№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САУСАҚ ІЗІНІҢ САН ТҮРЛІ ҚЫЗМЕТІ

САУСАҚ ІЗІНІҢ САН ТҮРЛІ ҚЫЗМЕТІ


ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАН АЙЫНДА ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ЖАЛПЫ ОТЫРЫСЫНДА ЖОҒАРҒЫ ПАЛАТА ДЕПУТАТТАРЫ «ДАКТИЛОСКОПИЯ­ЛЫҚ ЖӘНЕ ГЕНОМДЫҚ ТІРКЕУ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫН ҚАБЫЛДАДЫ. БҰЛ ЖЫЛДЫҢ СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРІ ЕД
І. ДЕСЕ ДЕ, КӨПШІЛІК БҰЛ ТУРАЛЫ ЕСТІП, БІЛГЕНІМЕН, «ДАКТИЛОСКОПИЯ» АТАЛАТЫН ТЕРМИННІҢ НЕ МАҒЫНА БЕРЕТІНІН ЖӘНЕ ЗАҢНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ­ТАРҒА ҚАНДАЙ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙТІНІНЕН ӘЛІ ДЕ БЕЙХАБАР. ОСЫҒАН ОРАЙ, ОҚЫРМАНДАРҒА АТАЛҒАН ҰҒЫМ ТУРАЛЫ ТҮСІНІК БЕРГЕНДІ ЖӨН КӨРДІК.
«Дактилоскопия» деген не?
Жалпы, дактилоскопия – адамды саусақ табына қарап тану әдісі, яғни, алақан мен саусақтағы терінің ерекшелігіне байланысты әр адам туралы ақпаратқа қол жеткізудің жолы. Бұл әдісті әр адамның саусағының ізі өзіне ғана тән және ешкімде бірдей із болмайтынын аңғарған ағылшын ғалымы Вильям Гершель анықтаған. Ол өз зерттеулері барысында тері қабатының табын өзгерту мүмкін емес әрі терінің өрнектерін өшіруге болмайтынына көз жеткізген. Осылайша, бұл жаңалығын 1877 жылы пайдалануға енгізген. Сол уақыттан бері саусақ белгісіне қарап сәйкестендіру – ең көп таралған биометриялық технологияға айналды. Бұл әдіс бүгінде криминалистика яки қылмысты ашу саласында кеңінен пайдаланылады. Егер криминалдық фильмдерді көрген болсаңыз, қылмыс жасалған жерде қалған саусақ табы арқылы қылмыскерді анықтауға болатынын білетін боларсыз.
Заңның мақсаты не?
Заң 2021 жылдан бастап күшіне енуі керек. Оған дейін дайындық жүргізіледі. Ішкі істер органдары мен басқа да мемлекеттік құрылымдар өзара байланыс орнатып, тиісті мамандар дайындауы қажет. Яғни, кезең-кезеңімен енгізіледі. Осылайша, 2025 жылға дейін министрлік мамандары барлық қазақстандықтардың саусақ таңбасын алуды көздеп отыр. Дегенмен, саусақ белгілері жоқ ескі құжаттарды мерзімі өткенге дейін пайдалануға болады.
Бұл шара жеке куәлік алу үшін құжат тапсырған кезде жүргізілмек. Онда электронды түрде саусақ ізі алынады да, республикалық орталыққа жіберіледі. Оны мамандар куәлікке тіркейді. Саусақ ізі кез келген Халыққа қызмет көрсету орталықтарында сканерлер арқылы алынады.
Осы ретте, «Бұл шаралардың барлығы не үшін қажет?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің өкілдері аталған процедура, біріншіден, азамат туралы ақпарат алуға үлкен көмек болатынын айтады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», апатқа ұшырап, бет-келбеті бойынша тұлғасын тану мүмкін болмаған жағдайда азаматтың саусақ табы арқылы кім екенін анықтауға мүмкіндік тумақ. Екіншіден, бұл жалған құжаттардан қорғануға жол ашады. Яғни, арам пиғылдылар жалған төлқұжат жасап, өзгенің атымен ел ішінде жүре алмайды. Өйткені, оны өзінің саусақ ізі анықтап береді. Үшіншіден, аталмыш шара ұзақ жылдар бойы іздеуде жүрген қылмыскерлерді құрықтауға, есінен айырылып, жоғалғандардың да аты-жөнін анықтауға үлкен көмек болмақ.
Бұл шаралар кімдерге міндеттеледі?
Дактилоскопиядан 16 жасқа толып, төлқұжатын алатын барлық қазақстандықтар өтуі қажет. 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер өз қалауына байланысты немесе ата-анасының рұқсатымен өте алады. Ал, 12 жастан кіші балалар бұндай тіркеумен қамтылмайды. Бұдан бөлек, Қазақстанда тұрақты түрде өмір сүретін шетел азаматтары, еңбек мигранттары мен босқындар Қазақстанда тұру үшін немесе азаматтығын ресімдеу кезінде осы процедурадан өтуі керек.
Ал, бұл шарадан бас тартқандар бастапқыда 5 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Ал, екінші рет қарсылық білдіргендерге мүлдем куәлік берілмейді.
Жобаның артықшылықтары да бар
Әуелі, құжатында саусақ табы бар азаматтар шекара асып, Қазақстан аумағынан шығарда және кері кірерде төлқұжат тексерісінен өтпейтін болады. ІІМ мамандарының таратқан мәліметке сүйенсек, Кеден бекеттеріне арнайы саусақ табын «оқитын» құралдар орнатылады да, әр адам өзінің саусағын басып, емін-еркін өте алады. Яғни, әркім өзінің саусақ табын жеке куәлігінің орнына пайдалана алады. Сондай-ақ, саусақ ізін тіркеуден өткізген азаматтар төлқұжатты жоғалтқан жағдайда, оны тез арада қалпына келтіруге жол ашылады.
Сонымен қатар, саусақ ізінің виза алған кезде де пайдасы тимек. ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясының мәлімдеуінше, дактилоскопиялық тіркеуден өткен Қазақстан азаматтары шетел визасын жеңілдетілген тәртіпте алатын болады.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Мұндай заң жобалары әлемдік тәжірибеде бар көрінеді. Мәселен, АҚШ саусақ ізін тапсыруды 2004 жылдан бастап кетті. Ал, Еуроодақ 2007 жылы қолға алыпты. Бауырлас Түркия мемлекеті 2009 жылдан бастап іске қосқан. Бұдан бөлек, Қытайда да осындай заң бар екен. Ал, ТМД елдерінің ішінде Ресей бірінші болып қабылдаған. Сондай-ақ, осыған ұқсас заң Беларусь, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстанда қолданыста.
Дереккөз: «Ақ жол» газеті сайтынан
09 сәуір 2018 ж. 2 114 0