№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бала құқы – бәрінен маңызды

Бала құқы – бәрінен маңызды


Елдің ертеңгі мызғымас тірегі – бүгінгі жас ұрпақ. Бүгінгі бүлдіршіннің қамын ойлау, балалық шақтың басымдығын мойындататын терең моральдық құндылық екені рас. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап-ақ бала құқықтары туралы әлемдік Конвенцияға ерекше мән беріп, сол бағытта жұмыс жасауда.


Жалпы, балалардың құқықтық мәртебесін мойындауға адамзат ғасырлар бойы ұмтылып келеді. Қазір кез келген азамат бала құқының заңмен қорғалатынын жақсы түсінеді. Бірақ адамзат тарихында балаға ересек адамның билік жүргізу ұстанымы қалыптасты. Ол бала үшін барлық шешімді қандай жағдай болсын ата-ана қабылдайды деген қате түсінікке соқтырып, нәтижесінде заңсыздықтар орын ала бастаған. Мысалы, тарихта кездесетін ата-ананың баласын өлтіруге немесе сатуға деген құқығын осындай қате қатынастардың шегі деуге болады. Тарихқа зер салсақ, мұдай бассыздықтар кей елдерде ХІХ ғасырға дейін сақталған. Мәселен, Римде әке билігі бәрінен жоғары тұрып, жаңадан дүниеге келген баласының өмірін сақтап қалуды немесе сақтап қалмайтынын өзі шешкен. Әрине іс жүзінде басқаша блуы мүмкін, бірақ заң жүзінде әке шексіз билікке ие болған. Тағы бір мысал келтіретін болсақ, Ежелгі Қытай құқығы отағасын үйдің билеушісі деп белгілеген. Сәйкесінше әке үлкен баласынан басқаларын сатуға құқылы болған. Тіпті баласын ұрып-соғып, өлтіргені үшін де жазаланбаған. Міне, осындай құлаққа қонымсыз заңдардан кейін ғасырлар бойы бала құқын қорғауды қажет етіп түрлі заңдар өмірге енді.
Дерек көздеріне сүйенсек, адамзат өмірінде баланың құқықтық мәртебесін мойындау қозғалысы ұзақ қалыптасты және ол әр мемлекетте өзіндік сипатқа ие болды. Мысалы, 1924 жылы ұлт Лигасының Баланың құқықтары туралы Женева Декларациясын қабылдау осы жүйеге келген тың бастама болды. Одан әрі 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бала құқықтары Декларациясын қабылдап, 1989 жыл­ғы 20 қарашада Бас Ассамблеяның 44/75 қарарымен Баланың құқықтары туралы Конвенция қабылданып, 1990 жылғы 2 қыркүйекте күшіне енді. Осы уақытқа дейін балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін бірқатар халықаралық заңнамалық құжаттар әзірленіп, қабылданды. Атап айтқанда, Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы; Балалардың қорғанысы мен амандығына қатысты, әсіресе олардың ұлттық және халықаралық деңгейде асырап алуы кезіндегі әлеуметтік және құқықтық принциптер туралы декларация; Балалар құқықтары туралы конвенция; БҰҰ Кәмелетке толмағандарға сот төрелігін орындауға қатысты минималды стандартты ережелер (Бейжің ережелері); Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық фактіні ратификациялау туралы; Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін БҰҰ жетекші принциптері (Эр-Риядта қабылданған жетекші принциптер); Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына қатысты Баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы; Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты баланың құқықтары туралы конвенциясының факультативтік хаттамасы және басқалар.

Хош. Енді бала құқы жөнінде ел тарихына оралсақ. Жалпы, балалардың құқықтық мәртебесін дамытуда мемлекетіміздің өз тарихы қалыптасқан. Тарихқа көз жүгіртсек, жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқықтарын, сондай-ақ оларға қатысты қауымның және қайтыс болғандардың туыстарының міндеттемелерін регламенттейтін дала заңдарының жинағы – Жеті Жарғының өзінде (XVII ғасыр) Жесірлер туралы заң болғанын атап көрсетуге болады. Отбасы-неке қатынастары саласында ата-ананың бала өміріне құқықтары бекітілді. Бірақ әйелдің некесіз дүниеге келген баланы өлтіруі өлім жазасына кесілді. Бала құқықтарының қазіргі тарихы 1994 жылы Қазақстанда Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялаудан басталады. Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Конвенцияға қосылды және оны ратификациялады, сондай-ақ оның екі факультативтік хаттамасын ратификациялады.
Бүгінге дейін адам құқығына қатысты 60-қа жуық халықаралық құжат, оның ішінде бала құқықтарын қорғауға қатысты 15 құжат ратификацияланды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 45-тен астам ұлттық заңнамалық құжат бар, олар қоғамдағы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге кепілдік береді. Негізгі құжаттарға Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек, Азаматтық, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстері, «Баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеуді қолдау туралы», «Балалар отбасылық типті ауылдар мен жасөспірім­дер үйлері туралы», «Кәмелетке толмағандардың арасындағы құ­қық бұзушылықтың алдын алу және балалар қараусыз қалған және панасыз қалудың алдын алу туралы», «Балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар туралы», «Әлеуметтік қызметтер туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы», «Дене шы­нықтыру және спорт туралы», «Мем­лекеттік жастар саясаты туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» заңдары және т.б. жатады.
Көрсетілген заңнамалық құжат­тарда кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің жан-жақты сақталуын қамтамасыз ететін және оларды кемсітушілікке жол бермейтін, балалардың мүдделері үшін мемлекеттік саясатты іске асыру барлық мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың қызметінің басым саласы болып анықталған. Осылайша тегіне, нәсіліне, қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа да заңды өкілдеріне қатысты өзге мән-жайларға қарамастан барлық бала тең құқыққа ие. Некеден және некесіз туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды. Осы мақсатта бала құқықтары кепілдіктерінің құқықтық негіздері қалыптастырылып, баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі тиісті органдар мен ұйымдар құрылды. Баланың құқығын қорғаудың тиімді тетігін құру үшін көптеген елдер балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнайы органдарды – бала құқықтары жөніндегі уәкіл институттарын (балалардың құқығын қорғау жөніндегі омбудсмендерді) құрды. Швеция, Франция, Италия, Ресей, Балтық елдері және т.б. елдерде осындай мекемелер табысты жұмыс істеуде. Елімізде 2016 жылғы 10 ақпанда Президент Жарлығымен Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Институттың негізгі міндеттері – балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен ынтымақтастықта олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру.

Түйін. Мемлекетіміздің ертеңі де, өркені де бүгінгі өскелең ұрпақ. Демек, сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
23 сәуір 2022 ж. 364 0