«Болар елдің баласы…» (ой-сапар)
Саясат дегеніңіз – құбылған күндей дүние ғой… ауанын аңғармай, райын бақпай, рабайсыз аралассаңыз, жігін, тілін, жүгін түсінбесеңіз, жарқабақтан асырып жібереді. Жалғыз жығылып, жамбасыңызды сипап жатсаңыз ештеңе етпес, «жер көтереді», бірақ сіздің бітеулей айтқан бірауыз сөзіңіз қоғамдық ортаның оқшау бөлігін от тигендей ұйтқытып, мағынасы мәлімсіздеу көңіл-күйге жетелесе ше? Асылы, талайдан тезге түскен, сөзге піскен Қазақты аяу керек, егер оны сүйсеңіз!
Кадр саясаты – Үлкен саясаттың бастауы. Оны тәпсірлеп, таратып, тергеп, терлемей-ақ қояйын. Бәріміз білеміз. «Азаматына қарап, ауылын таны» деген бұрынғылар. «Кадры бар елдің – қадірі бар» дейтін шығар бүгінгілер. Жалпы, кадрларды таңдау, орайына қарай орнықтыру – әкімдер үшін үлкен сын. Менің аяулы інім Бауыржан Омарұлының «жақсылы-жаманды, жинап алдым команда» деп әзілдеген уақыты уыстан шығып кетті. Су қолда тұрушы ма еді? Академик бауырым да сол сөзді бір гәппен сыздықтатты-ау, сірә.
Жаңа жолдың (жылдың емес) қаңтардан басталатыны рас екен: жүйе жаңғырды, ақиқат сән құрды, сана сілкінді, қоғам бұлқынды, перде сырылды, билік бұрылды… мүмкін, сәл ертеректеу қуанатын шығармыз, алайда, үміт пен сенім уақытпен санаспайды! Сондықтан біздің үмітіміз бен сенімімізді ақтау үшін мықты, мығым, жұғымды, шығымды, кәсіби сауатты, ісіне жауапты, ұз-ы-ы-н үстел ұшында керіліп отырмайтын, бұқараның аманат-тілегін беріліп орындайтын, басқарудың жаңа қағидаттарын ұстанған кадрлар қажет!
Соншалықты ындыным кеуіп тұрмаса да, анда-санда әлеуметтік желіге көзімнің қиығын салып қоятыным бар.
– Патшаға да, пақырға да ыңғайлы:
Ғалам мынау: – гаджеттерге үңіліп,
Гаремдердің әңгімесін тыңдайды, – деп, жапонның хайку қалыбымен ұстанымымды білдірсем де, қым-қиғаш, қонымды-қонымсыз жазбалардың жұртынан жылтыраған бірдеңе тауып алам ба деген дәмегөйлік. Фейсбуктың фонтаны шаншылып, атқылап, кадр саясатын көздеп тұр! Жоғарғы жақты қойшы, жергілікті ауыс-түйістер, тағайындаулар, бағы жанған бастықтардың биографиялық-жағырапиялық тегін түгендеу, т.с.с. алуан сарынды пікірлер, көзқарастар, шындығы бар, қылтығы бар әңгімелер қайшыласып соққанда, жаның ыршып, өткірдің жүзінен аман-сау аунап түскеніңе тәубе дейсің. «Басты тақырыпқа» бас-көзге қарамай кіріп кеткеніме тап осы қазір өкініп отырмын! Кірдік екен, қипақтап-қипақтап, шығып кетпей, біреуге ұнар, біреуге ұнамас, бір-екі ауыз сөзімізді айтайық. Ағалық атымызға ұят…
Бірінші, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев – мемлекеттік қызметтің, басқарудың түрлі баспалдақтарында шыңдалған, оқығаны мен тоқығаны тоғысқан, іскер де ілкімді, ұйымдастырушылық әбжілдігі «тас қайнатқан», алымды азамат. Көзіміздің ауласында өсті, өрістенді.
Қаланы сірісінен баспай сегіз жыл басқарғанда, кім екенін білдік қой деймін.
– Күнім жоқ өзің үшін қан қызбаған,
Қызылорда – маңдайдағы жалғыз қалам! – деп, күн тұрып, түн түріп шауып жүрді! Істің оябын тауып жүрді. Алып-қосарыңыз бар ма? Жоқ! Әрі қарай кеттік. Былтыр әкімдік қызметтегі мерзімді уақыты (бір орындағы) бітіп, астанаға, Үкіметке ауысқанда, жөн-жоралғымен шығарып салып, тілек қосқанбыз. Оң болсын! Сонда жол-жөнекей өзім куә болған бір жағдаятты айта кетейін, құрметті достар!
Былтыр, қала активімен жылы-жұмсақ шырайласқан соң, Нұрлыбек Машбекұлы кешкілік Қызылорданың өнбойын аралап, жыл-он екі айдың тұтас тәулігінде қаланың қойны-қонышын тазалап, шып-шырғасын қағып, етек-жеңін жайнатып жүрген «қызғылт желеңді» жұмысшылармен жүздесті. Әрқайсысының қолын алып, жылы сөздерін арнап, шын жүректен алғысын айтты. Құдая тоба, көзімізбен көрмесек те, баяғыда қаланы ертеден-кешке дейін жаяу аралайтын Алисовтың жанкештілігін үлкендерден естуші едік, мынау бір көңіл толқытар мезет болды-ау!
Сол Нұрлыбек, міне, аймақ басшысы ретінде кадрларды сұрыптап, басқару сөрелеріне қатарластырып қоя бастады. Облыс активімен кездесуінде: «Кадр саясаты қоғамның қызу талқылайтын тақырыптарының бірі екені жасырын емес. Біз осы әрекетіміз арқылы ел арасында басы артық әңгіме тудыруды көздемейміз. Мақсатымыз – ел игілігі, халықтың қамы үшін барын салып жұмыс істейтін азаматтарды ортақ мүддеге жұмылдыру, өңірдің әлеуетін арттыру» деген болатын.
Шынында да солай болып шықты. Ол Самарқаннан сарт, Марғұланнан мәрт алдырған жоқ. Осы елдің қазанында қайнаған, жұрттың жайын ойлаған, басқару жүйесінің өлшеміне бойлаған, жазда арбасын, қыста шанасын сайлаған азаматтарды, сондай-ақ, сырт өңірлерде қызмет істеген жерлестерімізді шақырып, «орындарын тауып беріп» жатыр.
Әлқисса, Қаратаудың баурайына, Жаңақорған ауданына Мұрат Тілеуімбетов әкім болып барды. Жау қайда, кешіріңіз, жұмыс қайда деп басымен алысқан жігіт. Іскер, қызу қанды. Асып-төгілген идеяларынан қарызға сұрап алуға болады. Ол аз десеңіз, облыстық деңгейдегі бірнеше басқармаларды кермешедей сүзіп шыққан. Балықшы ауылдың баласы ғой. Әкімдік тәжірибесі ме?… Қала әкімінің орынбасары ретінде құрылыс, өндірістік, т.б. салаларға жетекшілік жасаған.
Шиеліден әзір ши шыққан жоқ. Бұрынғы прокурор пәрменді жұмыс істеуі керек енді… Аймақ басшысы өңірлерді аралап жүргенінде, бірқатар аудан басшыларын әзір орындарынан қозғамайтынын, олардың жұмысын жарты жылдың мөлшерімен бағалайтынын қадап айтқан. Қазіргі тілмен айтқанда, Шиеліден бөлек, Қазалы, Арал аудандарының әкімдеріне карт-бланш берілді. Қос тізгінді көлденең тістеп, қамшы басатын кез.
Жалағаштан жалы жығылмай, ата дәстүрдің жолынан бұрылмай, алдынан тосқан ауыртпалықтан ығынбай Шәменов жетті шаһардың төріне! Асылбек Өмірбекұлы. Әкесі Өмірбек өңірдегі біраз қызметтің қырманын суырған, Жалағаш ауданын басқарған. Биязы, байыпты, өте мәдениетті. Қарапайымдылығынан қырық кісі жолында жығылып жатқандай. А.Шәменов кезінде қала әкімінің орынбасары болып, ең күрделі салаларға жетекшілік жасап, жинақтаған мол тәжірибесі бар.
Ал енді Ұлы Судың екі езуін ернеулей қоныстанған Сырдария ауданына қарай тізгін қағайық. Бұл – бір, қонысы жайлы, қазаны майлы, сайманы сайлы кенен жұрт. Қырық рудан құралса да, «у ішіп» жатқан ешкім жоқ. («У ішсең, руыңмен» – мәтел). Тірлігі түзу, қарекеті қызу. Кешегі күнге дейін аудан аумағында тіркелген мұнай кеніштерінен түсетін рента, тағы басқа салық төлемдерін науасына құйып алып, қалағанынша жұмсап, орталықтан бөлінетін трансферттердің мөлшеріне мөлимей, маңғазданып отырушы еді, түсімі түскірдің арнасы облысқа аунап кеткелі, «қатарға қосылып» қалды. Қазаққа Абзал Ералиевтей Еңбек Ерін берген елге қазір Мұрат Ергешбаев егелік етуде. Он-он бес жылдың орайында Қызылорда қаласынан бастап, Шиелі, Қармақшы, Қазалы аудандарын басқарып, абыроймен апталған азамат. Істің көзін біледі, көптің тілін табады. Әріптестері арасында беделді.
Әкесінің әдібінен айнымаса, ауыс-түйіс талқысына түскен күннің өзінде әрі қарай әуірлеп әуелейтін шығар?
Тереңөзектен шыға бере шамдағай бойлы, шымыр жігіттің қарасын көзіміз шалды. Әкімнің орынтағы адамды үлкейтіп көрсетеді-ау, сірә? Шырқай шапқан Шәменовтің шаңы басылмай-ақ, ерге Есжанов қона кетті. Кіндік қаны тамған жер, өрісі кең, орманды ел. Қайдан келдің, неге келдің деп оқшырайып қарайтын пенде табылмас, су жаңа әкімнің өмірбаянын жерлестері жақсы біледі: облыс әкімдігі аппаратының жауапты қызметкері, қалалық білім, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қалалық мәслихат аппаратының жетекшісі, қала әкімінің орынбасары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Пысық, іс барысында өктем де, «көктем» де бола алады. Менің білетінім, әжептәуір ақындығы бар. Өлең жазған адамды қай уақытта адалдығы мен намысы жеңіп тұрады. Тағы да аңғарғаным, Асқарды, «атқа мінгенің – ажалға мінгенің» деп қорқыта алмайсың, ол бәрібір, атқа мінгенің – абыройға мінгенің деп түсінеді. Жалағашты «алып» кететіні кәміл.
Бұрнағы аптада аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевпен Қармақшы ауданында бірге болдық. Шаруа жайын шамалаған соң, әкім мәдениет үйінде активпен кездесіп, жалындатып сөз сөйледі, қалыңдатып ой қозғады.
– Біраз жағдаятқа қанықтым, зәруліктер жеткілікті. Бірақ өзім де, Әділбек Бөрібайұлы да жаңадан тағайындалғандықтан, бүгін өздеріңіз білетін өзекті мәселелерді басып айтуға қысылып отырмын. Қанаттасып жұмыс істейміз. Әкімдеріңіздің қызметін алты айдың ауқымымен бағалайтын боламыз, – деді.
Облыстық деңгейдегі бірнеше саланы шылбырынан ұстаған, арасында Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары болып үлгерген, туған жеріне облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары лауазымынан келген Әділбек Ерсұлтанов Нұрлыбек Машбекұлының «балапанды күзде санаймыз» деген ләмін түсінбеді дейсіз бе, түсінді. Жыл сайын күріштен Қап тауын орнатқан өңірде әлгі бір… «Ахиллестің өкшесіндей» болып, кәсіпкерліктің кежегесі кейін тартып тұрғаны болмаса… Тәуекел, қала көрген аты бар, бір иласы табылар!
Ой-сапарларымыздың орамында батыстың екі әкімінің есім-сойын ұшқындатып атап өткенбіз. Енді ұлпадай елеп, екшеп көрелік.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Ұлы теңіздің тумасы, Аралдағы көрнекі қызметтің біршамасына сатылап көтерілген. Инфрақұрылымдардың тетіктерін ғана емес, әлеуметтің де көңіл күйін тамыршыдай таниды: үндесті, үйлесті. Кезінде Аралға тағайындалып келген талай әкімдердің қайсысымен болса да ынтымақтасып, ынтасымен еңбек етті. Тапсырмаларды тиянақтап орындай жүріп, өзінің толысқанын сезді. Өзі ғана емес, оны жоғары жақтағылар да сезіпті. Сәтін салып, қаласы бар ауданға әкім болып, бірнеше жылдың жүзін аудара бергенде… тағы да қаласы бар Қазалының қазығына ат байлады. Ұсынақты, ұстамды. Ешкімнің бетіне жел боп тигісі келмейтін ұяң мінезді азамат. Шатыраштың тасындай қағыстырып, кадр ауыстыра беруді қаламайды. Командалық есепке жүгінеді. Енді жаңа Қазақстанның жаңаруы жолында жанын торсыққа құйып жұмыс істеуі керек!
Телегей теңіздің сағасындағы кемедей қоныстың босағасын баққан Серік Сермағамбетов «көлденең көк атты» емес. «Елуден асқан шағымда еліме қызмет етуге мүмкіндік берілгеніне қуанамын, – деген бізбен кездескенде. – Қазалы топырағында дүниеге келсем де, Арал – қара жұртым, абыройды осы жерден алып кетсем, тілегімнің оңғарылғаны»… Ұлы судың ұлтанын қадамдап өлшеген Серіктің өмірбаянында орталықтағы үлкенді-кішілі қызметтердің ізі сайрап жатыр. Әкімдік дебютін Жалағашта бастаған. Кезінде жұмылдыру басқармасына жетекшілік еткен. Кәсіподақтардың облыстық кеңесінің төрінде отырған. Басқару саласындағы тәжірибесі мол. Арал ауданындағы кезекті сапарында аймақ басшысы талаптар «планкасын» жоғары көтеріп кетті. Серіппедей серпін керек Серікке!
Қой, көктемнің қара жаңбырының астында қалмай, Қызылордаға жетіп алайық…
Мұнда бәрі тыныш. Аймақ басшысының орынбасарлары орнында отыр. Соңғы тағайындалған Жайымбетовтен кейінгі жаңалық: облыс әкімінің аппарат басшысы қызметіне Шаһмардан Байманов білегін сыбанып кірісіп кетіпті. «Жас келсе, іске» деген. Нұрлыбек Машбекұлы кезінде жауапты жұмыстар істеген, қала әкімінің орынбасары болған Асқарұлын дұрыс таңдапты. Ебінің желіндей есіп қимылдайтын Шаһмардан қайбір жылы арманын алдына салып, астанаға кетіп еді, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің комитет төрағасы деңгейіне дейін көтерілді. Вице-министрге сүйем қарыс жақын қызмет. Қалай көнді екен? Шамасы, еліме еңбегімді сіңірейін деген ерен тілектің жетегінде жеткен-ау. Аузыбір, аласы жоқ, тұтас команданың намысын жыртқанға не жетсін!
Сәуірдің самаладай күндерінде оңтайландыру шартымен бірнеше басқармалар кірігіп, етек-жеңі жинақталды. Қабатында аппараттағы кеңесшілік институты да қысқарды. 24 басқармадан «жұп-жұмыр, тегіс болып айналасы» 16-сы қалды. Мәдениет пен спорт қосылды қос өзен секілденіп. Әрине, олимпиаданың чемпионы болсаң да, бұл мекемені басқаруың қиын, өйткені, спорттың өзі мәдениеттен басталады. Мәдениеттіден спортшы шығару қиын емес. Бірақ баяғыда керісінше жағдаяттар болып тұрған. Мәдениет министрі лауазымындағы бір ағамыз М.Әуезов атындағы әкемтеатр труппасының кезекті спектакльге дайындығын көріп: «Қалай, тренировка жақсы өтіп жатыр ма?» деген екен. Сонымен, облыстың мәдени-спорт шараларымен айналысуға Руслан Рүстемов бел байлапты. Жалпы, Рүстемов туралы буындап, біраз айтуға болар. Қаланың ішкі саясаты мен мәдени өмірін қадағалады. Шиелі ауданы, Қызылорда қаласы әкімдерінің орынбасары, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы. Жаңақорған ауданындағы әкімдік жолын облыс әкімі орынбасарының кабинетіне әкеп тіреді. Сосын Тереңөзек кентіндегі бас кеңсеге қарай бет түзеді. Қалай десе де, Қаратаудың ақ самалы, аруақты өңірдің рухани реңі кеуілді қозғап тұрады екен, шипалы жайға желдіртіп тағы жетті. Әулиелер елі әуектеп қарсы алды: «өзіміздің баламыз». Сабырлы, салмақты. Сауысқаннан сақ. Абайды көп оқыған: «ақырын жүріп, анық басады». Кейде Русланның аз уақыттың ішінде ғарыштық жылдамдықпен самғап ұшқанына таңғаламыз да. Міне, «ат айналып, қазығын тапты».
Сонымен, ауыс-түйіс және оңтайландыру үдерісінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы (Ерлан Төрәлиев), жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар (Ғабит Жаңабаев), энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (Айдос Дәрібаев), жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары (Пакуадин Шамұратов), кәсіпкерлік және өнеркәсіп (Мұса Қалдарбеков) басқармаларының басшылығына тағайындалған шенділердің біразы – Сыр бойының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген майталман мамандар. Араларында жыға танымайтын шекпенділердің болуы әбден мүмкін, бірақ жүре келе кімнің кім екенін жұрт жазбай танып алады. Облыс әкімі оларға жауапты қызметтерді аванс ретінде ұсынып отыр, сенім депозитін толықтыру – өз қолдарында.
Айтпақшы, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағалығын Нұржан Ахатов иеленді. Іске сәт! Қызылорда электр тарату компаниясы (КРЭК) басшылығына Батыржан Көмекбайұлы Қаракөзов келді. Көзіңе оттай басылатын таныс тұлға! Қаланың, облыстың бірқатар жауапты орындарында жапыра жұмыс істеп, ауызға ілінген. Ғылым кандидаты. Соңғы қызметі – республикалық ядролық физика ғылыми-зерттеу институтының бас директоры.
Аймақтан қалыспай, шаһар да «шахмат тақтасының жүрістерін» жасап жатыр. Жанмұрат Сейілов, Ақзира Қасымова қала әкімінің орынбасарлары болып, ортақ мақсатқа орайласуда. Соңғысы жайлы созыңқырап айтқан жөн. Ұстаздықтан мектеп директоры, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің, облыстық білім басқармасының басшысы лауазымдарына сатылап жеткен Ақзира қарындасымыздың мектепке дейінгі және мектеп ісін жандандыруға сіңірген еңбегі ересен. Білім саласының іші-тысын терең біледі. Заң мен тәртіптің құлы, сонысымен ірі. Басқару тәсілінде педагогикалық стильді сындарлы қолданады. Құдай қаласа, Қызылорданың әлеуметтік-рухани, мәдени өміріне өрелі өзгерістер енгізетін шығар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары тұруы керек» деген мақаласында: «Бұл жерде лайықтыларды іздеу керек. Көшеден әкеліп тағайындай салуға болады. Ондай жағдай әлем тарихында да бар. Бірақ бұл тұрақсыздыққа әкелуі, жүйені шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Сондықтан кадр мәселесіне мұқият болған жөн. Алдағы уақытта жан-жақты ойластырылған, пысықталған өзгерістер жасалатыны анық» деген болатын.
Сол өзгерістерге сай, Сыр өңірінде жаңа қоғамның жай-жапсарының тігісін жатқыза алатын, ой-өлшемі бұлтқа ұя салған, креативті, әрбір ісі әлеуметтің көңіл күйімен үйлесетін, басқару біліктілігі бекем азаматтардың таңдалуы үмітімізді үкілеп, сенімімізді шыңдағандай. Әрине, кадр тапшылығы еліміздің түпкір-түпкірінде қылаң беріп тұр. Бірақ барды бағалау – елдігіміздің үлгісі. Осы ретте тағайындау саясатын сан-саққа жүгіртіп, бөстекі болжамды құбылтып, берекемізге сызат түсіретін әдеттен аулақ болғанымыз жөн. Әлі жүріп үлгермеген жолдың ауыртпалығына алаңдамай, азаматтарымыздың қадамдарына сәттілік тілейік. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» деген. «Болмас елдің» баласы емес екеніміз айдан анық!
Шаһизада Әбдікәрімов,
облыстық мәслихат депутаты,
халықаралық «Түркі дүниесі ақындары» сыйлығының лауреаты