» » Болашақтың бағдары

Болашақтың бағдары


Жалпыхалықтық референдумның алдын ала қорытындысы шықты. Референдумға елдегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан астамы, яғни 68,06 пайызы қатысты. Атап айтқанда, Түркістан облысы 80,6 пайызбен көш бастады. Одан кейін Қызылорда облысы 79,89 пайызбен жоғары нәтиже көрсетті. Үздік үштікте Шығыс Қазақстан облысы 77,49 пайызды көрсетті. Ел астанасы Нұрсұлтан қаласында тұрғындардың дауыс беру үлесі 57, 7 пайызды құрады. Мұнда саяси тұлғалар да дауыс беруден қалыс қалмаған.

Оқушылар сарайында орналасқан дауыс беру учаскесіне келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан ел азаматтары өздерін мазалаған сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды. Сауалдарға жауапта Қазақстаннан заңсыз асқан қаражаттардың қайтуы бойынша мәселені арнайы комиссия анықтайтыны айтылды. Сонымен қатар елде орын алған оқиғаларға орай талдау-сараптаулардан соң толық шешім қабылданып, баға берілетіні белгілі болды. «Қаралы қаңтар оқиғаларының қайталанбауына реформа кепілдік береді» деді ол. Конституцияға өзгеріс енгізу.

– Президенттің бастамасы. Мемлекет басшысы осынау саяси оқиғалардан кейін елді үлкен өзгеріс күтіп тұрғанын айтты. «Алда үлкен жұмыс бар. Бүгін осы өзгерістерді іске асыруға мүмкіндік беретін Конституцияны бекемдеуге қатысу керек. Атап айтқанда, партияға, Парламенттерге қатысы бар заңнамаларға өзгеріс енгізіледі. Бұл түптеп келгенде, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың парадигмасын өзгертеді. Адам құқықтары бірінші орынға шығады.Бұл аса маңызды» деді ол.

Қазақстанда өтіп жатқан референдумға әлем назарын аударды. Саяси науқанның барысын шетелдің 215 бұқаралық ақпараттық құралдары бақылап, өтілу процесінен хабар таратты. «Бәрі де әділ, әрі ашық өтті. Орталық және аумақтық комиссиялар дауыс беру процесінде халықаралық талаптарға және ұлттық нормаға сай әрекет етті. Жұртшылықтың шынайы белсенділігі елдегі демократиялық үдерістердің нәтижесі» деп баға берді.

Референдумға шетелде жүрген отандастарымыз да атсалысты. 5100 азамат дауыс берген. Бұл тізімге тіркелгендердің 44,5 пайызы. Нақтылап айтқанда, 55 мемлекетте 65 сайлау учаскесі жұмыс істеген. Ешқайсысында да заң бұзушылық тіркелмеген. Елімізде әр азаматтың өз таңдауын жасауына барлық жағдай жасалды. Оның көрінісін өз ауданымыздағы референдумның тыныстіршілігінен де байқауға болады. Елдік мәселеде енжарлық танытпай, өз дауыстарын беруді азаматтық борышы санаған жұртшылықтың қарасы таңғы алтыдан бастап сайлау учаскелері басында тоғысып, өз таңдауларын жасады. Аудандағы бұқаралық ақпарат құралдар өкілдері әр аймаққа бөлініп, референдумның толыққанды тынысын зерделеуге күш салды. Елдің үлкендері, қариялары жұрттан бұрын барып, бірінші тіркеліп, бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі – Конституциямыздың тағдырына таяныш болу ниеттерін білдіріп, саяси науқанның сәтті өтуіне ақ тілектерін арнап, батасын беріп жатуы да ұлттық үрдісімізден тарқатылған жарасымды бір көріністі әйгіледі.

Еңбекшіл адам ерте тұрады ғой. Өзіміз болған елді мекендерде көргеніміздей, бозала таңнан тұрып, кетпенін иығына асып, егінжайына асығатын еңбекшіл қауымның бұл күні беталысы – ауыл ортасындағы ақшаңқан Сайлау үйі болды. Ел өмірінде саяси мәні зор, тағдыршешті науқанға үн қосу, сайып келгенде, дамуымыздың болмысын бекіту, әрбір азаматтың міндеті. Осы миссиясына адалдық танытқан ауыл халқының алдымен референдумға қатысуға бұрылуы – соның айғағы. Бәрі де шаруаның адамы. Әр минуты алтын. Десек те қоғам тағдыры одан да қымбат қой.

Саяси науқан барысында қай өңірге, қай аумақтық сайлау округіне ат шалдырып, саяси науқанның шырайына шынайы көңіл қойғанымызда байқағанымыз, халық деп аталатын Болашақтың бағдары (Жалғасы. Басы 1-бетте) үлкен әлеуметтік күшті құрайтын түрлі жастағы тұрғындар өкілінің белсенділігі басым. Қай-қайсысының да жүзі жадыраңқы, жаңа күнге қадам басқан ертеңіне зор үміт артып, онда өзінің де үні маңызды екенін түйсінген жауапкершіліктің асқақтығын көрдік.

Ауданда референдум қорытындыларына тоқталсақ, саяси науқанға қатысуға құқы бар азаматтардың жалпы саны 44 988-ді құрайды. Оның ішінде бюллетень алған азаматтар саны 39 509, дауыс бкпуге қатысқаны – 39 352, дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерлерде дауыс бергені 601. Берілген дауыстар ішінде «иә» деп жауап бергені – 30 526, «жоқ» деп жауап бергені – 8 006, жарамсыз деп танылған бюллетеньдер 490. Сайлау қорытындысы 77,57 па­­йызды көрсетті.

Баян Үсейінова

08 маусым 2022 ж. 274 0