№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Біздің басшылар кітап оқи ма?

Біздің басшылар кітап оқи ма?

Zhanaqorgan-tynysy.kz «Ахуалың қалай, ауыл кітапханасы?» атты тақырыпта ізденген кезімде кітапханашылардың арасында әкімін мадақтап, тұрақты оқырманы екенін жеткізген еді. Сондықтан тақырыпты жалғастыруды жөн санадым.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА

Айта кететіні, бір жыл бұрын қалам-гер Баян Үсейінова «Жаңақорғандық шенеуніктер кітап оқи ма?» деген тақырыпта тағылымды мақала жазған-ды. Онда автор қай басшы қай кітапханаға баратынын, қандай кітаптар оқитыны жайлы баяндап, таным көкжиегі кең азаматтарды тізбектеді. Әсіресе сала басшыларына басымдық беріп, аудандық кітапханаға баратын басшылар жайлы ой қозғады. Осы себепті ауылдық округтердегі мемлекеттік қызметшілер мен мектеп директорлары кітаппен қаншалықты дос екені жөнінде тоқталсақ.
Америкалық жазушысы Рэй Брэдбери: «Кітаптарды өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол – оларды оқымау» депті. Расында қазір кітап оқитындардың қатары азайып кетті. Бұған сенатор Нұртөре Жүсіптің «Қазір жұрт кітап оқудан қалып бара жатыр. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады? Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек?» деген сөзі дәлел болады. Алайда ауылдағы кітапханашылармен хабарласып, әлі де кітап оқитын басшылар барына көзіміз жете түсті.

Кейден ауылының кітапхана-шысымен хабарласқанымда ауыл әкімі Бақтияр Тоқтыбаев кітапхананың тұрақты оқырманы екенін мақтанышпен жеткізді. Кітап оқитын басшыларға Байкенже аулының әкімі Нұрғали Оспановты, Көктөбе ауылының әкімі Боран Әбуовты жатқызуға болады. Көктөбенің әкімі тарихи кітаптарға қызығады екен.
– Кейінгі кезде Мырзатай Жолдасбековтың кітаптарын оқып жүрмін. Ұлтының сөзін ұстанған, мемлекетшіл тұлғаның «Ел тағдыры – ер тағдыры», «Күндерімнің куәсі» атты күнделігін оқып шықтым. Қаламгердің өмір өткелдерін, көлеңкесіз көңілін, қуанышы мен мұңын, тәуелсіздігін алған мемлекеттің қалыптасу, өсу кезеңдерін білуге болады. Өзім ерекше әсер алдым, – деді Боран Әбуов.

Шынында да, күнделік жазбасаң, соққан жел, көшкен бұлт секілді өміріңде із қалмайды деп сөз сабақтаған, ел іргесінің қалануы жолында тер төккен қаламгердің «Бүгін сен түзелсең, ертең ел түзеледі» деген жанашырлық ойдан туған асыл сөзі де кез-келген ел басқарып отырған басшы ұстын қылар кемел сөз. Әрбір басшы оқитын қастерлі кітап. 

Қандөз ауылының кітапханашысы Жанат Биғазиева кітапханашы қызметінде 30 жылдан аса өтілі бар. Өз мамандығын қатты құрметтейтін ол кітап оқимын деген оқырмандарының үйіне қалаған кітабын өзі апарып беретінін білдік. Дегенмен рухани орда саналатын кітапханаға басшылардың көп келе бермейтінін жасырмады.
Ағылшын ғалымы Майкл Фарадейдің «Тірлігім көбейген сайын, көбірек оқимын» депті. Осыған мәндес ойды Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Жомарт Дүйсенбиев айтты.

– Кітап оқу дағдыма айналды. Соңғы оқыған екі кітабым – «Сүлейлердің соңғы тұяғы», «Текті тұлға қазағым». Одан бөлек, Мұқан Әбдіраманұлының «Аққан жұлдыз» кітабынан мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың күрескерлік жолын танып-білуге болады, – деді Жомарт Тілесханұлы.
«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» дейді Абай. Кітаптың құндылығына байланысты бұдан артық қандай сөз керек? Ал басшы кітап оқыса, қосшы да кітап оқиды. Басшы мен қосшы қолына кітап алса, жастар да кітап оқуға дағдыланады. Міне, басшылардың кітап оқуына мән беріп отырғанымыздың себебі осы. Бірақ роботтанған басшылар арамызда жүр. Олар Абайдың кім екенін білгенімен, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінің мән-мағынасын білмейді, білгісі де келмейді. Рухани жарымжан басшылар елдің дамуына қалай үлес қоспақ? Ол жағы түсініксіз. Бұл жөнінде әлі арнайы тоқталамыз. Әзірге кітап оқитын басшыларды сөз етуді жалғастырсақ...

Қыркеңсе ауылының кітапханашысы ауыл әкімінің кітапханаға саяси кітаптар алуға жиі келетінін айтты. Ауыл әкімі Тәттімбет Әбдірайымов соңғы рет «Құт қонған Қыркеңсе» кітабын оқып шығыпты. Жердің тарихы, кешегісі мен бүгінгісі сараланған кітаптың берері мол. Сонау замандарда жапан далаға елдің алғаш қоныс тебуімен, бүгінгідей құт дарыған мекенге айналу жолындағы төгілген тер мен еткен еңбектің нәтижесін кітап арқылы бейнеленген.

Шалқия кентінің әкімі Әбдімәулен Сабырханов, Қожамберді ауылының әкімі Молдахмет Нәлібаев, Жайылма ауылының әкімі Талғат Зейдалиев те кітап оқитын әкімдердің қатарында екен. Жайылмалық кітапханашы ауыл басшысының шахмат өнері жайында ізденіп жүргенін тілге тиек етті. Ой спортына мән берген ауыл әкімімен хабарласудың да сәті түсті. Бірнеше рет аудандық біріншіліктерде жүлдегер атанып, облыстық турнирде аудан намысын қорғап, жүлдесіз қайтпапты. Енді Талғат Бимағанбетұлы балаларына шахматты үйретуде кітаптағы әдіс-тәсілдерге сүйенуді жөн санапты. Ол мемлекеттік басқару, заң, кодекс жайлы кітаптар оқып, білімін жетілдіріп жүргенін айтты.

Сондай-ақ басшылардан мекеме басшыларынан орталық мұражай директоры Нәбихан Шалапов, №195 мектеп директоры Жанат Жүсіпова, №255 мектепті басқаратын Ғазиза Бегентаева, №169 мектептің тізгінін ұстаған Аллаберген Ахметов, №3 мектеп-интернаттың басшысы Ләззат Нәлібаева, №110 мектеп-лицейдің директоры Әділмырза Таждинов және т.б. жиі кітап оқитын басшының бірі.

Иә, аудан көлеміндегі біршама кітапханалармен байланысып, қажетті ақпараттарға қанық болғанымызбен, кейбір ауыл кітапханашылары «Ауыл әкімі, мектеп директоры тағы басқа мемлекеттік қызметкерлер кітап алып оқи ма?» деген сауалға тосылып, не деп жауап берерін білмей қалғаны жасырын емес.
Әрине, қазір кітапты кітапханадан ғана алып оқу міндет емес. Интернет арқылы қалаған кітіпты оқуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ кітап сататын дүкендерден сатып алып, жеке кітапхана қорын көбейтетіндер де бар.
Орыс педагогы Василий Сухомлинский «Кітап оқымай, ой қызметін нәтижесіз өткізген күн –
бекерге өмір сүрген күн» депті. Ағартушысы айтқандай, рухани кемелденуді жолға қоймай, бекер күн өткізіп жүргендер арамызда көп. Мақала жазу барысында басшылардың да, қосшылардың да арасында көп екеніне көзім жетті. Жоғарыда жазғандай, олар жайлы да алдағы уақытта бөлек мақала жазатын боламыз.
29 қараша 2020 ж. 613 0