Мұрат Бақтиярұлы: Еліміздің болашағы – ел азаматтарының қолында
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жалпыхалықтық референдумға байланысты БАҚ өкілдерімен бірге дөңгелек үстел өткізді. Жиын барысында Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың маңыздылығы айтылып, қоғамдағы түйіткүлді мәселелер кеңінен қозғалды. Сондай-ақ, Мұрат Бақтиярұлы халыққа референдумның өзектілігін түсіндіру керектігін де тілге тиек етті.
– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда Ата-Заңымызға өзгеріс енгізу туралы республикалық референдум өткізу жөнінде Жарлыққа қол қойды. Бұл Тәуелсіз ел атанған 30 жыл ішінде ауқымды саяси шешім болмақ. Мемлекет басшысының наурыз айындағы Жолдауында саяси реформаның өзгеретінін және экономикалық тұрғыда нақты әрекеттер жүргізілетінін айтты. Осыған сәйкес, Конституциядағы 98 баптың 33-не өзгерістер енгізіледі. Жалпы биліктің 3 тармағы бар. Бірінші, билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынасты оңтайландыру. Екінші, біздің азаматтарымызды мемлекеттік билікке тарту мәселесі. Үшінші, адам және адам құқықтары. Осы бағытта саяси жүйеде өзгеріс орын алады. Сонымен қатар қоғам арасында тіл мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Бізге дейінгі тіл жанашырлары да Парламент төрінде мәселе көтеріп, халықтың сөзін жеткізді. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін өз тілімізге сұраныс тудыртуымыз керек. Ол үшін кез келген халыққа қызмет жасайтын мекемелерде қазақ тілін білмейтін қызметкерлерді жұмысқа алмау керек. Бұл депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлерге де қатысты мәселе. Елімізде халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында бірқатар шаралар қабылданды. Тиісінше, 2025 жылға дейін дәрігерлер мен БАҚ өкілдерінің табысы бірнеше есеге өспек. Алда болатын жалпыхалықтық референдумға баршаларыңызды шақырамын. Еліміздің болашағы – ел азаматтарының қолында, – деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы.