№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ақбөкен ауған қыс

Ақбөкен ауған қыс

Zhanaqorgan-tynysy.kz  Қыста Сырға ауып, көктем шыға Қаратау, одан ары Бетбақдалаға ауатын бөкендер жайлы айтсаңыз, қазіргі жастар сенбеуі мүмкін. Соған өзіміз де куә болғанымыз шындық.

Мақпал МАРҚАБАЙ

1993 жылы қыс қалың болып, ақбөкендер ауылға лап қойғаны жадымда сақталып қалыпты. Ол кезде мен ойын баласы едім. Таң атпай шуылдасқан елдің үніне құлақ түріп, көшеге бет алдық. Ақ қарды аспанға шашып, төрт-бес қадамға бір-ақ секіріп, жанталасан жануарлар жол демей, қоршау демей ырғып бара жатты. Қарға малтыған аңға аяушылық білдірмей, атып-ұрып «қуырдақтың көкесін» жасап тойлатқандардың қарасы көп болды.
Көшке ілескен ірі арқарлар құтылғаныменен, әлсіздері соғым болып жатты. Біздің шарбаққа қарғимын деп, аяғы сымға орала құлаған бөкенді көзім шалды. Олжа тапқандай қуанып, үйдегілерге айттым. Әкем өте еңбекқор жан еді. Құралайды сымнан ажыратып, бытыра тиген жанбасын оқтан тазалады. Қаны сорғалаған жараның аузын шүберекпен таңып, қораға бос қоя берді. Әрі бізге: «Біреу-міреуге бөкен жайлы айтушы болмаңдар!» – деп ескертті.
Бөкеннің етіне әбден үйірсектеп қалған адамдар әкемнен жай сұрады. Бірақ әкем сыр алдырмады. Біз ұрланып барып, әлгі ақбөкенді сығалаймыз. Аяқтары ұзын, көзі ботадай, сүп-сүйкімді мақұлықты ұзақ тамашалаушы едік. Шөгенмен су тасып, астау толтырып шөп салатынбыз. Арада бірнеше күн өткенде бөкеннің өңі кіріп, ойнақшып қоя берді. Қораның қабырғасын қайта-қайта сүзгелектеп, тасыр-тұсыр көбейді. «Әй, мынау қораны қопара ма, қайтеді?» – деп қояды ақбөкеннің жазылғанын медет тұтқан әкем.
Арада бірнеше күн өткенде таңертеңгісі ерте әкем тысқа шықты. Сөйтсек, Сырға беттеген бөкендердің үйірінің ізіне түсіпті. Ондағысы үйірден ажырап қалған бөкенді қосу.
Кешкі ас үстінде: «Ақбөкендер дариядан өтпепті. Бергі беттегі қалың қамысты өріс етіпті. Бөкенді сонда қостым», – деп масаттана сөйледі.
Біз әкемізге іштей ренжідік. Алайда осы күні ойласам, бұл ерлікпен пара-пар іс екен-ау.
29 қараша 2020 ж. 614 0