Бақыттың бағамы қандай?
Кеше бір оқырманым ашына хабарласты. «Үйде ылғи ақша үшін ұрыс...» дейді. Мұндай ұрыс кез келген жас отбасын айналып өтпесе керек. Иә, ақша өмір сүру деңгейін жақсартады. Бірақ бұл сіз ойлағандай бақытты етіп жібермейді, – дедім. Десе де, осы телефон қоңырауы санамда біраз жаңғырып, ойымды басқа арнаға бұрғандай болды.
Көңіл мен пейіл. Бұрындары жақсы білетін отбасы ортаңқол тұратын. Бірақ пейілдері сондай таза, қолдары ашық еді. Сұрай келген жанға соңғысын болса да береді деп пейіліне риза болушы еді жұрт. Сонысына қарай да құдай берді ма деймін, шаруалары бірізге түсіп, жағдайлары жақсарып кетті. Әрине жұрт болып қуандық. Десе де есіктері жиірек ішінен құлыптанып, үйіне адам сирек келетін болды. Бұрынғы пейілдері мен көңілдері көкке ұшқандай ма қалай?
Ал екінші мысал білетін Жәния қарапайым отбасынан шығып, дәулетті жерге келін болып түсті. Жас келін бірден сіңісіп кетті. Істеген тірлігі, жасаған жарасымды жиыны көптің көңілінен шығатын. Көңілінің кіршіксіздігі мен жан тазалығы оның мерейін үстем еткендей. Үйіне имене кірген кез-келген жанға иіліп сәлем салып, құшақ жая қарсы алатын. Сонда да үй ішіндегілерге жақпады. Өздерімен терезесі тең кісілермен құдаласуды тең көрген ақыры сыйдырмады. Кейін түскен келіннің мінезі шайпау болып шықты. Десе де дәулетті жердің қызы. Ата-енесінен «Алдыңғы келін тәуір еді» дегенді жиі еститін болдық.
Бала кезімде кейбір бай отбасылардан гөрі қарапайым тұратын ағамның үйінде өте жайлы сезінетінмін. Дастарханның үстінде түрлі тамақ болмаса да ол үйдегі қарапайымдылық, жылулық, сыйластық кірген жанға ерекше жылулық сыйлайтын.
Иә, әр үйде мәселе бар. Ол бүгін болмаса да ертең, әйтеуір бір күні шешіледі. Өтеді де кетеді. Не сабыр керек, не әрекет керек. Өмір ағымы тек осы екеуімен ілгері басады емес пе? Проблеманы ойлай беру алтын уақытымыз бен күш-қуатты жұтады. “Мені түсінбейді” - демей түсінетіндей дәрежеге жетіңіз. Не сізді біреу түсінбесе қол сілтей салатындай бейқам боп үйренуіміз керек. «Мені адам құрлы көрмейді» дегеннен гөрі сізбен санасатындай деңгейге дейін өсіңіз. Әрекет еткіңіз келмесе жағдайды қабылдаңыз.
Ақша жетпесе - еңбек етіңіз, өзіңізді аямаңыз. Қалауыңызға ақша жететіндей санатқа көтерілгенге дейін демалмаңыз. Шығындарыңызды реттеңіз. Мақсатыңызға жеткенге дейін үнемдеңіз. Қинала тұрыңыз, кейін жемісін береді. Әйтпесе барға қанағат деп сол орныңызда отыра беріңіз. Әрине бұл менің оқығаннан түйген ойларым ғана. Ал амалымыз бен ниетімізге сәйкес жолымызда Жаратқанның өзі бас-көз болады. Басқа қолдаудың қажеті жоқ.
Жүрек кілтін ашатын білім ғана керек. Көңілімді тазартамын, бақытты боламын деген ниет болса оқып, өзгеретін ол сіздің өзіңіз! Ал ақша бұл бақыттың кілті емес…
Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА