ТАТУЛАСУ-ҚОҒАМНЫҢ ДҰРЫС ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ ТИІМДІ БАҒЫТЫ
Азаматтар кез-келген ұсақ-түйек дау-шармен сотқа жүгінетін болды.
Даулар кез-келген қоғамға тән құбылыс десек, сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай? Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас бар.
Дегенмен, даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Оның үстіне бірін бірі танитын адамдар арасындағы жағдайлар да жоқ емес. Осы орайда еліміздің соттарында дауларды сотқа дейін, сотта шешу жолы қолға алынғаны белгілі.
Халықты әуре-сарсаңға салмай тараптарды өзара татуластырып, бітімгершілік жолымен дау-жанжалдарды реттеп істі сотқа дейін де сотта да оң шешімін тапқан жұмыстар Жаңақорған аудандық сотында жетіп артылады.
Солардың бірі талап қоюшы «Қызылорда облысының Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқарамасының «Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ сотқа жауапкер А-дан 73512 теңге, мемлекетке келген залалды өндіру жайлы талап қоюмен жүгінген.
Істі сотта қарау барысында судья дауласушы тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеу құқықтарын, оның салдары мен тиімділігін түсіндірді.
Осы құқықтық түсіндірудің нәтижесінде тараптар арасында татуласу келісімі жасалып, оған сәйкес талап қоюшы талабынан бас тартты және жауапкер талап қоюшының пайдасына 73512 теңге келген залалды 2022 жылдың сәуір айынан бастап ай сайын 15 000 теңгеден төлеуге міндеттенді.
Дауасыз дерттің дүрбелеңі басылмай тұрған қазіргі уақытта жұрттың дау-дамайға бой алдырмай, барынша ымырашыл болғаны маңызды.
«Жау мен дау-егіз» дейді дана халқымыз. Шындығында татуласу-дауды шешудің ең дұрыс жолы. Бұл ата-бабамыздан қалған асыл мұра. Иә, халқымызда «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген мақал бар. Біз бірауыз сөзге тоқтаған дана халықтың ұрпағы екенімізді бір сәт естен шығармайық.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.