ІСТІ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНА ДАЙЫНДАУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Сотқа талап қою (арыз,шағым) түскеннен кейін ол талап қою өндірісіне берілген судья арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау мәселесін шешкеннен соң істі сот талқылауына дайындау жұмыстарын жүргізеді.
Істі сот талқылауына дайындау сатысы азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында сотпен, іске қатысушы тұлғалармен және өзге субъектілермен жүргізілетін іс жүргізу әрекеттерінің жүйесі болып табылады.
Істі сот талқылауына дайындау бірінші сатыдағы сотта әрбір азаматтық іс бойынша жеке, міндетті саты болып табылады. Бұл сатының міндеттілігі әзірлік барлық істер бойынша істің санатының күрделілігіне, әлеуметтік маңызына, дәлелдемелердің көлеміне және басқа факторларға қарамастан жүргізіледі.
Істі сот талқлауына дайындау жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы бұл сатының сот талқылауының негізі, іргетасы болып табылатынында екенін атап өткен жөн. Жүргізілген дайындау жұмыстарының сапасынан істі сотта талқылау бойынша қабылданатын түпкілікті шешімнің қорытындысы белгілі болады.
Істі сотта қарауға дайндаудың мақсаты-істің дұрыс және уақытылы қаралуын, шешілуін қамтамасыз ету болып табылады.
АПК-нің 163-бабының талабына сәйкес сотта іс қарауға істі сот талқылауына дайндаудың әрбір іс бойынша міндетті міндеттеріне: істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау; тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау; іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу; әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау, тараптарды татуластыруға жәрдемдесу жатады.
Тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы принципін ескере отырып, судья істі сотта қарауға дайындау жұмыстарын тараптардың, іске қатысушы басқа тұлғалардың, олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Сот тәуелсіздік, объективтілік, бейтараптықты сақтай отырып, сот процессін басқаруды жүзеге асырады, іске қатысушы тараптарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, іс жүргізу әрекеттерін жасаудың немесе жасамаудың салдарын ескертеді, АПК-де көзделген жағдайларда олардың өз құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдеседі, азаматтық істерді қарау және шешу барысында заңнаманың жан-жақты және дұрыс қолданылуына жағдай жасайды.
Істі сот талқылауына дайындық жұмыстарын жүргізу барысында іске қатысушы тұлғалардың шеңберін дұрыс анықтау маңызды болып табылады.
Іске қатысушы тұлғалардың шеңберін дұрыс айқындаудың маңызы зор, себебі іске қатысуға тартылмаған адамдардың құқықтары мен міндеттері туралы мәселелерді шешу АПК-нің 427-бабының талабына сәйкес іс жүргізу құқығы нормаларын бұзу және бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жоюдың негізі болып табылады.
Дайындық барысында судья талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтайды.
Жауапкерді шақырады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қарсы қандай қарсылықтары бар екенін және осы қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды.
Істі сотта қарауға дайындау барысында талап қоюды және осы талаптардың негіздерін нақтылаудың да маңызы зор. Бұл іс жүргізу әрекеттерінен іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс айқындау, соттың істі қарау мен шешудің шегі белгіленеді.
Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі.
Сот іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтай отырып, оны қай тараптың дәлелдеуі тиіс екенін анықтап, оларды талқылауы қажет.
Істі сотта қарауға дайындау барысында судья тараптарға олардың дауды бейбіт жолмен, яғни татуластыру рәсімдері аясында медиация тәртібімен шешу не адвоаттарының жәрдемдесуімен партисипативтік келісім немесе өзара татуласып, татуласу келісімін жасау құқығын және мұндай әрекеттердiң салдарларын түсiндiредi.
Істі сотта қарауға дайындау барысында жүргізілетін әрекеттер істі сотта қараудың міндеттерін тиісінше орындауға бағытталған шаралар болып табылады. Әзірлік жұмыстарын әрбір істің санатын, өзіне тән қасиеттерін және күрделілігін ескере отырып жүргізуіміз қажет. Әрбір азаматтық іс бойынша жүргізілетін дайындау әрекеттері осы факторларға байланысты.
Істі сот талқылауына дайындау жұмыстары өзінің міндеттеріне сай тиісінше атқарылған жағдайда істі негізінен қарау нәтижесі бойынша заңды және негізді сот шешімін қабылдауға және тараптардың азаматтық құқықтары мен бостандықтарының уақытылы қорғалуына кепіл болады.