» » 1 шілдеден бастап не өзгереді?

1 шілдеден бастап не өзгереді?




Жыл басынан бері сұйытылған газ бағасын ұстап тұру межеленген 180 күн 1 шілдеде бітті. Қаңтардағы жағдайдан кейін сұйытылған газ бағасын мемлекет өзі реттеп, тұрақты баға белгілеген болатын.

180 күн мерзім аяқталды

 Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі бағаны жыл соңына дейін сақтап қалуды ұсынып отыр. «Ашық НҚА» порталында көпшіліктің талқылауына шығарылған қаулы жобасында осындай бастама көтерілген. «Бұған дейін шектеу қойған бұйрықтың мерзімі 2022 жылы шілдеде аяқталады. Сұйытылған мұнай газ нарығының бөлшек сегментінде еркін баға белгілеу енгізілсе, бағаның күрт өсуі мен қоғамда әлеуметтік шиеленістің пайда болу қаупі бар. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жыл соңына дейін сұйытылған мұнай газ бағасын қазіргі мөлшерде қалдыруды ұсынды» деп жазылған құжат жобасында.
 Осылайша сұйытылған газ бағасының ішкі нарықтағы бағасы қазіргі қалпында қалмақ. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында қазір көлік газының бағасы литріне 70-75 теңге көлемінде, Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарында 60-65 теңге, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында бір литрі 50-55 теңге болып бектілген. Ал келесі жылдан бастап сұйытылған газдың шекті бағасын Энергетика министрлігі белгілеп отырады.
 Ведомство басшысы Болат Ақшолақов журналистерге осындай мәлімет берген болатын. «180 күндік реттеу мерзімі аяқталған соң сұйытылған газдың бір литрі зауыттан 29 теңгемен шығатын болса, соңғы тұтынушыға қазіргідей 50 теңге емес, 55 теңге болуы мүмкін. Бұл – анық нарықтық жолмен енгізілген баға. Оны бақылауға алу керек деп отырғанымыз, осы межеден асырып жібергендер болса, оның негіздемесін дәлелдей алмаса, айыппұл салып, бағаны қайтадан орнына келтіреміз» деген еді Б.Ақшолақов.

Реформа тағы шегерілді

 1 шілдеден бастап пәтер иелері кооперативтерінің орнына мүлік иелері бірлестігі мен жай серіктестіктер құрылып бітуі керек болған. Бұл реформа тағы кейінге шегерілді. Тағы деп отырғанымыз, әуел баста пәтер иелері мен тұрғын емес ғимараттардың меншік иелері 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін мүлік иелерінің бірлестігіне немесе жай серіктестіктерге бірігуі керек еді. Бірақ пандемия Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоспарын өзгертіп, бұл шара 2022 жылдың 1 шілдесіне шегерілген. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісі Энергия үнемдеу туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қабылдаған. Аталған құжат бойынша пәтер иелері кооперативтері тағы бір жыл жұмыс істейтін болды.

75 проценттік өсім

 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75% өседі. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Шымкенттегі кездесуде осындай мәлімет берді. «Мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен әр жыл сайын 20%-ке өсетін болады. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жүргізіледі, яғни осы кезеңде еңбекақы көлемі 100%-ке артады. Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 1 шілдеден бастап «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбекақысы 75%-ке артатынын атап өткім келеді» деді Д.Абаев.

Дәрілер таңбаланады

 Үкіметтің 2022 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен таңбалауға жататын тауарлардың тізбесі толықтырылды. Аталған құжаттың 8 мамырда күшіне енгенін ескерсек, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап шығарылатын дәрілерге таңбалау енгізіледі. Қаулы тізімінде мынадай дәрілер бар: иммундық сарысулар және қанның басқа фракцияларына керек дәрілер, дәрілік пішіндерге немесе бөлшек саудаға арналған пішіндерге немесе қаптамаларға салынған иммунологиялық препараттар, емдік, профилактика немесе диагностика үшін дайындалған жануарлардың қаны, басқа да барлық дәрілер.

Сатып алудағы өзгеріс

 1 шілдеден бастап Қаржы министрінің 2022 жылғы 19 қаңтардағы №52 бұйрығы күшіне енеді. Ол құжат бойынша мемлекеттік сатып алу процедурасына қатысу үшін тауарды электронды каталогқа тіркеу қажет болады. Электронды каталогтан  кеңсе тауарлары, шаруашылық тауарлары, дәрілік заттар және медициналық мақсаттағы бұйымдар, электр тауарлары  сатып алынады.

Жаңа лимит және басқалар

 Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен 2022 жылдың 1 шілдесі мен 2023 жылдың 15 ақпанына дейінгі аралықта атуға болатын жануарлардың лимиті белгіленген. Кеше аңшылық маусымда атуға болатын хайуандардың жаңа лимиті күшіне енді. Құжатқа сүйенсек, аталған мерзімде Қазақстан аумағында 15124 қабан, 1110 марал, 11185 сібір елігін, 515 бұлан, 1347 тауешкі, 150 қоңыр аю, 126 сілеусін, 509 жанаттәрізді ит, ,13904 қарсақ, 57764 түлкі, 15132 борсық, 10297 ақкіс, 109148 ондатр, 391322 қоян, 304430 суыр, 254000 қаз, 886000 үйрек, 52758 кулик, 87489 қырғауыл, 111338 құр, 132904 көгершін және т.б. атуға рұқсат берілмек.
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап Кәсіпкерлік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік монополия тетігін толықтыратын және жетілдіретін арнайы құқықтық институт құру көзделген. Сонымен бірге  кешеден бастап жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазбалар саласындағы уәкілетті органға тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық және бесжылдық бағдарламаларын, сондай-ақ жоспарланып отырған сатып алу туралы ақпарат беруге міндеттелді. Екінші жартыжылдықтың басындағы тағы бір өзгеріс – тергеу изоляторындағы медициналық ұйымдарда күдіктілер мен айыпталушылар ауру түрлері бойынша іріктеліп жатқызылады. Ерлер мен әйелдер, кәмелетке толмағандар мен ересектер бөлек ұсталады. Аса ауыр және ауыр қылмыстар жасады деген күдіктілер мен айыпталушылар оқшау ұсталады.
02 шілде 2022 ж. 183 0