№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әлеуметтік желінің әлегі

Әлеуметтік желінің әлегі


Күнделікті өмірдің көп бөлігін әлеуметтік желіде өткіземіз.
Ол рас, әсіресе, мен қатарлы мектеп оқушыларының дені смартфонға байланып, сансыз ойлардың соқпағында құр сенделіп жүр. Төрт бұрышты құрылғының ішіндегі керекті кеңестерден гөрі, керексіз, тіпті зияны көп желілерді жүктеп, соңында жүгенсіз кетіп жатқанымыз ақиқат. Алыстағы ағайынмен хат-хабар алмасып, қызметіңе, кәсібіңе керекті дүниелерді табуға таптырмас құрал болғанымен, алтыннан қымбат уақытымызды ұрлаған әлеуметтік желінің әлегі шаш етектен. Осы тақырып аясында жасөспірімдер мен жастар арасындағы интернеттің зиянды тұстарын таразылап, түйін шығаруды жөн көрдік.
Тіл мәселесі
ақсап тұр
Алдымен тіл мәселесіне тоқталайық. Қазір кез келген интернет желісінде қазақ тілін қолдану аясы тарылып барады. Ғаламтор жүйесі өмірімізге енбей тұрған кезге дейін жарық көріп жатқан кітап, баспа өнімдері редактор, корректор мамандарының қырағы көзінен өтетін. Ол тіл тазалығының сақталуына айтар­лықтай әсер ететін. Әрбір сөздің өз орнында тұруы, грамматикалық, стилистикалық талаптарға сай келуі маңызды екені айтпасақ та түсінікті.
Ана тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу және жазу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту және қатесіз жазу нормасы. Технологияның өркендеген зaмaнындa әлеуметтік желілердің тіл мәдениетін дaмытудағы әсері қaзaқ тіл білімінде жaн-жaқты зерттелуі тиіс. Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні әлеуметтік желілер ғаламтор тұтынушыларының ажырамас сенімді серігіне айналып үлгерді. Сан түрлі тақырыпты қозғау үшін де, жарнама жасау үшін де, тіпті толғандырған мәселе жөнінде көпшіліктің ойын білу мақсатында көпшілік осы желілердің көмегіне жүгінетіні белгілі. Еліміздегі ең белсенді әрі кең тараған «Вконтакте», «Instagram», «Facebook», «Twitter», «WhatsApp» және т.б. әлеуметтік желі пайдаланушыларының көбейгені соның бір дәлелі.
Белгілі тілші-ғалым Мәулен Бала­қаев: «Анa тілін жaқсы білу – әркімнің aзaматтық борышы. Егер әрбір сөзді орнымен жұмсaй біліп, aйтқaн ойы мaзмұнды, нысaнaға дәл тиетіндей ұғымды шығып, тыңдaушысын бaурап aлaрдaй әсерлі болсa, aнa тілінің құдіреті сондa анық сезілер еді. Ал мұндай шеберлік тек тіл мәдениеті жоғары адамдардың ғана қолынан келер жайт» деген екен. Осы сөзге ден қойсақ, академиктің бұл пікірі, әрине, ауызша және жазбаша сөз қолданушыларға да тікелей қатысы бар.
Бірінші кезекте жастар төл әріп­терімізді орыс тілінде бұрмалап жазса, екіншіден, терминдерді, синоним сөздер мен теңеулерді біле бермейді. Орнына орысша сөздерді немесе қазақтың қисынсыз сөздерін қолдануға құмар. Бұл ана тілдің қасиетінен айырылып қалу қаупіне әкеліп соқтырады. Қа­тарластарыма осыны да ойланайық дегім келді.
Тик-токтан
не тәлім аламыз?
Иә, қазір «Тик-ток» деген құбылыс трендтен түспей тұр. 2018 жылы іске қосылып, әлем елдеріне тез таралудан рекордтық көрсеткіш көрсетті. Соңғы уақытта жеткіншектердің Tik Tok желісіне жиі жүгінетінін байқап жүрсіз бе? Әсіресе, 8-14 жастағы жасөспірім қыздар осы әлеуметтік желінің «қызығына батып кеткен». Айналасы 2-3 жылдың ішінде 150 елдің бір миллиардтан астам халқын «жаулап алған» Tik-Tok-тың құдіреті неде? Қытайлық желінің жастарға берері бар ма? Әлде бұл мәнсіз-мағына­сыз бейнежазбалар арқылы ұрпақты аздырудың тағы бір тәсілі ме? Осыны таразылайтын сәт келіп те қойған.
Бұл желіні корей халқы керегіне жаратып, дұрыс бағытқа қолдануда. Бірақ, біздің елде бәрі басқаша, біз тек зиянды тұсын түртіп алып, соны мысал етіп жүрміз. Тіпті тәрбиесіз болып, еуропалық сәннен асып түстік. Яғни, боғауыз сөйлеу, жалаңаштанып жүру, баланың санасын улайтын ойындар толып жүр. Мұның салдарын, кесірін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Көбіне мектеп жасындағы жеткіншектерге кері әсер етіп жатқаны мәлім. Бірақ шектеу қоя алар емеспіз. Өзім де кіремін, өйткені зерделеу керек болатын.
Қысқа қайырылатын роликтерден қандай да бір ой-тұжырым іздеудің қажеті шамалы. Себебі, Tik-Tok-тың басты көздегені – санаға саңылау түсіру емес, аудиторияны өзіне тарту ғана. Мұнда бір қатып қалған қағида жоқ. Біздің қоғамда баласының санасына нені сіңіріп, кімнен қандай үлгі алып жүргенінен бейхабар ата-аналар, өкі­нішке қарай, өте көп. Өз бетімен өскен ұл-қыздың тәлім-тәрбиесі де ақсап тұрады. Технология дамығанымен, тәр­биеміздің әлсіреп бара жатқаны ащы да болса шындық. Сол себепті ұрпақтың бойындағы жылт еткен жақсы қасиетті өшіріп алмай, молайтуға қарай жұмыс істегеніміз абзал. Ендігі мақсат – жаңа өскінге жабысқан желінің кесірінен сақтанып, жеткіншектің санасындағы көрсеқызарлық пен шектен шыққан қызығушылықты ауыздықтау.
Иран, Ауғанстанды айтпағанда, қы­тайлар да өз балаларына әлеуметтік желіні пайдаланудың алғышарттарын қолданады. Ал, мынандай жүйесіз дүниелерге тыйым салғаны қашан. Бізге де ойланатын кез келген секілді...
Кибербуллингтің кесірі көп
«Қазір – ғаламтор дәуірі. Ондағы бей-берекет ақпарат тасқыны ұрпақтың санасын улап жатыр. Бір сәттік танымалдылықты көксейтін тамырсыз идеялар жаппай белең алуда. Бұл – аса қатерлі үрдіс». Ел Президенті былтырғы Жолдауында әлеуметтік желідегі жүгенсіздік жайлы осылай деп еді. Бала құқығын қорғау дегенде ойға бірден қорқынышты қаруға айналған кибербуллинг түсетіні анық. Құрбандарының дені жасөспірімдер болып келетін бұл дерт күн санап дендеп барады. Ал бала – қоғамның ең нәзік әрі қорғансыз мүшесі екенін ескерсек, заңның қажет екені даусыз.
Түзету авторларының айтуынша, мұндай қадам балаларды кибер­буллингтен қорғау үшін жасалып отыр. Дегенмен заң жобасына қарсы шығып, арнайы петиция жариялағандар «бұл қадамдардың артында сөз бостандығын шектеп, әлеуметтік желіні бақылауды арттыру тұрғаны анық» деген пікірде.
Кибербуллинг құрбандары Қазақ­станда күннен-күнге көбейіп барады. Еліміздегі 11-15 жас аралығындағы әр­бір бесінші жеткіншек кибербуллингтің құрбанына айналады екен. Ғаламторда отырған баланың жеке басына тиісу, түр-тұлғасын кемсітіп, ар-намысын қорлау, аяққа таптау, одан қалды қарғап-сілеудің салдары одан да қорқынышты. Рас, бұрын-соңды еліміздің заңнамасында «кибербуллинг» термині болған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде адамды балағаттау, психологиялық қысым көрсету, түрлі сөздер арқылы өлімге итермелеу Қылмыстық кодекс негізінде қаралады.
Қорыта айтқанда, қолыма қалам алып, зерттеу жұмысын жүргізуіме айналамдағы осы құбылыстар әсер етті. Қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді, сондықтан бесіктен белі шықпай жатқан балаға осындай зияны көп желілерді көрсетіп, соған үйір қылғанша одан да әлеуметтік желіні алмастыратын кітап сынды құнды, ұлттың ертеңіне оң әсерін беретін дүние ойлап табуға неге болмасқа?
Жанель ЖҮСІП,
№169 мектептің оқушысы
03 сәуір 2022 ж. 680 0