Тағылымы мол өмір жолы
«Күн күркіремейді ғой...». Кәрі жүрек күрсінді. Қызара батқан күнге қарап ойға шомды. Жалпы қоян жылының оңған кезі жоқ, бірде қуаншылық, бірде қараборан, әйтеуір жұтты жыл. Ойды ой қозғады. Сәуірдің тәуір болмаған жаңбырдың ендігі жерде еш нәрсені жетістірмесін іші сезіп тұр. Байлауы жетпей сойылған ісек қойдың шарбы майындай селдір бұлтты жел қуып кетті. Жауын түбі бір тамбайтын болды-ау.
Мұның бәрі ақсақалдың жанына батып тұр. Ойлайтыны елдің ертеңі, ел үміт күткен, жаңбыр жайы. Жерде ылғал кемдігін, жаңбырдың мазасыздығын, соның салдарынан жерде от, егісте өнім болмайтынын уайымдады. Осындайда өзі 17 жыл басқарған №3 дарынды балалар мектеп интернатында өткен кездесудегі сөйлеген сөзі еріксіз еске түседі екен. «Мен халқыммен бақыттымын» – деп еді сонда.
Қазыналы қарттың асылыққа бармайтынын іштей ұғынғанбыз. Әркім өз қадір-қасиетімен бақытты болатын болса шын мәнінде, сол абырой Әбекеңе бұйырған. Ең бірінші ол ұстаздардың ұстазы.
Тамырын тереңге жайған алып бәйтерек секілді ірі тұлғалардың қашан да көзге алыстан шалынып, жақсы жақтарымен ауызға тез ілігетіні сияқты үлкен өмір мектебінен өткен Әбекең жайлы жылы лебіздерге бала кезден – ақ қанығып өстік. Бар саналы ғұмырын халқына қызмет етуге, онын ішінде оқу-ағарту ісіне арнады. Әңгімені әріден қозғасақ, балалық шағынын рахатынан азабы мол болған. Ата анасының аялы алақаны бұйырмай тоғыз жасқа толар-толмасында жетім қалады. Әке-шешесі бірдей бақилық болған. 1928 жылы әдепкіде Аққұм станциясындағы 2 кластық мектепке, кейін мектеп интернатқа қабылданып, 1934 жылы жеті кластық білім алып шықты. «Жүрегім соғып тұрғанда бойымдағы барымды Отан-анамның қажетіне жұмсауға дайынмын» – деп өзі айтқандай, жасы он беске ілінісімен балалық бал дәуренмен ерте қоштасып, қоғамдық еңбекке араласты.
Әбекеңнің халық ағарту саласындағы жемісті еңбек жолы сол 1934 жылы басталған еді. Етітірілігі арқасында жазусызуды тез меңгерген көзі ашық, көңілі ояу талапты жас елімізде сауатсыздықты жою бағытында бүкілхалықтық қозғалыс өріс алған алғашқы жылдары екі жыл қатарынан Қосүйеңкі колхозында сауатсыз ересек кісілерді оқытумен айналысты.
1936-1939 жылдар аралығында Түркістан қаласындағы педагогикалық техникумда білімін көтере жүріп арнайы комсомолдық жолдамамен кала маңындағы Ленин колхозында ересектерге дәріс береді.
Техникумды ойдағыдай бітіргеннен кейін екі айдай Жаңақорған ауданында мұғалім болып, 1939 жылы Қызыл Армия қатарына алынған. Адамның адамгершілігінің ең шыңына жеткізетін басты шарты халқына сіңірген еңбегі дейтін болсақ, осы тұрғыда бар білімі мен қажыр-қайратын туған елінің өсіпөркендеуіне үлес қосуға жұмсап қеле жатқан Әбекеңнің өнегелі өмірі қай ұрпаққа да шежіредей жыр етіп айтуға, үлгі етіп ұсынуға әбден лайықты. Ол қиындықтарда шындалды. Айталық, Отан алдындағы әскери борышын өтеу мерзімінің бітуі неміс фашистерінің бейбіт жатқан шекарамызға шабуыл жасаумен тұспа-тұс келді.
Ел басына ауыр күн туды. Отан алдындағы перзенттік парызын қайтсем өтеймін деп армандаған ақ жүректі атпал азамат мұндайда аянып қала ма? Дереу өзі сұранып от пен отқа оранған майдан даласына аттанды. Талайлардың өмірін жалмаған сұм соғыс бұған да өз «сыйын» тартты. 24-армияның 107–ші Сібір атқыштар дивизиясында дайындықтан өтіп, 1941 жылдың 3-ші шілдесінен бастап Мәскеу бағытындағы қанқұйлы соғысқа араласты. Бұл нағыз өмір мен өлім арпалысқан шақ еді.
Еліміздің тағдыры қыл үстінде тұрды. Осындай ауыр сәтте бүкіл Совет жауынгерлері сияқты Әбекеңнің де өз Отанына деген шынайы, сүйіспеншілігі жауға қарсы бағытталған жантүршігерлік ұрыстарда көрінді. Әбекең 1941 жылдың қыркүйегінде алғаш рет ауыр жараланып, госпитальға түсті. Госпитальдан емделіп шыққан соң соғыс мүгедегі ретінде алты айдай елде болып, №54 Талап мектебінде мұғалімдік қызмет атқарды. 1942 жылы 25 қазанда қайтадан соғысқа алынып, 4 гвардиялық армия құрамында Сталинградты жаудан азат етуге, Курск соғысындағы ұрыстарға қатысты. Украина мен Молдова республикаларын, Румынияны, Болгарияны, Чехословакияны, Венгрияны, жаудан азат ету барысында тағы да екі рет жараланып, Австрияның Сант-Пельтен қаласын неміс фашистерінен тазартумен соғысты аяқтады.
27 жасында жеңіспен елге оралған майдангер жігіттің кеудесі қуаныш пен арманға толы болды. Ол ендігі жерде кәсіптік шеберлігін шындауды, ұстаздық еңбек жолын одан әрі жалғастыруды құлшына қолға алды.
Үш жыл аудан орталығындағы 7 жылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып істей жүріп алдымен Н.Крупская атындағы Шымкент мұғалімдер институтын, 1950 жылы шұғыл түрде Қызылорда пединститутын бітіреді.
Жоғары білім алып, іскерлік, үйымдастырушылық қабілеті толыға түскен ол 1950-1954 жылдары Талап және Төменарық орта мектептерінде директор, одан 1957 жылға дейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. Осы жылдар көлемінде қолынан мыңдаған шәкірт білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жолдама алады. Көптеген әріптестері ағалық тәлім-тәрбиесімен қамқорлығына бөленді.
1957 жылдың тамызынан 1981 жылдың наурызы аралығында халық депутаттары аудандық советі атқару коммитеті төрағасының орынбасары, 1961 жылдан 1963 жылға дейін №51 орта мектептің директоры, 1963 жылдан 1980 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін аудан орталығындағы №3 мектеп интернаттынын директоры болып істеді.
Еңбек жетістіктерінен бірер дәйек келтірсек. Ә.Әшірбеков басқарған 16 жыл ішінде №3 мектеп интернат тәрбиеленушілері жыл сайын толық үлгерімге жетіп, 55-60 пайызы үздік оқушы атанды. Интернаттан жасөспірімдерді оқытып тәрбиелеудегі табыстары үшін 1967, 1970, 1972, 1974, 1977 жылдары Республика оқу Министрлігінің бұйрықтарында арнайы атап көрсетілді. Озық тәжірибилері бүкіл облыс мектептеріне таратылды.
Өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін мол парасат иесі қандай жұмыс тапсырылса да үлкен жауапкершілікпен атқарып, құрмет пен жоғары сенімге ие болады. Өзін ешқашан басқалардан оқшау сезінген емес.
Бойына біткен осы қасиеті, көпшілдігі мен әділдігі, оның үлкенмен де кішімен де ортақ тіл табысып, қай ұжымда болсын абырой биігіне көтерілуіне зор мүмкіндік ашып отырды. Бүгінгі жас ұрпақ күні ертең өмірдің тұтқасын ұстайтынын әрдайым жанында берік ұстаған ол бала тәрбиесімен жалпы адам тәрбиесін бір – бірінен бөле қарамады.
Ес біліп, буыны бекігелі қоғамдық еңбекке белсене араласып келе жатқан Әбекең республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққан соң да ұстаздық кәсібінен қол үзіп кеткен жоқ. 1986 жылға дейін аудандық сырттан оқыту мектебінде директор болды. Оның халық ағарту саласындағы жалпы еңбек жолы жарты ғасырды құрайды. Әбіләсан Әшірбековтың ұзақ жылдарға созылған ұстаздық еңбегі мен Ұлы Отан соғысындағы ерлік істерін үкіметіміз жоғары бағалады. Соғыс және енбек ардагерінің омырауындағы Қызыл жұлдыз, бірінші дәрежелі Отан соғысы және Октябрь революциясы орденімен 12 медаль осының айғағы, сонымен бірге Әбекең жас ұрпаққа тағылым-тәрбие берудегі және қоғамдық жұмыстардағы тиянақтылығы арқасында, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің және екі рет Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің Құрмет грамотасымен, аудандық партия комитетінің Құрмет грамотасымен наградталады. 1976 жылдан Жаңақорған қоңысының, 2009 жылдан Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы.
СССР Халық ағарту ісінің үздігі. Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім Әбіласан Әшірбеков қай уақытта болсын азамат, ұстаз деген атқа қылаудай дақ түсірмеуге бар мүмкіндігін жұмсай білді. Тіршіліктің жалына жармасып, әрбір қиындықтарымен жағаласа жүріп, теңдікке көнсе де кемдікке көнбей, бардың емес ардың құлы болып келе жатқан Әбекеңнің өмір жолы шын мәнінде тағылымға толы еді. Еткен еңбегінің жемісін мақтан ету кім үшін де заңды құбылыс. «Жылға көрсең көзін аш» – дегендей, Әбекең өзімен бір ұжымда еңбек еткен, алдынан білім алған замандастары мен шәкірттерінің қай-қайсысының да ой-өрісінің қалыптасып, өмірлік бағыт-бағдар ұстауына қамқорлық көрсетуден ешқашан жалыққан емес. Сол үшін де аталық ақыл-кеңесі мен тағылымы мол тәрбиесінен сусындап, қазірде өзі сияқты елге сыйлы, көпке танымал бола бастаған, кейбірі дүниеден өткен, ондаған азаматтардың есімін әркез мақтанышпен еске алады. Олардың қатарында, шаруашылық, ғылым, өнер, әдебиет, халық ағарту, басқа да салаларда халқының құрметіне бөленген Жүсіп Қыдыров, Жандарбек Мәлібеков, Сәдірбай Сапарбаев, Сейітқали Іскендіров, Фатима Дауренбекова, Төребек Әбдірасилов, Иса Мұсаев, Әбдіхалық Әйтілеуов, Әбділла Жаңабеков, Сейтхан Байдүйсенов, Срайыл Скендіров, Өтеген Әлімбетов, Қозтай Әбуов, Нұрберген Тастаев, Құлтас Әшірбеков, ғылым докторлары мен кандидаттары Әбжан Құрышжанов, Мұхтар Әлиев, Бірлес Әдияров, Құдайберген Жаңабергенов, Мейірбек Молдабеков, Сүлеймен Тұрғанбаев, Әбіш Іскендіров, Ұлби Жанасбаева. Қазақстан Журналистер Одағының мүшелері: Үсен Әбшенов, Жұмабай Әбілов, тағы басқалар бар.
Тәрбие қашан да отбасынан басталатыны белгілі. Адам тәрбиесін өмірдегі ең өзекті мәселе деп қарайтын Әбекеңнің шаңырағынан өрбіген ұлқыздарының бәрі де жоғары білімді инабатты жандар. Айталық, тұңғышы Мырзабай мен оның жұбайы Дүрия кезінде аудандық ауруханада дәрігер болып істесе, қыздары Гүлжахан, Айзахан, Гүлнара, Венера, ұлдары Қасен, Зейнкулла, Серғазы, Анарлар бірі педагог, бірі инженер енді бірі суретші.
Өнегелі отбасында бала тәрбиесіне жеңгеміз Зиякүлдің сіңірген еңбегі мол. Әбекеңнің сексенге толған мерей тойы кезінде ауданның, барлық мектептерінде кездесу өткізіліп, ұстазға үлкен құрмет көрсетілген еді.
«Өмірде көп қиындық көрдім деп, өкінбеймін», – дейтін! Әбекең. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» – деп халқымыз бекер айтпаған ғой, қазіргі зейнеттің, бәрі жастайымнан көрген бейнетімнің жемісі.
Бұл күндері жас тәуелсіз мемлекетімізде ауыртпалықтар көп болып тұр. Оны тек енбекпен жеңу керек. Бүгінгі жастардың арман-мақсаты сол болу керек дейтін көзі тірісінде ұлағатты ұстаз.
Өмірдің мәнін Әбекенше пайымдап, сол деңгейден көріне білінудің өзі бақыт. Табиғатты таза, танымы мол жандар ғана осылай бола алады. Ендігі айтпағымыз өзі 17 жыл қызмет еткен №3 мектепке ұстаздардың ұстазы, абыз ақсақал атанған, Ұлы Отан соғысы ардагері Әбіласан Әшірбековтың атын берсе, арда азаматқа берілген орынды баға деп білер едік.
Бүгінгі ұрпақтың ата дәстүріне адалдықтың бір парасы осы болар.
Файзулла Сахиев, Халықаралық
Жазушылар одағының мүшесі,
ауданның "Құрметті азаматы"