» » Төл газет төрімізде тұрсын

Төл газет төрімізде тұрсын


Менің жасым қазір сексеннен асты. Өзім Талап ауылында туылғанмын. №54 орта мектепті бітірген соң Түркістандағы техникалық училищеде оқыдым. Кеңес армиясы қатарында ол кездегі тәртіп бойынша үш жыл әскери міндетімді өтедім. Елге келген соң “Сатымсай” бекетінде байланыс механигі болып жұмыс атқардым. Осы жылдары Алматыдағы техникумда байланыс механиктерін дайындайтын арнайы курстан өттім. Жұмысымды қайта жалғап Түркістан мен Жосалыға дейінгі пойыздар қатынасын реттеп отыруда байланыс жүйелері қызметін атқардым.

1971 жылдан бастап XXIV парт­съезд кеңшарына көшіп келуімізге байланысты байланыс бөлімшесінің меңгерушісі болып істедім. Қарамағымда 4 пошташы жұмыс істеді. Төменарық халқының зейнеткерлер бөлігі мен көп балалы аналардың жәрдемақысын тарату үй-үйге аралап жүріп атқарылды. Қазіргідей байланыс құралдары түгел автоматтандырылған кезең емес, телефон да ауылдағы мектеп, аурухана, совхоз басшылығының кеңселерінде ғана болды.
Бірақ газет – журналға деген ықылас зор еді. Егіндіктегі диқан да, алыс отарлардағы малшы қауымы да мерзімді баспасөзге белсенді түрде жазылып, қызыға оқитын. Пошташылар өз жұмысының саяси салмағын сезініп, темірдей тәртіпті сақтады. Газет таратылған күннен кешікпей оқырман қолына тиді. Біз осы үлгіні қалып етіп, тәртіпті алдыға қойған адамбыз. Осы айтылған қағида айналып келгенде, адамдардың бір-бірін сыйлауына, құрметтеуіне негіз қалайды. Бұл бір, екіншіден өзінің міндетіне алған жұмысты мінсіз атқаруға әрбір байланыс қызметкері, газет таратушы жауапкершілікпен қарауы керек.
Жаңа газет - журналды бірінші қолға алып оқудың өзі бір қуаныш. Осы дағды бойымызда сақталып қалмған ба, күніге пошта жәшігіне бір-екі рет барып қарамасақ көңіліміз көншімейді. Соның ішінде асыға күтетініміз төл газетіміз.
«Жаңақорған тынысы» жүрегімізге бәрінен жақын жариялананым. Оған жазылмаған адам көп нәрседен құр қалады деп есептеймін.

Нұралы Қаратайұлы.
Қаратөбе ауылының тұрғыны.
19 маусым 2022 ж. 191 0