№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құран оқу жарысы өтті

Құран оқу жарысы өтті

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас». Абай атамыздың бұл өлеңі әлі де өз өміршеңдігін көрсетуде. Асыл дініміз Исламның қайталанбас құндылығы, екі дүние бақытына жеткізетін Алланың кәләмі Құран екені баршаға аян. Қаншама ғасыр өтсе де бірде-бір әрпі өзгермеген Құран адамзаттың игілігі үшін қызмет етіп келеді.
Осы тұста, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Жаңақорған аудандық мешітінің қолдауымен, «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғам­дық қорының ұйымдастыруымен қарилар арасында Құранның 30-шы парасы мен Азан шақырудан аудандық жарыс өтті. Ерікті жастардың ізгі бастамасымен бастау алған имандылық жарысы дәстүрлі түрде жылда өткізіліп келеді. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі мен Жаңақорған ауданы имамдары қазылар алқасының құрамынан табылды. Ақылдаса келе, Тәуелсіздіктің 30 жыл толуына орайластырылған аудандық  Құран жарыс өткен сенбіге сәйкес келді. Кенттегі «Қум сахаба» мешіті мен «Хисамиддин Сығанақи» мешітіне ауыл-аймақтан  жарысқа 60-тан астам шәкірт қатысты. Пандемияға байланысты барлық карантин талаптарын сақтай отырып, Құран мен Азан жарысы екі мешітте бөліп өткізілді.  Оның ішінде, Құранды мәнерлеп оқу сайысына 23, ал  қасиетті Құранның соңғы 30-шы парасын жатқа оқуға 10, Азан сайысына 26 шәкірт қатысты.
Қатысушыларға сәттілік тілеген ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтүлы рухани шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті. Ал қазылар алқасының төрағасы облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің наиб имамы Шыңғыс қари Садуов және облыстық «Ақмешіт-Сырдария» меші­тінің наиб имамы Мағжан Өмірбеков және Шалқия кентінің имамы Дәуітбек Әлімбеков болды. Қазылар баға беру барысында үміткердің барлық қырына: оқу мәнерінен бастап, дыбыстарды шығаруы мен тәжуид ережелерін сақтауына баса мән берді.
Түс ауа аяқталған сайыстың қоры­тындысын білуге барлық қатысушы асыққаны анық. Өйткені, бас жүлде иегері қасиетті Мекке қаласына кіші қажылық сапарға тегін жолдамаға ие болады. Қазылар алқасының шешімін тағатсыздана күткен үміткерлер ішінен үздігінің атын атауға һәм марапаттауға Шыңғыс қари, Мағжан қари, ауданның бас имамы Әбдіхалық қажы Махмұтұлы, «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының төрағасы Еркінбек Айнақожаев, «Қум сахаба» мешітінің имамы Ержан Сейтжаппаров, «Хиса­миддин Сығанақи» мешітінің имамы Жеңіс Ашимов  ортаға шықты. Қазылар алқасының шешімімен Құранның 30-шы парасын жатқа айту жарысының бас жүлдесі яғни, умра қажылыққа жолдама Сүттіқұдық ауылынан келген шәкірт Жаңабай Жапековке бұйырды. Қасиетті мекенге жолдаманың сертификатына демеушілік жасаған «Заңғар» сауда үйінің басшылары Ерлан, Нұржан Палмановтар табыстады.
Ендігі кезекте, жалпы аудандық жарыстың қорытындысын таныстырсақ. Құранның соңғы 30-шы парасын жатқа оқудан 1-орын Ернар Алғабас (120 000тг), 2-орын Сунатулла Исмаилов (100 000тг), 3-орын Ерасыл Ақжігіт (70 000тг), ал Құранды мәнерлеп оқудан 1-орын Данат Әбен (100 000тг), 2-орын Ержан Зәйдин (70 000тг), 3-орын Мұхамеджан Сұлтан (50 000тг), Азан шақыру сайысында 1-орын Қожахмет Талғатұлы (70 000тг), 2-орын Болат Нұрсұлтан (50 000тг), 3-орын Айжігіт Әділбек (30 000тг) алды. Айта кету керек, дәстүрлі түрде аудандық деңгейде ұйымдастырылған Құран жарысына жаңақорғандық жомарт жандар мен мешіт жамағаты қаржылай демеушілік жасады. Сондай-ақ ауылдардан ең көп шәкірт жарысқа қатыстырған Бесарық, Сүттіқұдық ауылының имамдарына Қоғамдық қор тарапынан арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.
Рухани шара соңында ерікті жастар аудандық мешіт ауласында имамдар мен шәкірттер арасында Ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізді. Карантин талаптарын сақтай отырып өткен жарыста қатысушылар спорттың гір тасын көтеру, қол күрес, асық ату, садақ ату, арқан тартыс, қаппен ұру түрлерінен кім мықтыны анықтады. Танымал жаттықтырушы Шыңғыс Азнабаев үйлестірген спорт шара жүлдегерлеріне Диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Иә, қорыта айтқанда, имандылық – ұрпақ тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы. Бүгінгідей жаһандану заманында қоғамдағы кейбір жеткіншектердің әдепсіз әдеттері, мұсылманға жат қылыққа бой алдыруы, ата-анасын тыңдамауы, ертелі-кеш телефонға телміруі, сөз жоқ осы имандылық дәнінің бойға дұрыс дарымағанынан. Атам заманнан қазақ үшін бала қымбат болса, оның тәрбиесі одан да қымбат. Бұл тұрғыда «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының ұйытқы болуымен өткен рухани шараның өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі мол деп білеміз.
Әбдісамат ӘБДІШ
07 сәуір 2021 ж. 748 0