Sarap: Конституциялық референдум – жалпыхалықтық дауыс
Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Конституциялық референдум – жалпыхалықтық дауыс» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz АҚДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараны Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабының қолдауымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.
Отырысқа қатысқан қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен ҚҚДИ сарапшылары референдум туралы қоғамдық ой-пікірді талқылап-таразылап, референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарды көтерді, сондай-ақ жалпыхалықтық дауыс беру елдің саяси жүйесіне қалай әсер ететінін талдады.
Шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті.
«Бұл референдум азаматтардың мемлекеттік басқаруға неғұрлым кең қатысуын көздейтін, халықтың қолдауымен еліміздің жаңа саяси жүйеге көшуіне барынша ықпал етуге бағытталған», деді Қазбек Майгельдинов.
Танымал журналист, Amanat партиясы саяси бюросының мүшесі Мақсат Толықбай өз сөзінде референдумның өткзілуі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа Қазақстан» дейтін ұран күн тәртібінен түспей тұр. Ол алдымен заң, құжат жүзінде сөйлеу керек. Қоғам нақты қадамдар күтеді. Сондықтан, референдум билік үшін емес, алдымен халық үшін керек. Референдумға барғанда ақпарат біліп бару маңызды. Себебі, Конституцияның 33 бабына толықтырулар енгізілмек, бірақ ертең дауыс берерде, осы өзгерістерді қолдайсың ба «иә», «жоқ» деген екі ғана сұрақ болады. Референдум бойынша түсінікті тілмен жазылған қысқаша бейнероликтер әлеуметтік желілерде жақсы пікірлер жинауда. Түсіндіру жұмыстары бойынша әлеуметтік желілердің де мүмкіндігін пайдаланған дұрыс», деп атап өтті Мақсат Толықбай.
Референдум бойынша БҒМ ҚР «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы» әкімшілік басқару департаментінің директоры Жанат Чукеев те түсініктеме беріп, референдум еліміз үшін іргелі өзгерістерге жол ашатындығын айтты: «Тағы да айта кететін жайт, бұл Конституциялық реформа қоғамды демократияландырудың шынайы қадамы. Бұл референдум суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға максималды көшу, Парламенттің рөлін күшейту, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту сияқты іргелі өзгерістерге жол ашады».
«Қазақстан халқына» Қоғамдық Қорының ресми өкілі, журналист Айкерім Есенәлі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының көрінісі жайлы айтып берді.
«Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділеттілік ережелері қалыптасқан қоғамы бар мемлекет. 2019 жылы алғаш сөз еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының өмірдегі, практикалық көріністерінің бірі, осы – референдум деп ойлаймын. Әрбір азаматтың мемлекеттік құрылымның, реформалардың, даму механизмдерінің бір бөлшегі, қозғаушы күші ретінде жауапкершілігін арттыруда үлесі зор тарихи процесс жақсы нәтиежелерге бастайды деп сенейік», деп пікір білдірді Айкерім Есенәлі.
Ал «Елбасы Академясы» жобалық кеңесінің басшысы Болат Бұхарбай «Еліміздің әр бір азаматы саяси реформаларға араласуы тиіс. Референдумның мақсаты да сол, мемлекет азаматтардан құралады, референдум халық үнін есту жолындағы тиісті механизм» деген ойыме бөлісті.
Референдум өткізу үшін оған азаматтардың жартысынан көбі қатысуы керек. Бұл туралы саясаттанушы Ислам Кураев өз сөзінде мәлімдеді: «Референдумға халық қатысу үшін, оларға үгіт-насихат жасау керек. Сарапшылар қауымдастығы референдумда дауыс беруге шақыра отырып, халыққа бұл мүмкіндіктің не беретіні туралы ашып айту қажет. Сонда халық референдумға барады. Халыққа қарапайым және қолжетімді тілмен түсіндіру өте маңызды».
Отырысқа қатысушылар референдумды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы саяси институттардың құрылымдық қайта құруларын қамтитынын атап өтті.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.