпы, жобаларға грант қаражаттары – конкурстық іріктеу нәтижесімен беріледі. Осыған орай, жаңа бағыттарда кәсіптерін іске қосуға бет бұрған, жаңашыл өндірістерді іске қосуды көздейтін өңір кәсіпкерлерін конкурстық іріктеуге қатысуға шақырамын», – деді Ринат Сұлтангереев.