Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіс – саулықтың негізі

Тіс – саулықтың негізі


ХХІ ғасырдың басты мәселесі – ауыз су десек, адам үшін басты мәселе – тістің саулығы. Расында мемлекеттік немесе жекеменшік тіс емдейтін клиникаларда ұзын-сонар кезекті көресіз. Тіпті баланың сүт тісі қатпай тіс проблемасы туындауда. Мұның себебі неде? Біз осының жауабын табу үшін іздендік.


Ғылымда тіс арқылы адамның денсаулығы мен генетикасын анықтап жатады. Антропологтар мен археологтар қазба жұмыстары кезінде адамдар мен жануарлардың тісін тапса үлкен олжа санайды.
Шынында тіс ағзаның ахуалын анықтайтын диагностика деуге болады. Сондықтан тістің күтімін қадағалау аса маңызды. Өйткені ауыз қуысының аурулары адамның жалпы иммунитеті мен өмірлік тонусына әсер етеді. Аурудың 90 пайызы ауыз қуысының таза болмауынан туындайды. Мұны ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп, дәйектейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 3,5 млрд адам тіс ауруынан зардап шегеді. Бұл – адамзат баласының тең жартысын тіс мәселесі мазалайды деген сөз.
1863 жылы адамның ауыз қуысында үнемі бактериялар жүретінін голланд ғалымы Антони ван Левенгук алғаш рет анықтады. Ол адам тамақ шайнағанда ауыз қуысынан қышқыл бөлініп, сол қышқыл тіс эмаліна кері әсер ететінін дәлелдеді. Осы себептен тамақтан соң ауызды шаю өте маңызды. Швеция, Финляндия және Жапонияда кариестің алдын алу жақсы жолға қойғандығы сонша тіс жегі жоқтың қасы.
Иә, әлем халқын әбігерге салған тіс ауруы біздің аудан халқын да айналып өтпесі түсінікті. Тұрғындар стоматологқа қаншалықты жүгінетінін білу үшін алдымен ат басын аудандық емханаға бұрдық. Емхананың стоматологиялық бөлімінің меңгерушісі Бибігүл Мате­шованың мәліметінше аудан бойынша дәрігердің көмегіне 2019 жылы 29000-нан аса тұрғын, 2020 жылы 30 мыңға жуық адам жүгінсе, биылғы 10 айда 27418 пациент стоматологтың есігін қаққан. Оның 22464-і 14 жасқа дейінгі бала, 1439-ы жүкті әйел, 2534-і 18 жасқа дейінгі жасөспірім, 74-і батыр ана, 134-і зейнеткер болса, 32-сі мүмкіндігі шектеулі жан.
– Осы жылдың 10 айында бір менің көмегіме 14652 адам жүгінген. Оның басым бөлігі жүкті әйелдер мен балалар. Осыдан-ақ, біздің ахуалды пайымдауға болады. Тістің саулығы алдымен тазалықтан басталады. Сол себепті тіс гигиенасы әр адамның негізгі қағидасына айналуы керек. Өйткені көпшілігіміз тіс кариесінің инфекциялық жүрек миокардына соқтыратынын білмейміз. Тісті емдетпей, құрт жеген тістің тұқылымен жүре беру 100 пайыз осы ауруға шалдықтырады.
Сонымен қатар түрлі қатерлі лейкоз, темір жетіспеушілігінен туатын анемия, эндокринді ауру­лардың кейбір түрлері осы тіске тікелей байланысты болуы мүмкін, – дейді тіс дәрігері.
Дәрігердің айтуынша, күніне бір стоматологтың көмегіне ең көбі 200-ге жуық адам жүгінеді. Кейде одан да көп болып, кезекке қарамастан қатты ауырып тұрған адамдарға көмек көрсетіледі екен.
– Тістің миға жақын орналасқанын естен шығармау керек. Сондықтан тіс ауырса дер кезінде дәрігерге жүгінген жөн. Жүкті әйелдің тісі сау болуы керек. Өйткені бала тісі шаранада жатқаннан қалыптасады. Ананың тісі ауырса бала да тура солай тіс кариесіне ерте шалдығады. Сонымен қатар сүт тістерді тазалау өте маңызды. Өйткені сүт тіс зақымдалса орнына сау тіс шықпайды, – дейді ол.
– Стоматологтың көмегін кім­дер ақысыз ала алады? Неліктен ересектерге МӘМС төлесе де стоматологиялық ем ақылы көрсетіледі?

– Біз кәмелеттік жасқа толмаған балалар мен жүкті әйелдерге, диспансерлік тізімде тұратын науқастарға, алтын және күміс алқалы аналарға, зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне тегін қызмет көрсетеміз. Ал, ересектерге ем ақылы болады. Өйткені стоматология бөліміне қаржы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы бөлінеді. Тендерден жеңіп алған кәсіпкер стоматология бөліміне қажетті препараттарды жеткізіп береді. Дегенмен МӘМС жарнасын аударып отырған тұрғындар тіс емдетуге дейінгі қан сараптамасын жасау, рентгенге түсу секілді қызметтерді тегін алады, – дейді Бибігүл Амантайқызы.

Оның айтуынша, тісі қатты асқын­ған, ота жасататын адам емхананың жолдамасы арқылы облыстық сто­матологиялық ауру­ханаға барып ақы­сыз ем алуына мүмкіндік бар.
Біз бұл сұрақты неге қойдық. Өйткені тұрғындар арасында «МӘМС төлесек те неліктен ақылы ем аламыз?», – деген сауал көп. Міне, осы сұрақтың жауабы осы...
Хош. Ендігі кезекті кәмелет жасына толған, МӘМС төлейтін, тісі ауырғанда тегін қызметтің игілігін көрген тұрғынның пікіріне берсек.
– Өткен жылы тіс ауруы жаны­ма батты. Дереу емханадағы дәрі­герлердің көмегіне жүгіндім. Дәрігерлер рентгенге түсіріп, нәтижесінде қатты асқынғандықтан тісіме шағын ота жасау керектігін айтты. Жолдамамен облысқа жіберді. Облыстық ауруханадан тегін ота жасатып, ем қабылдап тәуір болдым, – дейді кент тұрғыны Сұлтан Шүкіров.
Айта кетейік, тістің тез түсіп, өздігінен мүжілунің бірнеше себебі бар. Біріншіден, экологиялық аху­ал, яғни су таза емес. Екіншіден, тағамдардың құнарсыздығы. Үшін­шіден, адамдардың тіс гигиенасына салғырт қарауы.
Қазір қоршаған орта әбден ластанды. Ауыз су мәселесі шешімін таппайтын шырмауыққа айналғандай. Халық судың сапасын тексермек түгілі қай жерден ішуге жарамды су шықса соны тұтына беретін деңгейге жетті. Адамдардың асқа пайдаланып отырған суының құрамы қандай екені белгісіз. Ал, нақ осы ауыз су біздің күллі ағзамыздың әрлеушісі. Тістің саулығы да тікелей осы суға байланысты.
Тұрғындардың көпшілігі тіс ау­руынан зардап шегіп жүргені түсінікті болды. Ал, жарасы жанына батқан адам емхананың ұзын-сонар кезегін күтпестен ақылы қызметке жүгінері анық. Осы орайда ақылы стоматологиялық клиникалардың жай-күйін білу үшін кенттегі «Баян-сұлу» жеке тіс емханасының басшысы Баян Божбанбаевамен тілдескен едік.
– Негізі тіс табиғаты қатты заттан тұрса да кей жағдайларда тез бүлініп жатады. Біздің ауданда протезге және жасанды тіс салдыруға жүгінетін тұрғындар саны көп. Қазір жасы егде тартқан кісілерден бөлек жастар да жасанды тіс салдыратын болды. Әсіресе, босанғаннан кейінгі әйелдердің тістері түсіп қалып жатады. Мұның барлығы ағзада кальцийдің жетіспеуінен болады. Сондықтан ішкен астың құнарына мұқият болған абзал.
– Жеке стоматологиялық кли­ника тұрғындарға қандай да бір көмек түрін ақысыз көрсете ме?
– Кез-келген лицензиясы бар және МӘМС-пен арада қызмет көрсету шартын жасаған стоматологиялық клиника қызметтің жоспарлы және шұғыл түрін ақысыз көрсетеді. Оған 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, І, ІІ, ІІІ, ІV топ мүгедектері, алтын және күміс алқалы аналар, атаулы көмекпен қамтылған әллеуметтік әлсіз топтағылар жатады.
– Маман ретінде тұрғындарға тіс саулығын сақтау үшін қандай кеңес айтар едіңіз?
– Ең алдымен дұрыс тамақтану. Құрамында кальций көп асты тұтыну керек. Мәселен, ірімшіктің қатты сорты кальциймен фосфатқа бай. Ол тіс эмалін қатайтуға септігін тигізеді. Ал, қызыл иектің саулығы үшін С дәрумені маңызды. Түрлі емдік қасиеті бар шөптерді тұтынуды әдетке айналдыру керек, мысалы жалбыз мен ақжелкен шөбі өте пайдалы. Оны кез-келген тағамға қосып жеуге болады.

Айсұлу АЛДАНАЗАР

17 қараша 2021 ж. 438 0