Мейірім мерекесінің мезіреті
Құрбан айт – күллі мұсылман асыға күтетін ұлық мерекенің бірі. Бұл күні Алла разылығы үшін құрбандық шалынып, барша мұсылман қауым шаттыққа бөленеді. Биылғы мерекеде аудан жастарынан құралған «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қорының жігіттері орталық алаңға ақшаңқан үй тігіп, ақ дастархан жайып, үлкен-кішіге дәм ұсынды.
Барша мұсылман жамағатына ортақ мерекенің маңызы ерекше. 3 күнге созылатын бұл айтта мұсылмандар бір бірімен жақындасып, жанжалдасқандар татуласып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, мейірім мен ізгілік насихатталады. Ендеше дәстүрі діннен бастау алып, салты сүннетпен ұштасқан халқымыздың асыға күтетін мейрамының өтуіне ұйытқы болған қоғамдық қордың жігіттерінің басты мақсаты – Құрбан айт мерекесінің маңызын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау. Ізгілік пен кеңшіліктің жолын ұстанған қайырымды жандардың жас бүлдіршіндерге мереке шуағын сезіндіруге бағытталған игілікті іс-шарасына аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы арнайы қатысып, жұртшылықты құрбан айтымен құттықтады. – Бүгінгі шарадан «Жаңарған Жаңақорған Жастарының» ізгі істерін, жақсылық жасау арқылы жақындарына қамқор болып, жомарттыққа ұмтылудың шынайы көрінісін байқауға болады. Сондықтан мұқтаж жандарға қол ұшын созудан шаршамайтын осындай бауырларымыздың қатары көбейіп, парасаттылық пен мейірбандықтың белгісін иеленген жерлестеріміз көп болсын. Қашанда игі істері көпке үлгі осындай жомарт жандардың ұлық мейрам күні құрбандық шалып, оны үлестіргендегі ісі қабыл болғай. Осы күні тілеген дұғалар қабыл болып, жасаған ізгі амалдарымыз еселене түссін. Әр отбасына амандық, мол ырыс пен бақбереке тілеймін, – деді әкім. Одан әрі Құрбан айттағы қайырымдылық іс-шарада жиналған жұртшылыққа құрбандыққа шалынған мал етінен дайындалған дәм үлестірілді. Осылайша көтеріңкі көңіл-күймен тойланған мейрамда «Жаңарған Жаңақорған Жастары» қоғамдық қоры атынан 1000-нан астам балаға тегін балмұздақ таратылып, ағалы-інілі кәсіпкер Бахтияр мен Данияр Әбенұлы бүлдіршіндерге арналған аттракцион ойындарының барлық түрін тегін ұсынды. Ортада тігілген қазақтың киіз үйінде және орталық алаңда ақ дастархан жайылып, тұрғындар парасатты бастаманың құрметті қонағы болды. Сондай-ақ әр мереке сайын жақсылық жасауда жаратылысы ерекше жандарды да ұмыт қалдырмайтын қамқор жігіттер көңілі жарым балаларды құтты қонақ қатарына қондырып, қор атынан сыйсыяпат табысталды. Спорттық ойын түрлері: қазақша күрес, қол күрес, гір спорты, бұқа тартыстан сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан бағалы сыйлықтар берілді. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» Мейірім мерекесіне айрықша өң дарытып келе жатқан «Жаңарған Жаңақорған жастарының» бұл өнегелі ісінің жалғасып келе жатқанына биыл алтыншы жыл. Алғаш 2016 жылы ол кезде ресми атауы болмаса да, мешіт жамағаты ретінде топтасқан жылы жүректі жігіттер аудандық ішкі саясат бөлімі, мешіт имамдары қолдауымен орталық алаңда шамашарқынша қайырымдылық шараларын ұйымдастырып жүрді. Алғашқы жылдары 40-қа жуық мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы сыйлықтар берілді. 250 бүлдіршінге тегін ойыншықтар таратты. Осы өнегелі іс жыл сайын өріс алып, ауқымын кеңге жая түсті. Тек пандемия кезінде алаңға жиналуға мүмкіндік болмады. Соған қарамастан тұрмыс-күйі төмен отбасыларға құрбандық етінен және азық-түлік тарату тоқтамады.
Еліміз бойынша айрықша өз ауданымызда қарқынды өркен жайған жастардың бұл қадамының мәні мен мазмұны жөнінде аталмыш ұйымның белсенді өкілі, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Қоғамбек Бисенбиев былай дейді: – Біздің басты мақсатымыз – жас өскіндердің жүрегінде Құрбан айтқа деген құрметін ояту. Бұған дейін Аяз атадан сыйлық күтіп келген балақан нағыз сыйлық, жақсылық Алладан екенін түйсініп, оған жақындаудың, құлшылықтың нығметін сәби кезінен түсініп өскені ләзім. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» Абай атамыз айтқандай, мұсылманның бірбіріне деген қалтқысыз ықыласы осыдан бастау алады. Әрине, бұл жалғыз-жарым жүріп, бітетін шаруа емес. Бұған байланған білек, бір арнаға түйіскен тілек керек. Осы орайда қайырымдылық шарасына үнемі демеу болып отырған орталықтағы «Заңғар», «Қара бура», «Ғани», «Береке» дүкендерінің иелеріне алғысымыз зор. Кеше көпшілікке ас-су таратуда үйін тігіп, стол, ыдыс-аяғына дейін қамтамасыз еткен кәсіпкер Бектас Ашировтың көмегі ерек болды. Дастархан молшылығына үлес қосқан Жайылма диқандарының қауын-қарбызы, «Нұрасыл» дүкенінің салқын сусындары көпшіліктің мейірін қандырып, иелерін ағыл-тегіл алғысқа бөледі. Осы күні таңнан кешке дейін халықты тегін тасымалдауды мойнына алған көлік жүргізушілердің игі талабы көңіл сүйсіндірді. Сайып келгенде, барлығы асыл амалмен қасиетті күнге құрмет көрсетіп, мол-мол сауапқа кенелді. Иә, көпшілік бұған іштей тәубе етіп, жылдан-жылға құлашын кеңге созған жастар бастамасы елдің мерейін арттырып, ақжарылқап күнге жеткізсін деген ізгі тілекпен тарқасты. Әрбір ізгі амалдың басында елдің үлкендері жүргені қандай жақсы. Осынау шараның басы-қасында жүрген ел ағаларын көргенде біз де қуанып қалдық. Осы жерде мына бір тәмсілді келтіре кетейік: “Пайғамбарымыз әрбір жорықтан соң әскерінің жанында емес, сәкі үстінде зікір айтып отыратын қариялардың жанына кеп тізе бүгеді екен. “Соғыста қан кешкен бізбен бірге емес, құр отырған қариялардың не артықшылығы бар екен?” деген сөзге мынадай жауап айтқан: “Егер қариялардың дұғасы, бата-тілегі болмағанда, сендердің қылыштарың өтпес еді”. Жастардың тірлігіне жар болар жанашырлығымыздан.