№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Адами капиталдың айбыны-білімде

Адами капиталдың айбыны-білімде


Биылғы Тамыз кеңесі жаңа форматта өтіп, пандемия жағдайында білім алудың басым бағыттары жөнінде білдік. ZOOM платформасы арқылы өткен алқалы жиында жеткен жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, негізгі міндеттер айқындалды. Оған Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық өкіл қосылды. Педагогикалық жиында қадірлі қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков қатысты.

«Білімді ұлт тұрақты даму кепілі» деген тақырыпта өткен аймақ педа¬гогтарының алқалы жиынында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова:
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаң¬ында өздеріңізбен дәстүрлі тамыз кеңесінде кездесіп отырмыз. Тамыз конференциясы тек алқалы жиын ғана емес, білім саласының кешенді даму жоспарын айқындап, алдағы міндеттерді саралап, тың ой мен ерекше идеяларды ортаға салатын платформа. Үкімет тарапынан дәстүрлі форматта оқыту туралы шешім қабылданды. Өткен аптада және күні кеше қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын, – деді.
Сондай-ақ індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде әрбір баланың денсаулығы маңызды екенін айтып, облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақталуы мен балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Күн тәртібіндегі жұмыстың ең маңызды бағыты бала денсаулығы екенін айта келе:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін жақсы білесіздер. Президенттің бастамасымен соңғы жылдары бұл салада реформалар сәтті жүзеге асуда. Педагогтардың мәртебесін көтеру, ауыл мектептерінің жағдайын жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалды, – деді облыс әкімі Гүлшара Наушақызы.
Осы ретте педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбек¬ақысы биылдың өзінде 50 пайызға көтерілгенін, алдағы екі жылда еңбекақы екі есеге дейін өсетінін жеткізді
Халық қалаулылары Мұрат Бақтиярұлы мен Балайым Кесебаева сөз сөйлеп, білім саласындағы маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы білім сапасының айырмашылығы, инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімнің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыру және т.б ұсынысын ортаға салды.
Осы ретте Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жылының басты міндеті», «Talap» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Санжар Тәтібеков «Техни¬калық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыт¬тары» атты тақырыпта дәйекті ой айтты, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
– Былтыр онлайн оқыту мектептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді. Осылайша компьютерлер паркін 100 пайыз жаңарту нәтижесінде бір оқушы санына шаққандағы ком¬пьютер көрсеткіші 14-тен 5-ке дейін төмендеді. Білім саласының бастапқы сатысы – мектепке дейінгі тәрбие бағытында да нәтижелі қадамдар бар. Облыста 670 мектепке дейінгі ұйымдарда 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген 1 мен 6 жас аралығындағы баланы бала¬бақшамен қамту бастамасын кезең-кезеңімен жандандыруға тиіспіз. Балаларды ерте дамыту институтын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алғашқы тәжірибені бастап та кеттік. «Алтын ұя» бөбекжай балабақшасы цифрлық білім беру ісіне көшті. Биыл – тірек білім беру ұйымдары арқылы тәжірибені ұштап, әр ауданнан ІТ балабақша желісін ашатын боламыз, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.
Облыстық білім басқармасының басшысы жеткізгеніндей, биылғы оқу жылындағы басты әрі қуанышты жаңалық – мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылар «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитынын жеткізді. Жаңа оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алады. Оның ішінде, 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады. Дәстүрлі форматта оқуды бастайтын мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін барлық білім беру ұйымдары «ASHYQ» қосымшасына қосылды. Ұстаздардың 97 пайызы вакцинацияланды. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарлануда екен.
Басқарма басшысы алдағы 5 жылда «Nur Otan» партиясының жол картасы аясында 28 мектептің құрылысы басталып, биыл 6 жаңа мектептің пайдалануға берілетінін айтты. Оның ішінде, Жаңақорған кентіндегі екі мектепті де қосу керек-ақ.
Кейінгі жылдары «Алтын белгі» алған талапкерлер «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» көбейіп кетті. Осыған байланысты «Алтын белгіге» үміткер үшін талап күшейеді.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова салтанатты шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше еңбек сіңірген үздіктерді марапаттады. Оның ішінде, Қожамберді ауылындағы №162 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Мереке Әбдімәжитқызы облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
ZOOM платформасындағы жиыннан соң аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Тарихы терең дәстүр сабақтастығы білім мен тәрбие арқылы беріледі. Ұлттық құндылыққа қанып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады. Бұл тұрғыда білім саласы қызметкерлеріне артылатын жүк ауыр. Білімді ұрпақ – ел ертеңі. Озық елдердің тәжірибесі көрсетіп тұрғындай, адами капиталдың көрсеткіші – білімде, оны жүзеге асыратын білім беретін мекемелер. Ұстаздар қауымына осы жолдағы қызметке табыс тілеймін! – деді.
Одан кейін білім беру саласында өзіндік ізімен ерекшеленіп жүрген ұстаздарды марапат биігіне шығарды. Атап айтқанда, №195 мектептің директоры Жанат Жүсіпова «Ы.Алтынсарин» медалінің иесі атанды.
№54 Ж.Қыдыров атындағы орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Баян Бекенова, №3 мектеп-интернатының биология пәнінің мұғалімі Сәуле Орынханова, №163 мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Меруерт Әбусейтова, №164 мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гүлжаухар Исаева және №239 мектебінің химия пәнінің мұғалімі Роза Жаппарованың ұзақ жылдық еңбегі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ №245 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Жүнісова, №209 мектебінің математика пәнінің мұғалімі Бейбіткүл Садықова, №229 мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмагүл Сыздықова, №213 мектебінің математика пәнінің мұғалімі Нұргүл Мейірмановаға Білім және ғылым министрінің «Алғыс хаты» табысталды.
ХХІ ғасырда білім беру саласының негізгі міндеті – ой-өрісі дамыған, жан-жақты, шығармашылық деңгейде қызмет ете алатын, дүние-танымы биік, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Тамыз кеңесінде осы бағыттағы түйдек-түйдек ойлар айтылып, адами капиталдың сапасын арттыруда ұстаздардың уақыт ағымына тез бейімделіп, үнемі біліктілігі мен білімін арттырып отыру маңызды екенін ұғына түстік.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
29 тамыз 2021 ж. 494 0