» » Үлгілі кітапханашы

Үлгілі кітапханашы


АСҚАТТЫҢ АСҚАҚ БЕЙНЕСІ

Әдетте, әйелдің ісіндей көрінетін кітапханашы қызметін ер азаматтардың қолы тисе жандана кететінін байқамаймыз. Қоғамда қай сала болсын, жұмысты жүргізуді ортақ міндет ретінде қарастыруға тиіспіз. Асқаттың әу бастағы арманы қалай екенін қайдам, кітапханашыға кездейсоқ келмегені белгілі болды.Анасы Айымкүл Мырзақұлова 1972-1997 жылдар аралығында 35 жылдай тапжылмастан кітапханашы қызметін атқарған еді. «Орнында бар оңалар» деген, анамыз өмірден өткенмен ісі мен ізін өшірмей, үлгілі үрдісін ұлы жалғап келеді.Міне, үзілмес үміт деген осы емес пе?Естеріңізде болар, 1971 жылы «Мосфильм» киностудиясында режиссер Александр Серый түсірген «Сәттілік мырзалары» («Джентльме́ны уда́чи») комедиялық фильмде ақкөңіл жан, №83 балабақша меңгерушісі, ҰОС ардагері Евгений Иванович Трошкиннің бейнесі арқылы ер адамның жақсы бала бағбаны шығатынын суреттеп берді. Асқат пен Евгенийдың бір ұқсастығы кәсіпті игеріп қана қоймай, жан-жағына жалынды жұмысымен де жақсы көзқарас ұялатқан.Жалпы, Асқат Көшербаевтың бай болмысына үңілсеңіз, тылсым дүние мол. Онда батылдық та, нәзіктік те бар, тіпті өнердің құйма таланты қалыптасып кеткендей. Ол сонау бастауыш сыныпта жүріп өнер мектебінің «Фортепиано» класында төрт жыл, домбыра класында екі жыл дәріс алған екен. Музыкалық аспапта еркін ойнайды. Енді ес жиып, етек жапқан соң «Қазақша күрес» үйірмесіне қатысады. Сөйтіп күй мен күшті қатар алып жүрді. Асқат Жорабайұлының жеңіске жетіп, жүлделі оралған сәттері бала арманының асқақ биігі болып қалды.Ал, енді кітапханашы жігіт сау етіп кәсіпке бірден келе қойған жоқ, алдымен Түркістан жоғары медицина колледжін “Фельдшер” мамандығы бойынша бітіріп алды. Адамның ішкі әлемін сезіну үшін тән сұлулығын тануы тиіс. Сондықтан медицинаны меңгеруге тырысты. Сонан соң 2000-2002 жылдары Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гумманитарлық колледжін, 2008-2011 жылдары Қызылорда қаласындағы “Болашақ” университетін “кітапханашы, библиограф” мамандығы бойынша бітірді. Қазір 24 жылға жуық Түгіскен ауылдық кітапханасында кітапханашы болып келеді.Кітапхана қызметінде оқырманның оң көзқарасын ояту үшін өткір де өзекті тақырыптар төңірегінде түрлі шара өткізіп, оған аудиторияны тарта білгені керек. Асқаттың соңғы шараларына көз жүгіртсек, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Шыныдай мөлдір, білікті адам» тақырыбында онлайн ақпараттық сағаты, Халық әншісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толуына орай «Сайын даланың бұлбұлы» тақырыбында онлайн өнер сағаты, кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толуына орай «От кешкен Ауғанстан асуында» тақырыбында ардагерлермен кездесу кеші өте сұранысты тақырыптар болған. Былай қарағанда, көрермені көп кеш секілді озық оқырманы түгел жиналыпты. Міне, Асқаттың бір жетістігін осындай іс қабілеті мен шеберлігінен байқаймыз. Оның еңбек көрігін бірнеше Алғыс хаттардан-ақ аңғаруға болады. Мәртебелі органдар марапаттаған сол Алғыстар жігіттің жетістігін жаңғырта бермек.Асыл дініміз қыз балаларды жұмақтың кілті деп біледі. Ата-ананың жұмаққа кіруіне бірден-бір себепкер ретінде өсірген қыздары байланысты. Алла елшісі: «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла тағала осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні өз жұмағына кіргізеді» дейді. Бақсақ, Асқат Жорабайұлының да отбасында осындай мерей бар.Жұбайы Гүлмира Әуелбекова ауыл емханасында егу медбикесі бола жүріп, Асқатқа қырмызыдай сұлу, әрі қылықты үш қыз тауып берді. Қазір олар екі немеренің ата-әжесі, бақытты отбасының бақанына айналды.Міне, үлгілі кітапханашы айдарында Асқат Көшербаевтың асқақ бейнесін осылай бағамдадық.
Қаныбек Әбдуов.
30 наурыз 2022 ж. 324 0