ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ, ЕЛ ІШІ ҚАРТТАРЫМЕН ЕҢСЕЛІ
Ақиқатты айқындап жариялар,
Бара жатыр азайып қариялар.
Дауыл тұрса, бүлк етіп толқымайтын,
Бара жатыр сарқылып дариялар... деп - Мұқағали жырына арқау болған ақылы дария қарияларымыздың халықаралық мерекесі.
«Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда»,- деп татулық пен берекенің, даналық пен парасаттылықтың символы бола білген қарттарын қазақ жұрты ежелден құрметтеген, ізетпен лайықты сый-сыяпатын көрсеткен.
Молшылықты күз мезгілімен ілесе жететін 1-қазан - Халықаралық қарттар күні мерекесінде бұл қошемет – құрмет тіпті еселене түседі.Ерекше мейірімді мерекеде жас буын өкілдерінен ыстық ықылас қарша борайды.
Сол ізгі дәстүрмен Жаңақорған аудандық соты да аталмыш мерекеге орай бейнеттің зейнетін көріп отырған жандардың отбасыларына арнайы құттықтап барып, бір серпілтіп тастады.
Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз.
Қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыларының өңіріміздің өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері мен еңбектері ерен.
Еңбегінің зейнетін көріп отырған қазыналы қарттарымыз Д.Пірманов пен О.Жамалхановтың өмір жолына қысқаша тоқталсақ:Оразәлі Жамалханов 1945 жылы 1-мамыр күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1967 жылы Жаңақорған АІІБ-де учаскелік милиция қызметкері ретінде бастап, тергеу бөлімінде аға тергеуші және қылмыстық іздестіру бөлімінде қызмет атқарып, 1993 жылы осы саладан зейнеткерлікке шыққан.
Қазақстан Республикасының ІІО-ның ардагерлер кеңесінің мүшесі. 2018 жылдан бастап «Бітім» медиация орталығы қоғамдық бірлестігінің кәсіби медиаторы.
Оразәлі Жамалханов аудан көлемінде араздасқан жандардың өткір мәселесін шешіп, істі сотқа дейін жеткізбей шешімін тауып, қос тараптың келісімге келуіне өз септігін тигізуде.
Сонымен қатар, ол отбасында 4 ұл, 2 қыз, 20 немере, 5 шөбере сүйіп отырған асқар тау әке, ардақты ата.
Д.Пірманов 1954 жылы 9 қазанда Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Өзінің еңбек жолын Талап, Ювелейный совхозында жұмысшы болып бастап, 2011-2017 жылдары аралығында Жаңақорған аудандық сотында жұмысшы болып зейнеткерлікке шыққан.
Сонымен қатар, ол отбасында 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп, 10 немере сүйіп отырған ардақты ата.
Бүгін, еңбектерінің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттылықтың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Ел басына күн туған, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз қашан да аман болсын деп жүрекжарды тілегін арнай келе Жаңақорған аудандық сотының судьялары И.Тунгышбаев пен Э.Рысқұлов ұжым атынан Д.Пірманов пен О.Жамалхановтың шаңырағына арнайы барып құттықтап алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті!
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.