ӘКІМШІЛІК СОТ ІСІН ЖҮРГІЗУДЕГІ АЛДЫН АЛА ТЫҢДАУ
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастағанын, бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастыратынын атап өтті.
Осы орайда бізде жаңадан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің аясында жария-құқықтық қатынастардан туындаған әкімшілік істерді қараудың жекелеген мәселелерімен желі қолданушыларын таныстыруды жалғастырамыз.
Әкімшілік сот ісін жүргізу барысында соттың алдын ала тыңдауды өткізуі маңызды элемент болып табылады.
Сот талқылауы басталғанға дейін судья дауды мүмкіндігінше бір сот отырысында шешу үшін қажетті барлық әрекеттерді, өкімдерді жүргізеді.
Іске қатысушылар алдын ала тыңдаудың өткізілетін орны мен уақыты жайлы тиісінше хабарлануы тиіс.
Сот алдын ала тыңдауды ақылға қонымды мерзімде жүргізеді.
Дегенмен жекелеген санаттағы істер үшін алдын ала тыңдауды жүргізудің талап қою сотқа түскеннен бастап жиырма күннен аспай жүргізілуі тиіс екенін білуіміз қажет.
Ол қандай санаттағы істер десеңіз?
уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына дау айту; - сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер.
Алдын ала тыңдау барысында сот:
процеске қатысушылардың құрамы туралы мәселені шешеді;
талап қоюшының сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімін өткізіп алу себептерін анықтайды және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді.
Осы орайда мына нәрсені білгеніңіз абзал. Егер талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алса, ол өз кезегінде соттың өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартып, талап қоюды қайтаруына негіз болып табылады.
Бұл өз кезегінде Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодекстің Азаматтық процестік Кодекстен өзгешелігі болып табылады. Себебі азаматтық істер бойынша талап қою мерзімінің өткізіп алынуы талапты қанағаттандырудан бас тарту жайлы шешім қабылдауға негіздердің бірі болып табылатыны белгілі.
Сот мерзімдердің сақталуына қатысты мына екі ұйғарымның бірін шығарады:
егер мерзім дәлелді себеппен өткізіп алынса, оны қалпына келтіру жайлы:
дәлелді себептерсіз өткізіп алынған мерзімді қалпына келітурден бас тарту жайлы.
Бұл ұйғарымдардың алғашқысы, яғни мерзімді қалпына келтіру жайлы ұйғарым шағым келтіруге жатпаса, мерзімді қалпына келтіруден бас тарту жайлы ұйғарымға шағым келтіруге болады.
Мерзімді қалпына келтіруден сотпен бас тартылған жағдайда талап қоюшы сотқа бұл талап қоюмен қайта жүгіне алмайды.
Тараптардың татуласу, медиация, партисипативтік келісімін жасау мүмкіндіктері де алдын ала тыңдау кезінде жүзеге асырылуы мүмкін.
Өткен жазбамызда атап өткендей, егер сот татуласу мүмкіндіктерін түсіндіргеннен кейін тараптар дауды бейбіт жолмен реттеуге ниет білдіріп, жоғарыда аталған келісімдердің бірін жасаған және сот оны бекіткен жағдайда талап қою қайтарылады.
Бұл да жаңа Кодекстің Азаматтық процестік Кодекстен айырмашылығы болып табылады. Себебі АПК бойынша сот тараптардың арасында жасалған татуласу, медиация, партисипативтік келісімді бекіткен жағдайда іс жүргізу тоқтатылатынын өздеріңіз білесіздер.
Сондай-ақ алдын ала тыңдау кезінде сот тараптарға әкімшілік істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкіндігі туралы түсіндіреді.
Жазбаша іс жүргізу бұл іске қатысушыларды іске қатысу үшін шақырмастан жүргізіледі. Кез келген істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау соттың құқығы болып табылады.
Алдын ала тыңдау кезінде сот әкімшілік іске қатыспайтын адамдарды сотқа қажетті материалдар мен құжаттарды ұсынуға міндеттейді. Ол үшін сот сұрау салуын, тапсырмаларын жолдайды.
Осы орайда соттың заңды күшіне енген сот актілері ғана емес, сондай-ақ соттар мен судьялардың сот төрелігін іске асыру кезіндегі өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, жеке тұлғалар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жататынын ескеру қажет.
Соттың жоғарыда аталған өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары мен басқа да жолданымдарын сотпен белгіленген мерзімде орындамау, ұсынбау, егер ол істің қаралуын созбалаңға салуға әкеліп соқса өз кезегінде жеке, заңды. лауазывмды тұлғаға Кодекстің 127-бабында көзделген ақшалай өндіріп алуды қолдануға негіз болады.
Сот алдын ала тыңдауда әкімшілік істі шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жасайды. Олар:
- сот құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және (немесе) өзгертуде жәрдем көрсетуге құқылы.
- сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.
- егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.
Жоғарыда көрсетілген әрекеттердің барлығы соттың белсенді ролі қағидаты аясында жүзеге асырылады және жаңа Кодекстің Азаматтық процестік Кодексінен тағы да бір ерешелігін көрсетеді. Себебі АПК бойынша іс жүргізу тараптардың жарыспалылығы негізінде жүзеге асырылады және әр тарап өз талабы мен қарсылығын дәлелдеуі тиіс.
P.S.Бұл аталған әрекеттер соттың әкімшілік іс бойынша алдын ала тыңдауда жүргізетін әрекеттерінің біршамасы ғана. Істі жан-жақты, объективті шешу мақсатында соттың жүргізетін басқа да әрекеттері жайлы келесі жазбада айтатын боламыз.
Егер Сізге жаңа Кодекс талаптары жайлы біздің түсіндірмелеріміз ұнаса басып, бөлісуді ұмытпаңыз.
Жаңа заңнама талаптарын игеруге, тәжірибеге енгізуге бірге қадам жасайық!