№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 18 жылда 19 медициналық нысан бой көтерді

18 жылда 19 медициналық нысан бой көтерді


Денсаулық – қоғам дамуының маңызды саласы. Өйткені денсаулық сақтау саласын дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығында ауданның медицинасы қарқынды дамыды. Медициналық нысандар бой көтеріп, материалдық техникалық база нығайтылды.

Мәселен, 2003 жылдан бері қарай өңірде 19 медициналық нысан халық игілігіне берілді.
Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары денсаулық сақтау саласы да тоқырауға ұшырап, біраз қиындықтарды бастан өткізгені рас. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты білікті дәрігерлер күнкөріс қамымен басқа салаға кетті. Салада маман жетіспеушілігі, медициналық нысандардың жарамсыздығы сезілді. Бұл жағдай тұрғындардың денсаулығының күрт төмендеуіне соқтырды. Осындай тосқауылдарды жою мақсатында Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет 1991 жылы Жоғары кеңестің VII сессиясында «Халық денсаулығын сақтау туралы» заң күшіне енді. Аталмыш заңның шарапаты біздің ауданға да тиді. Оған медицина саласындағы ауданның бүгінгі жеткен деңгейі дәлел.
Жоғарыда айтылған 2003 жылдан бері қарай ауданда бой көтерген медициналық нысандарды нақтыласақ, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2003 жылы Билібай ауылынан бастау алған медициналық пункт, 2004 жылы Талап бекетінде, 2009 жылы Бесарық бекеті мен Ақсуат ауылында және Аққұм мен Екпінді ауылдық округінде жалғасын тауып, жаңа нысандар бой көтерді. 2008 жылы Байкенжеде, 2010 жылы Шалқия кенті мен Кейденде, 2011 жылы Төменарықта, 2013 жылы Қандөз, Өзгент, Бірлікте, 2015-2017 жылдары Түгіскен, Сунақата, Сүттіқұдық ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулатория салынып, Жайылма, Машбек, Қожамберді, Қосүйеңкі, Кеңес, Құттықожа, Қыраш, Көктөбе елді мекендерінде фельдшерлік-акушерлік пункт пен 2018 жылы аудандағы 250 орындық орталық емхана халық денсаулығын нығайту жолындағы жұмысын бастады.
Бүгінде ауданның емдеу және алдын алу ұйымдарында 172 жоғары білімді дәрігер мен 823 орта буынды мамандар жұмыс жасайды. Олар медицинаның әр аласында қалың халыққа қалтқысыз қызмет етуде. аудан бойынша 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 2 ауылдық аурухана, 17 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт, 10 медициналық пункт халыққа медициналық қызмет көрсетуде.
Атап айтсақ, соңғы жылдары емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, профилактикалық медицинаны дамыту, бастапқы медико-санитарлық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында кешенді шаралар мықтап қолға алынды. Мысалы 2010 жылы аудан тұрғындары диагностика мен емдеудің инновациялық мобильдік технологияларын пайдалану, яғни санитарлық авиация мен телемедицина арқылы мамандандырылған көмектер алуға қол жеткізді. 2011 жылы 3 дана Камаз жылжымалы медициналық кешен автокөлігі алынып, 2012 жылдан бастап Шиелі, Жаңақорған аудандарының елді мекендеріне мамандандырылған жылжымалы медициналық кешен қызметі көрсетуде. Бұл – ауыл медицинасын дамытудың бастамасы.
Сонымен қатар, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында емдеу ұйымдары толықтай электронды форматқа көшуді қолға алды. Бұл тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ең үлкен жетістіктердің бірі деп айтуға толық негіз бар. Ауданның денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша жұмыстар жан-жақты жүргізілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер электронды түрде жүзеге асырылуда.
Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Жаңарық дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты пайдалануға берілсе, ауруханаға КТ аппараты алынып, қазіргі уақытта орнату жұмыстары жүргізілуде. Аудандық перзентханаға эксперт класты УДЗ аппараты келді. Елді мекендерде орналасқан 17 дәрігерлік амбулаториялардың барлығы санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілді. Коронавирусқа қатысты эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және КВИ-мен ауырғандар арасынан ана өлімін болдырмау, сондай-ақ науқастардың ауыр жағдайларының санын төмендету бағытында шаралар қабылданып, 2020 жылы гуманитарлық көмек арқылы қосымша 10 дана пульсоксиметр медициналық құрылығысы, аса ауыр жағдайдағы науқастарға арналған 1 дана жылжымалы рентген аппараты мен стационарлы рентген аппараты алынды.
ТҮЙІН. Медициналық инфрақұрылымды дамыту, заманауи ауруханалар салу күн тәртібінен түскен емес. Медициналық нысандардың заманға сай салынуы инновациялық өсім мен қолданбалы медицинаның дамуына тың серпін береді. Демек, біздің ауданның да осы салада жеткен жетістіктерінен ілгері жылжудың айқын қадамдарын аңғаруға болады.
Айсұлу АЛДАНАЗАР
18 желтоқсан 2021 ж. 438 0