«Көңіл көктемі» кітабының тұсаукесері
Туған жер – тұғырлы бесігің. Қарашаңырақтың қадір-қасиетін бойына сіңіріп, ауылдың ақ топырағына аунап өскен ақынның әр туындысынан атамекенге деген сағыныштың сарыны аңғарылып тұратыны соның дәлелі.
Ақын Әнуарбек Әуелбек қазақ поэзиясындағы өзіндік өрнекті ойларымен танымал шығармашылық өкілдерінің бірі. Оның соңғы шыққан кітабы – «Көңіл көктеміне» енген лирикалық өлеңдерінде туған ел, өскен жерге деген сүйіспеншілігі, даңғайыр даланың тұмса табиғатына деген сағынышы көрініс тапқан.
Әр жаз өзі титтейінен топырағына аунап өскен, шыбықты ат қып мінген ауылына келіп, ауасын жұтып кетуді перзенттік парыз санайтын әдетімен биыл да туған жерге ат басын бұрған азамат жаңіа кітабының жарық көрген қуанышын бауырларымен бірге бөлісіп, арқа-жарқа әсерге бөленді.
Ақын еңбектері – жас буын тәрбиесінің темірқазығы. Өа замандастарынан бөлекше осындай болмысын бағалауды басты мақсат еткен ауылдағы мәдениет ошағы жетекшілерінің ізгі талабы ақын шығармашылдығын насихаттау арқылы кіші буын жастардың бойында патриоттық рухтың дәнін егу, адамгершілік қасиеттерге баулу, халқына, туған тілге, ортақ отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятуға бағытталды.
Шығармашылық кеш шымылдығын ашқан Сунақата ауылы округі әкімінің бас маманы Ерсұлтан Жанболат өзі жатқа білетін ақын өлеңдерін тебірене оқып, рухани кешке келісті сыр дарытты. Ауыл мақтаны – марқасқа ақынға аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының арнайы тілектестік лебізіне толы Алғыс хатын табыс етіп, сый-құрмет жасады.
Сунақата ауылдық клубына жиналған көпшілік ақын ұлдарын алдыға шығарып, ойда жүрген сауалдарын қойып, емен-жаорқын сырласуға мол мүмкіндік туған бұл күні ақын ағынан жарылып, өзінің соңғы жазған өлеңдерін оқып берді.
Әнуарбек Исламханұлының есімі бүгінде жалпы оқырман қауымға жақсы таныс. Ол талантты ақын ғана емес, журналистика саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан журналист.
Оның өмірбаянына толық тоқталып өтсек, ақын Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Сунақата» ауылында 1962 жылы 1-қаңтарда дүниеге келген. Ауылдағы № 194 орта мектепте оқыды.
Еңбек жолын осы ауылда жұмысшы болып бастады. 1980 жылы ауылдан алған жолдамасы бойынша ҚазМУ-дің дайындық бөліміне түсіп, 1986 жылы – қазiргi Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiн бiтiрдi. Республикалық «Лениншiл жас» («Жас Алаш»), «Қазақ әдебиетi», «Егемен Қазақстан», халықаралық «Түркiстан», «Ислам және өркениет», «Дала мен Қала», «Әдебиет айдыны» газеттерi мен «Хабар» телеарнасында қызмет iстедi. 2003-2005 жылдары «Хабар» телеарнасынан берiлiп тұрған тарихи-танымдық 110 сериялы қысқа метражды «Солай болған» деректі фильмдер бағдарламасының авторы
Публицистикалық еңбектерi «Аралым – арым, Балқашым – бағым», «Саңлақтар», «Қызыл қырғын», «Қажымұқан қағанаты», «Азаттық аңсағандар», «Қасым Жәкібаев» деген кітаптар мен тағы да басқа жинақтарға енген. 1998 жылы жарыққа шыққан «Ақ жауынды шақ», 2009 жылы тасқа басылған «Жаныңмен жаз сырыңды» атты жыр кiтаптарының, 2012 жылы шыққан «Солай болған» және «Болашағына қол созған Қазақстан» публицистикалық кітаптарының авторы. Қазiр «Алматы ақшамы» газетiнде Бас редактордың орынбасары болып қызмет iстейді.
Кеш иесі ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, ақын Әуелбек Әнуарбек қошеметпен сахна төріне көтеріліп, көрермендердің қойған сауалдарына жауап берді. Келесі кезекте ауыл өнерпазы Ерсұлтан Тоғжан ақынның «Ауылым» деп аталатын жырын нәшіне келтіре орындаса, Мырзасұлтан Еркеназ «Ауылым – жан шуағым» өлеңін оқып берді.
Келесі сәтте ақынды құттықтау үшін сахнаға көтерілген Сунақата ауылдық мәдениет үйінің директоры Тұрсынбек Әбенұлы және №194, №242 мектеп директорлары Мұхтар Нұртасұлы мен Полатбек Өтебекұлы өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, арнайы сый-сияпат жасады..
Ануарбек Әуелбектің «Сығанақ сазы» әні Аманкелді Қансейітовтың орындауында көкке қалықтап, тыңдаушылардың көңілін толқытты.
Ақын ағамыздың. «Сығанақпен сырласу» өлеңін Мырзахметов Дәурен оқып берді.
Қаратаудың сілемдері Сығанаққа қараған,
Кербез дала керіледі орын алып арадан.
Шаңдақ жердің жүруші едім, шаңын қосып шаңына,
Көзің жазып қалмадың ба, тынбай жортқан баладан?
Талай бетін тұмшалаған тоз-тоз болған тарихтың,
Топырағың қайта түлеп шықтың ішінен тамұқтың.
Бірақ сенің құпиялау қойныңды ашып, Сығанақ,
Дүниеге қайта келер күнді күтіп зарықтым.
Сырдың суы шықпай қойды сенің қайсар төсіңе,
Қалды ма екенбар ғұмырың соныменен кесіле.
Әлде түрлі шапқыншылық кездерінде дұшпанның
Ат тұяғы таптады ма еркін жүріп көсіле.
Не де болса құпияң көп, көбі ашылмай қалуда,
Мына жұртта мұрша да жоқ сені зерттеп табуға.
Бар білері, сенен көшкен ел үдере Сыр жаққа,
Ауып кеткен өздеріне Жаңа қорған салуға.
Одан бері сан жыл өтті ел жаңартқан сан ғасыр,
Алмасты ұрпақ бір-біріне көшкен бұлттай жалғасып.
Қаншама рет келді көштер Қаратаудың басынан,
Сыр бойына қасіретпен жадау іздеп жанға құр.
Кім келмеді, кім кетпеді, кім жүрмеді бұл ізбен?
Небір ұлыс араласты тағдыр айдап ұлыспен.
Бірақ атажұртын басқан бір қауым ел тапжылмай,
Айналаңда шарқ ұрып жүр арпалысып жұмыспен.
Жұмбақ болып қалдың өзің,келмей ашқың сырыңды,
Кім түсінер кеудеңдегі бүркіп алған сырыңды.
Шығамын да ауылымнан екі-үш аттап сен жаққа,
Күбірлеймін жынды адамдай іштей оқып жырымды.
Сен сияқты моп-момақан, құпиялау халқың да,
Саған ұқсап қалдым мен де табиғилау қалпымда.
Сәнін бұзып мына жердің бүкірі болып тұрсаң да,
Айырбастай алмас едім ат басындай алтынға».
Кеш шырайын кіргізген Мұхит Әбен «Бір ел болсақ» әнін шырқады.
Рухани кешке жиналған көпшілік кеш соңында ақынның «Көңіл көктемі» атты кітабының тұсау кесер рәсіміне куә болды.«Көңіл көктемі» кітабының тұсау кесер лентасын қиған Жаңақорған тынысы газетінің редакторы міндетін атқарушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Баян Үсейінова және Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ұрпақтан – ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әзия Қыстаубаева өз аттарынан туған жеодег шыққан тұлғалы азамат, жыр жампозы Әнуарбек Әуелбекке жүрекжарды лебіздерін арнап, шығармашылық табыс тіледі.
Кешке қатысушыларға ақынның жаңа кітабы таратылып, жыр сүйер қауым ақын қолтаңбасын алды.
Жасұлан Сейдеметов